Қоғам

Тарихтың тірі куәсі

Тарихтың тірі куәсі

Халқымыз соңғы жүзжылдықта небір нәубет кезеңдерді бастан кешіп, мың өліп, мың тірілді. 1921-1922 және 1930-1933 жылдардағы алапат ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы сталиндік жаппай қуғын-сүргін, миллиондаған отбасыға қайғы-қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс сынды тарихымызда қара әріптермен жазылған оқиғалар халқымыздың басына төнген алапат еді. Бүгінде сол бір аса ауыр зұлматты кезеңдерді бастан өткеріп, адам төзгісіз ауыртпашылықты көзбен көргендер ілуде біреу ғана. Міне сондай ілуде бір кездесетін тарихтың тірі куәсі, 110 жастағы Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны Күлбарам Сүгірованың әңгімесін толқымай тыңдау мүмкін емес.

Екі ғасыр куәгерін үйіне іздеп барғанымызда кейуана бізді күншуақта күтіп отыр екен. Кеудесі әр жылдары тылды игергені, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі үшін берілген орден-медальдармен жарқырап тұр. 110 жасқа келу оңай ма? Құлағы ауырлау естиді. Жүріп-тұруы да қиындай түскен. Бірақ өмір жолы, көрген-баққаны күні кешегідей есінде. Айтуынша 1910 жылы Қырғыз Республикасы, Талас облысы, Сұлуаймақ ауылында дүниеге келіпті. 1938-1839 жылдары қырғыз елінен қазақ даласына қоныс аударып, осында тұрақтап қалады. Кейін жар сүйіп, өмірге ұрпақ әкеледі. Бір кездегі ұжымдастыру кезеңі мен колхоздастыру науқаны айырқалпақтылар елінде қалай жүргізілгенін, қазақты қынадай қырған аштық қырғыз елінің басына орнай бастағанда шекарадан бері асқаны жайлы әсерлі естеліктерін әңгімеледі. Екі ағасы мен үш сіңлісі қырғыз елінде жүргенде із-түссіз кеткен көрінеді. Қалған бір туғандарынан да хабар жоқ. Әкесі Берікқара мен анасы кейінірек қартайып, сол жақта дүние салыпты.

Бір кездері өндірісті Қаратау-Жаңатас қалаларына баратын отарба үшін теміржол салу ісі қолға алынғаны белгілі. Шойын жолдың құрылысына осы ауданнан сол кездегі барлық ұжымшардың әйелдері де жұмылдырылған екен. Соның ішінде Күлбарам әжейде бар. Олар қара жерге топырақ үйіп, биіктетіп, бетіне құм, оның үстінен шағал төсеу секілді қара жұмыстарды атқарған. Осы күні аудан тұрмақ, Тараз қаласының тұрғындары жаз шыға суына түсіп, жағалауында демалатын Сеңгірбай көлі де осы кісілердің қолымен жасалған. Көксай тоғанын қазуға да атсалысыпты. Қалия, Закира есімді екі қызынан 8 немере, 15 шөбере, 3 шөпшек, 2 немене сүйіп отырған көнекөз қария елге тілек айтуды да ұмытпады. Адам ұзақ өмір сүруі үшін жас уақытында еңбекқор болуы керектігін, еңбек түбі бақытқа жеткізетінін меңзеді. Еліміз бұдан былай соғыс, ашаршылық секілді нәубеттерді көрмей, еліміздің берекелі, бейбіт күн кешіп, халықтың алаңсыз өмір сүруін тіледі.

  Нұрым Сырғабаев

Жамбыл ауданы