«Тараз-Арена» спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтың аты берілсе…

Ұсыныс

0

Ықылым заманнан бері қазақ – ұлыларын ұлықтай білген халық. «Ұлыларды ұлықтау – өткенді ұмытпау»  екені де белгілі. Сондықтан соңынан  өшпес із қалдырған азаматтарды ардақтап, құрмет көрсету – ардың ісі. Ал қазақ спортының тарихында аты аңызға айналған тұлғаның бірегейі – ол әрине Жақсылық Үшкемпіров.

Кеңес одағы кезінде күллі Орта Азияны дүр сілкіндірген айрықша оқиға болды. Ол 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында жерлесіміз, қаршадай қазақ баласы Жақсылық Үшкемпіровтің жасындай жарқылдап, Олимпиада чемпионы атануы еді. Қазақ даласынан Олимпиада чемпионы шығады деп ол кезде ешкім ойламаса керек. Алайда Жақаң барша болжамды  жоққа шығарып, төрткүл дүниені таңқалдырды.

Бұл жеңіс барша қазақтың жігерін жанып, абыройын асқақтатқаны ақиқат. Әрі Үшкемпіровтің ерлігі күллі қазақ балаларын үлкен спортқа талпындырғаны даусыз.

Одақ тарап,  спортшылар елеусіз қалған тұста да Жақаң өз тектілігін жоғалтқан жоқ. Кейбір спортшылар құсап «рэкет» сынды келеңсіз тірліктерге бармай, ұлт үшін қызмет қылды. Ауылда қалған жастарды жат қылықтан аулақ болуға үндеп, спортқа шақырды.  Бұл Жақаңның екінші үлкен ерлігі болатын.

Содан бері Үшкемпіровтың ел үшін атқарған тірлігі ұшан-теңіз. Жас отбасыларға баспанамен қолдау білдіріп, ауыл балалары үшін спорт кешендерінің есігін айқара ашты. Ел үшін туған ер осылайша барымен бөлісіп, кеңдігін көрсетті. Алайда, амал нешік. Ұлы азамат қазір арамызда жоқ. Жаратқан жақсы адамды жанына алды. Қазақ біртуар азаматынан айырылып қалды. Десе де біз Жақаңның артынан өшпес із қалдыруымыз керек. Кейінгі ұрпақ ұлықтап, үлгі тұтардай құрмет көрсеткеніміз абзал. Ол үшін Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт  кешеніне қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы  Жақсылық Үшкемпіровтің есімін берсек, әруақ алдында орындаған парызымыз болар еді. Бұл адами, һәм рухани жағынан да әділетті болмақ. Сондықтан бұл ұсынысыма елімізге белгілі спортшылар мен Жақаңның замандастары, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімі қолдау білдіреді деп сенемін.

Қазір Жақаң үшін істейтін үлкен жақсылығымыз – осы!

 

Жапар САТЫЛҒАНОВ,

республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты,

Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы,

этногроф, «КИНЭС» рекордтар кітабына енген  натуралист-құсбегі

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.