Таразда кезектегі тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды

0 42

Тараз қаласында Конституция күні қарсаңында  «Арай-2» тұрғын алабындағы аз қамтылған, толық емес отбасыларға, жетім балаларға және әлеуметтік осал санаттағы басқа да азаматтарға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 90 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысын мердігер «Бином» ЖШС  жүргізген.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пәтер кілттерін табыстау салтанатына арнайы қатысып, қоныс той иелерін қуаныштарымен құттықтады.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар қазақстандықтардың жайлы өмір сүруіне, әркімнің баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгінгі қоныс тойы – соның айғағы. Құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылдың 7 айында 270 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Жаңа баспаналарға бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарындағы отбасылар қол жеткізуде. Баршаңызды қос мереке – Конституция күні және қоныс тойларыңызбен құттықтап, бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін, — деді Бердібек Сапарбаев.

Бұл күні жаңа пәтерге ие болған бақытты жандардың қатарында Жамиля Никошенко да бар. Ол осы күнді 11 жыл бойы күткен. Осы жылдар ішінде оның отбасы жалдамалы пәтерлерді паналап келген. Оның ұзақ күткен қуанышына барлық туыстары жиналыпты.

— Бүгін біз үшін ерекше күн. Бізге екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырылғанына сене алмай тұрмын. Мен үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анамын. Балаларымның үлкені 12 жаста, кіші қызым 6 жаста. Оларға жаңа аудан өте ұнады. Үшеуі де жақын жерде орналасқан №3 мектеп-гимназиясына барады. Бұл мен үшін де ыңғайлы, — дейді Жамиля Никошенко.

Ардақ Қайкиеваның отбасы да қоныс тойын тойлады. Ол жалғызбасты ана ретінде 10 жыл бойы кезекте тұрған.

— Пәтеріміз жайлы, бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Барлық жағдай жасалған. Біз өз күшіміз мұндай баспанаға қол жеткізуіміз екіталай еді. Осындай қолдау үшін мемлекетке алғысымыз шексіз, — дейді А.Қайкиева.

Пәтер кілтін алғандардың бірі Жәнібек Байтұрсынов та өз қуанышымен бөлісті. Оған екі бөлмелі пәтердің кілті табысталған. Балалар үйінің түлегі кезекте тұрғанына бірнеше жыл болған.

— Жолдасым екеуміз кішкентай бала тәрбиелеп отырған жас отбасымыз. Менің балаларым енді жалдамалы пәтерлерде күн кешуге мәжбүр емес. Сол үшін қуаныштымын. Өз баспанан болғаны сенімділік сыйлайды екен, — дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығында баспана кезегінде барлығы 18 887 адам тұр. Ағымдағы жыл басынан бері 15-шағын ауданда 80 пәтерлік 4 үй, ал Арай-2 массивінде 90 пәтерлік бір үй бой көтерді.

Жыл соңына дейін 22 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда

Leave A Reply

Your email address will not be published.