Қоғам

Тапсырыс берген тамағыңыз талапқа сай ма?

Тапсырыс берген тамағыңыз талапқа сай ма?

Бұрындары тамаққа тапсырыс беру тараздықтардың тарапынан үлкен сұранысқа ие емес қызметтің қатарынан болатын. Карантин кезеңінде қызметтің осы түрі алғаш рет кең ауқымда жұмыс істеуге кірісті. Көне шаһардағы қоғамдық тамақтану орындары тіскебасар тәттілер мен жүрек жалғар жылы жұмсаққа дейін тапсырыспен жеткізе бастады. Алайда бүгінгі таңда белсенді түрде белең алған бұл қызметтің сапасы қандай? Санитарлық талаптар сақталып жатыр ма? Оған көпшіліктің көңілі тола ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

«Ас – адамның арқауы», «Ас тұрған жерде дерт тұрмайды» деп, ежелден табиғи өнімді тұтынып, Жер-Ананың несібесін игілігіне жаратып келген дана халқымыз бұл күнде пайдасынан зияны басым фаст-фуд өнімдеріне де әбден бой үйретіп алды. Оның адам ағзасына жағымсыз тұстары турасында талай мәрте айтылып келе жатса да, сұраныс азайған жоқ. Керісінше күн санап фаст-фуд өнімдерін даярлайтын орындар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді. Бұл да сұраныстың артқандығының нақты дәлелі. Әрине шағын кәсіпкерлік нүктелерінің көбейгеніне еш қарсылық жоқ. Тек ұлт саулығына, ұрпақ болашағына кері әсерін тигізбесе болды. Бойға қуат болмайтын бұл өнімдердің қатарында тұздалған тауық еті, ойға кіріп шықпайтын ондаған қоспасымен жеткізілетін суши тағамы тағы бар. Теңіз өнімдерін таңсық көрген жастар да осы тағамдарды күнделікті талғажау етіп жүр. Соның салдарынан қазіргі таңда жастар арасында коронавирустан басқа да асқазан жарасы, жүрек, қан қысымы секілді созылмалы аурулардың белең алғанын да мамандар мың сан рет айтып келеді. Логикалық тұрғыда қарасақ сол екі донердің құнына бір келі ет алуға да болар еді. Алайда көпшіліктің көзқарасы басқаша сыңайлы. Қош, сонымен қазіргі жағдайда таласып-тармасып тапсырыс жеткізумен айналысып жүргендердің жайына оралсақ. Рас ел басына күн туғанда ақ халатты абзал жандарға тегін тамақ үлестірген қоғамдық тамақтану орындарының игілігін де ұмытуға болмас. Сондықтан көпке топырақ шашудан аулақпыз. Тек тұтынушы тұрғындардың пікірін жеткізбекпіз. – Карантин басталысымен бала-шағаны ауылға ата-әжесіне жібердік. Төрт баламыз ауылда, жолдасымның да жұмысы тоқтап қалды. Жолдасым екеуіміз екі айдай бұрын үйімізге жөндеу жұмыстарын бастадық. Қазір толық аяқтауға жақын қалдық. Жер үй болса мейлі, көпқабатты үйде жөндеу жүріп жатқаннан кейін тамақ істей алмайсың. Бірер күн көршілердің үйінен ас пісіріп жүрдік. Кейде олар да үйлерінде болмай қалады. Сол бір ай уақытта Тараздағы талай жерден тапсырыс бердік. Түске қарай ыстық тамақ, кешкісін донер, хот-дог алдырып тамақтанып жүрдік. Алдында үйімізге жақын жерлерден алдыратын болдық. Дегенмен барлық жердің асханасы бірдей емес. Оның үстіне кейбіреулері тапсырысыңды бір сағаттан аса уақытта жеткізеді. Салдарынан бірінің наны қатып, енді бірінің сорпасы суып қалады. Ал хабарласып шағым айтсақ, «Тапсырыс көп, үлгере алмай жатырмыз, күтіңіз» дейді. Таңертең хабарласып айтып қойсаң да кейбіреулері осылай айтады. Олар сонда өздерінің мүмкіндігіне қарай тапсырысты мөлшерімен ала ма? Үсті-үстіне тапсырысты үйіп алып, үлгере алмаса оған тұтынушының қандай кінәсі бар? Көпшілігі сапаға емес, пайдаға құнығып жұмыс істейтіндей көрінді. Әлеуметтік желідегі жарнамасы жер жарып тұрған фаст-фуд өнімдерінің көбін өз көзіңмен көріп, таңдап алмасаң қиын. Жұмыс істегеннен кейін жауапкершілік болуы керек емес пе, – дейді Тараз қаласы 10-ықшамауданның тұрғыны Фариза Кенжеқызы. Қала тұрғыны Динара Бекмұратова да тамаққа тапсырыс беру қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді. Қала тұрғыны сағаттап кешігіп жететін тапсырыстың жарты бағасы ғана төленуі қажет немесе жеткізу құнын тамақтың бағасынан алып тастауы керек деп есептейді. Оның айтуынша, тапсырыс беру қызметінің сапасы, бәсекелес ортаның өз ісіне жауапкершілігі сонда ғана артпақ. Бұл ретте біз арнайы мамандардың да пікірін білдік. – Қазіргідей жағдайда әрбір қоғамдық тамақтану орындары өз мамандарының жұмысқа келуін қадағалауы қажет. Арнайы термометр арқылы персоналдың дене қызуын, денсаулық жағдайын бақылауы тиіс. Ауырып тұрған жұмысшыларды тұтынушылармен байланыстыруға болмайды. Тамақты шығару режиміне рұқсат етілген мекемелер міндетті түрде арнайы бірреттік бетперде, қолғаптармен, антисептикпен жұмыс істеуі қажет. Санитарлық талаптар қызметтің бұл түрі үшін карантин кезінде де, былайғы уақытта да қатаң түрде сақталуы тиіс. Сонымен қатар егер тапсырыс берген орындардың қызмет сапасына, жеткізген тағамына тұрғындардың көңілі толмаса, міндетті түрде чек талап етіп, шағымдана алады. Ондай жағдайда арнайы мониторинг топтары зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шара қолданады, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қоғамдық тамақтану объектілерінде жұқпалы емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Нағима Жаңабаева. Осылайша төлем қағазын талап ету арқылы тапсырыс берген тағамның сапасына өзіңіз сын көзбен қарай аласыз. Әйтпегенде біз тілдескен кейбір тұрғындар әлеуметтік желідегі жер жарып тұрған жарнамалардың астына пікір ретінде қалдырған шағымдарын тапсырыспен айналысатындардың өшіріп тастайтынын да айтып қалды. Сонымен қатар шындығында кешігіп жеткен тапсырыстың бағасына байланысты да тұрғындардың ұсынысы көңілге қонатын сияқты. Сондай талап болғанда ғана қызмет сапасы бір сатыға көтеріліп, жауапкершілік те артар ма еді, кім білсін?!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ