бейсенбі, 25 сәуір, 2024 21:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Таразда "Домбыра" ескерткіші ашылды

Таразда "Домбыра" ескерткіші ашылды
ашық дереккөзі
Таразда "Домбыра" ескерткіші ашылды

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу кезінде шаһардағы қазіргі ТИГУ студенттер жатақханасының (бұрынғы «Тараз» қонақ үйінің) алдында саябақ ашылған болатын. Бұл – Маңғыстау облысының біздің өңірге тартуы еді. Келбеті келісті, сәулеті сәнді саябақта киіз үй, өнер экспозициялары, декоративті ағаштар мен үйшіктер де өз үйлесімін тапқан-тын. Сол уақыттан бері бұл саябақ тараздықтардың сүйікті орындарының біріне айналды. Бүгін сол саябақта алып домбыра ескерткіші ашылды.

"Домбыра" ескерткішінің ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен аймақтың мәдениет қайраткерлері, өнерпаздар қатысты. Жиында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы халқымызда домбыраның орны бөлек екенін тілге тиек етіп, жан-сырын оның күмбірлі күйімен жеткізсе, әуезін әнге үйлестіру арқылы тебіренгенін сөз етті. Сондай-ақ ол екі жыл бұрын Елбасымыздың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланғанын атап өтіп, бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты болғанын жеткізді.

 width=

– Биыл да бұл күн аталып өтті. Бірақ әлемдік пандемияға байланысты оны ресми атап өте алмадық. Дегенмен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушылары мен студенттерінің қолдауымен жатақхана алдындағы саябақта домбыраға ескертіш ашылып отыр. Мұндағы мақсатымыз – университетте оқып жатқан жастар домбыраның күйімен,  төгілген жыр арқылы өздеріне күш-жігер алып, сапалы білім алуы. Баршамызға халқымызда мықты күйшілердің өткені тарихтан белгілі. Сол секілді біздің өңірден жыр алыбы Жамбыл да шыққан. Бүгінде сондай тума таланттарымыздың өнерін жалғастырып келе жатқан елімізге танымал күйші Әбдімомын Желдібаевтың бір күйінің өзі әлемге таралып, дүниежүзі қазақ деген ұлт пен Қазақстан деген мемлекеттің бар екенін таныды. Сонымен қатар бүгінгі жастарымыз да домбыра өнерін жалғастырып, насихаттау үстінде. Осы орайда, ақын Қадыр Мырза-Әлі ағамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп кеткен. Бұл сөз текке айтылмаса керек-ті. Себебі жер бетінде домбыра секілді аспабы бар ұлттар некен-саяқ. Сондықтан бүгінгі ұрпақ бабаларымыздың алдында басымызды иуіміз қажет, – деген Бердібек Машбекұлы ескерткіштің ашылуына зор үлесін қосқан ТИГУ басшылығына алғысын жеткізді. Сонымен қатар "Домбыра" ескерткішінің жанында ұлт руханиятын ұлықтайтын мағыналы шаралардың көптеп ұйымдастырылатынына сенімін білдірді.

Айта кетейікі, саябақта орын тепкен алып домбыраның биіктігі 7,5 метрді құрайды. Ол ұлттық өнерге бей-жай қарай алмайтын жомарт демеушілердің қолдауымен бой көтерген.

Шынболат Сейдуалиев  width=
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар