Қоғам

Тұңғыш Президент бүкіл өмірін Қазақстанның тәуелсіздігіне арнағанын айтты

Тұңғыш Президент бүкіл өмірін Қазақстанның тәуелсіздігіне арнағанын айтты

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Qazaqstan" ұлттық арнасындағы "Түркістан: Көне мен келешек көпірі" деректі фильмінде бүкіл өмірін Қазақстанның тәуелсіздігіне арнағанын айтып өтті. "Біздің қазіргі заманда ғалымдар, сарапшылар "барлығын білеміз, бәрін де игереміз" деп ойлайды. Бірақ ешкім осындай вирус келеді деп ойлаған жоқ. Бір жерден шықты – ол енді табиғаттың құбылысы. Әлі де ондайлар болуы мүмкін. Сондықтан адам бәрін игерді, барлығын білді деп айтуға болмайды. Жастарға сөзімді ылғи айтып келем. Қазіргі айтарым, мен бүкіл өмірімді Қазақстанның тәуелсіздігіне сарп етіп келе жатырмын. Кеңес өкіметі кезінде 5 жыл Қазақстанның үкіметін басқардым. 30 жыл Президент болдым. 35 жыл бойы тынбай, күндіз-түні осы жұмысты істеп келе жатырмыз. Еліміздің, қазақтың, ата-бабамыздың арманы – тәуелсіздік. Қолымызға келді. Ол болмаса түк болмайды. Ол болмаса тағы да бодан боламыз. Ол болмаса біздің тіліміз, дініміз болмайды. Ол болмаса біздің басқалар басқарады", деді Тұңғыш Президент. Нұрсұлтан Назарбаев бұл сөзі насихат емес, шынымен жадынан, жанынан айтып отырғанын тілге тиек етті. "Жалпы қанша айтсақ та қазақ деген басқалармен салыстырғанда ат төбеліндей халықпыз. Екі жағымызда екі алып мемлекет тұр. Бір жарым миллиардтық Қытай мына жағымызда, Ресей мына жағымызда. Олардың саясаты болашақта қалай болады? Мен енді қолымнан келгенше шекараны шегендеп, барлық төңірекпен достық қарым-қатынас жасадым. Қазақстанның жауы жоқ қазір. Ал заман өзгереді, ел мен жұрт өзгереді. Не болады? Сол тәуелсіздігімізді көре алмай, қазірдің өзінде көз тігіп отырғандар бар. Себебі біз экономика, реформа жағынан түп-төңірегімізден озып кеттік. Әрине, оның бәріне қызғанышпен қарайды. Сондықтан Тәуелсіздігімізді сақтап қалуымыз керек", деді Елбасы. egemen.kz