«Татулықтың арқасында тоқыраудан аман өттік»
«Татулықтың арқасында тоқыраудан аман өттік»
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың арқасында бүгінде кәсіпкерлік саласы қанатын кеңге жайды. Жыл санап сала қарқынды дамып, тиісінше табыс мөлшері де еселеп артып келеді. Сан мыңдаған қазақстандық мемлекеттік бағдарламалардың, жобалардың игілігін көріп, ел ырысының артуына айрықша үлестерін қосуда. Тобықтай түйін қылып айтқанда, қазір мемлекеттің қолдауының арқасында ерінбегеннің ерні майға тиіп, талаптанғандар табыс тайқазанын тасытуда.
Ал ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке енді қол жеткізіп, бодандықтың бұғауынан басымызды босатқанымызбен ес жиылып, етегіміз жабылмаған тұста әрі ірі-ірі өндіріс орындарының есігіне қара құлып салынып жатқан кезеңде кәсіп бастау жүрек жұтқандықпен тең еді. Қазіргідей қолдау жоқ. Бүгінде жиі айтылып, жиі жазылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік, жеке кәсіпкерлік деген ұғымдар мен атау сөздік қолданысқа ене қоймаған еді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Хасан Шәріпов қиындықтардан қаймықпай, мемлекетіміздің аяққа нық тұрып, ауыртпалықтарды еңсеруге аз да болса өз үлесін қоспақ ниетте тәуекел етіп, кәсіп бастаған екен. 1990 жылдарға дейін спортпен айналысып, талай додада топ жарған Х.Шәріпов еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қандай да бір кәсіп бастауға белді бекем буады. Сөйтіп он ойланып, жүз толғанып, жоспарын әбден пісіріп 1994 жылы Тараз қаласында наубайхана ашады. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, кәсіпкер, тоғыз мыңға жуық өзбек ұлтының басын қосқан «Достық» мәдени орталығының жетекшісі Хасан Шәріповпен жүздесудің мүмкіндігі болмағанымен телефон арқылы тілдесіп, әңгімеге тарттық. – Ата-әжелерім өткен ғасырдың басында әлдебір себептермен Өзбекстаннан Қазақстанның Жамбыл облысына көшіп келген екен. Отбасымыз «өзбек – өз бауырым» деп, құшағын ашып, бір нанды бөліп жеген қазақтарға ризашылығын білдіріп отыратын. Әкем соғысқа қатысып, бертін келе дүниеден өтіп, топырақ қазақ жерінен бұйырды. Содан да Өзбекстанға оралу ойыма келген жоқ. Аталарымның жатқан жерін тастап, қайда барамын?! Анам: «Қазақтардан кемдік көрмедік. Кезінде алдымызға мал салып, өңдеуге жер берді, сол жерге бидай егіп, өсіп-жетілдік. Өгейлік көрсетпеген халыққа адал болыңдар» деуші еді. Әке-шешеміздің аманатына қиянат жасаған кезіміз жоқ. Ал отбасылық жеке кәсібімізді Тараз қаласында 1994 жылы аштық. Рас 1994 жылдары кәсіп бастау өзіңді құздан төменге итерумен бірдей болатын. Қорқыныш болды. Жүрексіндік. Бірақ еліміздің баянды болашағына сеніп, қорқыныш-уайымды ұмытып, туыстарымызбен ақша жинап, жұмысты бастап кеттік. Әрине алғашында түрлі қиындықтар, кедергілер болды. Дегенмен тек қана табанды еңбектің, маңдай тердің арқасында барлығын жеңе білдік. Шүкір, Тараз қаласында бастаған кәсібіміз берекелі болып, кейінірек Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар қалаларында наубайхана аштық. Қазіргі таңда жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласына 2000 жылдары қоныс аудардым. Мұнда келгенімде қалада 50-60 қана өзбек ағайындар тұратын. Көбі сауданың жайымен еліміздің оңтүстігінен келгендер екен. Байқап жүріп, сауда менің қолым емес екенін түсіндім. Не болса да ата кәсібіміз – нан пісірумен айналыспақ оймен шағын цех аштым. Жалпы біз үшін нан пісіретін цех қасиетті мешіттен кем емес. Себебі нанның обалы ауыр болады. Дәл бір қасиетті орынға барғандай жуынып-шайынып, бойымыз бен ойымызды тазартып, тек жақсы ниетпен іске кірісеміз. Содан да болар, нанның берекесін бір кісідей көріп келеміз. Шаруашылығымызды кеңейтіп, тамақтандыру желісін де іске қостым, өзбек палауын Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бізден артық пісіретін ешкім жоқ десем, артық айтпаспын, – дейді Х.Шәріпов. Кәсіпкердің Тараз қаласындағы наубайханасы 1994 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келеді екен. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылған. Кәсіпкер «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы 50 миллион теңге несие алып, наубайханаға жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Келер жылдың ақпан айында ашуды жоспарлап отыр. Жалпы наубайхана 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтылған. Хасан Шәріпов мемлекеттің қолдауының нәтижесінде тірлігін тіктеп отырғандықтан қазақстандықтарға қолдан келген көмегін жасауды өзінің азаматтық парызы санайды. Сондықтан да қайырымдылық шараларына белсене қатысуды бұлжымас дәстүрге айналдырған. Елге, халыққа тамшыдай болсын пайдам тисін деген оймен жасаған игілікті істері еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталыпты. – Наубайхана ашып, кәсібім нәсібіме айналған соң, мұқтаж жандарға да қол ұшын беруді ойластыра бастадым. Елбасының қолдауымен мемлекет тарапынан көмек көрсетілген соң, мен де алған көмегімді басқамен бөліскім келді. Қарияларға, көпбалалы, әлеуметтік хал-ахуалы төмен отбасыларға, медициналық көмекке зәру жандарға қолымнан келгенше көмегімді беріп тұрамын. Әсіресе науқас балаларға көмек беруді бірінші орынға қоямын. Одан соң үлкен бұқаралық іс-шараларда қарияларға қамқорлық жасаймыз. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясының тұрақты қатысушысымын. Сексен-тоқсан балаға керек-жарағын алып береміз. Әр бейсенбі, жұма күндері келісім бойынша дүкендерде қарияларға, көпбалалы отбасыларға тегін нан беріледі. Бір мың-екі мың нанға дейін барлық қалалар бойынша бөлінеді. Қиын кезде кәсіп бастау оңайға соқпағанын айттым. Десе де айналамда үйіріліп жүрген жастарды қанатымның астына алып, қолдау білдірдім. Жастарға кәсіптің қыр-сырын үйретіп, қамқорлығыма алдым. Қазіргі күні әрқайсысы өз алдына үй болып, қатарынан қалмай, саналы азаматқа айналды. Мұны неге айтып отырмын? Мемлекет ісін бастаған адамға қай жағынан болсын көмек көрсетіп отыр. Қолыңнан келгенше мүмкіндігіңді пайдалан да, еңбектен, қызығын көр. Ал енді осыдан неге жастарға арқа болып, іскерлікке баулымасқа. Біз көрген мемлекеттің қамқорлығын біз неге жастарға көрсетпеске. Барыңмен бөлісу қажет, – деген Хасан Шәріпов сөз соңында Тәуелсіздік күнімен құттықтап, елдің амандығын, береке-бірлігін тіледі.
Талғат НҰРХАНОВ