Татулықты ту еткен қордайлық ардагерлер көпке үлгі
Татулықты ту еткен қордайлық ардагерлер көпке үлгі
Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасының аясында құрылған жұмыс топтарының ауданымызға сапары бейсенбі күні жалғасын тапты. Олар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар әлеуметтік мәселелер мен ауыл шаруашылығы, мемлекеттік тілді меңгеру және дене шынықтыру мәселелері бойынша ауданның бірқатар округтерінде болды. Оның ішінде діни аспектілер жайы да назардан тыс қалған жоқ. Топ мүшелері ауданның барлық ауылдық округтерінде болып, жергілікті халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігін және оларды қандай мәселелер толғандыратынына зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасынан келген азаматтар алдымен Қайнар ауылында болса, одан кейін Масанчиге жол тартты. Аталмыш жоба шеңберінде өзге ұлт өкілдері шоғырланған ауылдарда кездесулер өткізіп, қазақ тілін меңгеруге ниеттенен жандармен сұхбаттасу, этномәдени бірлестіктер басшыларымен кездесулер ұйымдастыру, тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқармасымен әзірленген мемлекеттік тілді өз бетімен меңгеруді қамтамасыз ететін «QazOnline» мобильдік қосымшамен жұмыс істеу, латын қарпіне көшу бойынша кездесулер, дүнген және қазақ халқының өкілдерімен жүздесу, жастарды салауатты өмір салтына шақыру, этносаралық қатынасты нығайту бойныша жұмыстар атқарылуда. Жоба аясында келген топ мүшелері қазіргі таңда қазақ пен дүнген ақсақалдарының бір дастархан басында татулық пен ынтымақ мәселесін шешуде үлкен белсенділік танытып жүргенін айтуда. Өзге деп бөлінбей бір бірінің қуанышына ортақтасып, нағыз ынтымақ пен келісімінің келбетін көруге мүмкіндік туғызуда. Әрине, бұл үлкен жетістік. Ақпан айында болған оқиға елімізде татулық пен достықтың аса маңызды екенін ұғындырғанын және бұл үлкен сабақ болғанын айтуда жергілікті ақсақалдар. Облыс басшысының бастамасымен құрылған Қоғамдық келісім кеңесінің де жұмысы қазір жемісті екеніне көз жеткізуге болады. Күні бүгін аудандық Мәдениет үйінде көптен күткен "Тағылым" фильмінің тұсаукесері болып өтті. Оған аудан ақсақалдары мен аудан әкімдігінің бөлім басшылары қатысып, оң бағасын берді. Тарқатып айтсақ фильм екі достың қарым-қатынасы жайында түсірілген. Яғни қазақ пен дүнген ұлтының достығы. Осыдан 140 жыл бұрын дүнген ұлтының қазақ жеріне келіп қоныстанған уақытын суреттейді. Онда қазақ елінің қонақжайлығы кеңінен көрсетіліп, пана іздеп келген қонағына қонысынан жер беріп, бауырына басқаны көрерменнің көңілінен шыға білді. Сол уақыттағы кішкентай Мағжан өзіне Щимарды дос етіп, олардың достығы бүгінгі ұрпағына дейін жалғасқанын осы бір туынды әсерлі жеткізгендей. Бүгінде қазақтың бауырына айналған дүнген ұлты халқымыздың салтын сақтап, ұрпақтарына дәстүрімізді дәріптеп келуде. Сол 140 жылдық достықты бір туындыға сыйдырған "Тағылым" талайдың көңілінен шығатынына сенім мол. Фильм соңында қазақ және дүнген ақсақалдары сөз алып, кинодан алған әсерлерімен бөлісті. Тарихты қозғаған қариялар екі ұлттың арасында еш қыл өтпегенін айтып, өткенді өшіріп, әлі де достық туы желбірейтіндерін жеткізді. Құшақ ашып, қол ұстасқан достық соңы естелік суретке түсіп, мәз мейрам болып тарқасты. Айта кетерлігі, аудан прокуратурасының ұлт аралық келісім жоспарын жүзеге асыру барысында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жарыққа шыққан дүние жуырда халыққа жол тартатын болады.