Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап монша салу жоспарлануда

62

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап, ондағы жұмыс барысын барлады.

«Асар» Жамбыл облысының мүгедектермен жұмыс істейтін ұйымдар одағы» Заңды тұлғалар бірлестігіне арналған оңалту орталығының құрылысы өңір басшысының жеке тапсырмасы бойынша басталған болатын. Орталықтың құрылысы қаланың шет жағындағы, артық шу мен қарбаластан алыс Мамыр тоғайындағы жасыл желектің арасында жүргізілуде.

Орталық әзірге екі ғимараттан тұрады. Оның бірі толық күрделі жөндеуден өткен нысан болса, екіншісі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жергілікті құрылыс компаниясы тегін салып берген ғимарат.

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, орталықтағы басқа да жұмыстар тараздық кәсіпкерлердің көмегімен қайтарымсыз негізде орындалуда. Олардың бірқатары құрылыс материалдарын жеткізіп берсе, енді бірі ақшалай қолғабыс етуде.

— «АСАР» заңды тұлғалар бірлестігі жұмысын демеушілер есебінен жүргізеді. Біз бүкіл әлем бойынша байланысудамыз, себебі бұл мүгедектігі бар жерлестеріміз үшін аса маңызды. Орталық негізінен мүгедек балаларды оңалту және бейімдеумен айналысады. Өткен жылы біздің бес бала жалпы білім беретін мектепке барса, тірек-қимыл аппараты бұзылған 17 бала жүре бастады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бизнес-инкубатор ұйымдастыру жоспарлануда. Қоғамдық бірлестіктер оларды бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтарға оқытып, одан әрі жұмысқа орналастыруға ниетті. Біздің басқарма олармен Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыс істеуді жоспарлап отыр, ол үшін бюджеттен ақша қарастырылатын болады, — дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.

«АСАР» ЗТБ басшысы Руслан Төлегенов жаңа оңалту орталығының жоспарларымен бөлісті.

Оның айтуынша, орталық үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: физиотерапия, зоотерапия және бизнес-оқыту. Ондағы мақсат – барлық тиісті үкіметтік емес ұйымдарды біріктіру, олардың күш-жігерін, бюджеттік және демеушілік қаражаттарын артық шығындамау, бір-бірін қайталамау, мүгедектер өмірінің мәселелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету.

Мүгедектер арбасындағы Руслан ерекше адамдардың мәселелерінен барынша хабардар.

— Біз келген адамнын ең алдымен қаншалықты қабілетті екендігін анықтаймыз, содан кейін оны стационарға немесе кәдесыйлар жасау шеберханаларына жұмысқа жібереміз. Сондай-ақ, өз бизнесін ұйымдастыруға және жүргізуге үйретеміз. Жұмысымызды осы бағытта жүйелей түскіміз келеді. Бұл тұрғыда біздің мемлекетке өз ұсынысымыз бар: «Мүгедектерді оңалту» бағыты бойынша жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың қызметкерлеріне әлеуметтік қызметкерлер мәртебесін берсе дейміз. Бізде гранттарға алынған 3D станоктарға дейінгі әртүрлі өндірістік жабдықтар бар. Бұрын оларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін бөлмелер жоқ болатын,-дейді Р. Төлегенов.

Сонымен қатар, оңалту орталығында тұрақты күтімді қажет ететін мүгедектердің туыстарына психологиялық және практикалық көмек көрсету бағдарламасын іске асыру жоспарлануда.

— Мүгедектер бізге келіп-кетіп жүреді, ал ата-аналары мен жақындары олармен үнемі бірге. Қаншалықты жақсы көргенімен, бәрібір физикалық және эмоционалды шаршау  болмай тұрмайды. Біз оларға сәл уақытқа болса да ауыртпалықтан арыла тұруға көмектесеміз. Мысалы, жақында ғана бір әйел бізге қоңырау шалып, күйеуінің мүгедек болып туған баласын мойындағысы келмейтінін жеткізді. Біз отбасындағы тыныштық пен татулықты қалпына келтіру үшін көптеген психологиялық жұмыстар жүргіздік. — дейді Р.Төлегенов.

Бердібек Сапарбаев оңалту орталығындағы жұмыстардың жай-күйімен танысып, барлық үй-жайларды қарап шықты. Назарына ілінген кейбір кемшіліктерді тез арада жоюды бұйырды.

Сондай-ақ, ол орталықтың жоспарларына бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтсақ, облыс әкімі орталыққа жұмысқа келетін мамандардың арасында массажист жоқ екендігіне назар аударды. Бірақ бұл тапшы мамандық мәселесін көру қабілеті нашар адамдарды оқыту арқылу шешуге болады. Бұл орайда көру қабілеті нашар адамдарда қолдың сезімталдылығын арттыру талап етілетіндігі белгілі. Демек, бұл олардың жетістікке жете алатын бірнеше мамандықтардың бірі десек қателеспейміз. Осыған орай облыс әкімі медициналық колледжде мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан массажистерді дайындайтын арнайы топ ашуды тапсырды.

Сондай-ақ орталықпен танысу барысында облыста мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктері ескеріліп, салынған бірде-бір монша жоқ екендігі белгілі болды.

— Мұндай монша Қазақстанның ешқандай өңірінде жоқ, — дейді Р.Төлегенов.

— Ол моншаны біз салайық, — деген өңір басшысы Ж.Баубековке аталған жобаны әзірлеуді ұйымдастыруды, сондай-ақ орталықтың техникалық жабдықталуына қажеттіліктерді нақтылап, мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді.

Облыс әкімі аумақты абаттандыру және иппотерапия жобасын іске асыру шараларын жеделдетуді, күн жыли түскенде аталған жобаның жұмысын бастау керектігін баса айтты.

Аймақ басшысы барған келесі нысан – 200 төсек-орынды облыстық онкологиялық диспансерінің құрылысы болды. Аурушаңдықтың ерекшеліктерін ескере отырып салынған онкологиялық ауруларды емдеуге арналған заманауи кешен Таразда ағымдағы жылдың жазында белгіленген мерзімінен бұрын ашылуы тиіс. Бердібек Сапарбаев бұл міндет бойынша орындалып жатқан жұмыстардың барысы туралы құрылысшылардан сұрады.

Құрылысшылар негізгі жұмыстардың аяқталуға таяғанын, коммуникацияларды тарту және реттеу, ғимараттарды әрлеу және жабдықтарды орнату шаралары ғана қалғанын жеткізді. Науқастарға арналған нысанның мерзімінен бұрын берілуі заманауи жабдықтармен және ыңғайлы жағдайда емдеуді ертерек бастауға мүмкіндік береді.

100 адамға арналған емханасы бар, 200 адамды стационарлық және 25 адамды амбулаториялық емдеуге арналған онкологиялық орталық шамамен бес гектар аумақта орналасқан. Ауруханада торакальды және жалпы хирургия, гематология, гинекология, химиотерапия, реанимация бөлімдері бар. Ол трансформаторлар, қазандық пен газ сорғы станциясымен жабдықталған, толығымен автоматтандырылған қалашық болып табылады.

Нұрдаулет АСАН