Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын

50

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дейді әл-Фараби бабамыз. Расында бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында қылмыс саны азайғанымен, өрендердің қолымен жасалатын ауыр қылмыстың деңгейі төмендер емес. Оған қоса мектеп оқушылары арасында тәрбиеге қатысты мәселелер әлі де көп. Осы ретте облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жаңа оқу жылының басында келер жылды өңірде жасөспірімдердің тәрбиесіне арнау туралы ұсынысқа мән берген еді. Біз де бұл ұсынысты жан-жақты зерделеп көрген едік.

Алдымен 2020 жылдың тамыз айында облыстағы полиция қызметкерлерімен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бағытындағы атқарылған шаралардың нәтижесін тілге тиек етсек. Аталған уақытта полиция бөлімдеріне түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кәмелетке толмаған 5627 жасөспірім жеткізіліпті. 318 жасөспірім және 244 қолайсыз отбасы есепке алынса, оларда 446 кәмелетке толмаған жасөспірім тұрады екен. Құқықбұзушылықты бірнеше рет жасағаны үшін девиантты мінез-құлықты және ерекше режимде ұстайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепке 16 жасөспірім орналастырылып, 47 ата-ана немесе оларды алмастыратын адамдар ата-ана құқығынан айырылған. Полицияның есебінде барлығы 257 жасөспірім тұр екен. Рейдтік шаралар барысында 5454 жасөспірім әкімшілік құқықбұзушылық дерегімен тіркелсе, оның ішінде спирттік ішімдік пайдаланғаны үшін 45, бұзақылық жасағаны үшін 44, оқудан жалтарғаны, қаңғыбастығы үшін 143 кәмелетке толмаған жасөспірім, түнгі уақытта қадағалаусыз жүргені үшін 2999 жасөспірім анықталған. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына барлығы 152 жасөспірім орналастырылған.
Нөлдік төзімділік бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 127-бабымен 88 тұлға, 1 жасөспірімге қатысты ескерту жасалып, 50 адамға қатысты 1 миллион 137 мың 898 теңге сомасына айыппұл салынса, сотқа 35 материал жолданыпты. 2 материал сотпен тоқтатылып, аталған Кодекстің 132-бабы бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 46 мекеменің иесі мен әкімшілеріне қатысты барлығы 810 мың 135 теңге сомасында айыппұл салынған. Және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 442-бабының 1-бөлігі бойынша балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 63 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 ата-анаға ескерту жасалса, 61-іне 281 мың 838 теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Жалпы осы секілді жастар мәселесіне қатысты жаға ұстатарлық деректер жетерлік. Дейтұрғанмен құқықбұзушылықтың алдын алуға жауапты мамандар жасөспірімдердің арасында қылмыстың азайғанын алға тартуда. Десек те түбегейлі тосқауыл жоқ.

– Ағымдағы жылдың жеті айында кәмелетке толмағандарға қатысты 106 қылмыс тіркелді, оның ішінде кісі зорлау 5, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 2, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас 16, жас балаларды азғыру бойынша 4 дерек тіркелген. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды болдырмау мақсатында есепті кезеңде прокуратура органдарымен, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерімен 1900-ден астам бірлескен рейд жүргізілгенін атап өту қажет. Олардың 1400-і мектептерде және оларға іргелес жақын аумақтарда өткізілді. Өткізілген іс-шаралар барысында 5400-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 46, кәмелетке толмағандарға темекі өнімін сатқаны үшін 11, 21 жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін сатқаны үшін 42, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болғанына қатысты 2925 дерек анықталды, – дейді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полициясының аға инспекторы, полиция подполковнигі Нүркен Абдунин.

Яғни біз келтіріп отырған деректер жасөспірімдердің арасында әлі күнге құқықбұзушылық фактілерінің түбегейлі жойылмағанын растап отыр. Осы ретте Абайдың «Тегінде адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген өсиеті еріксіз еске оралады. Әрине қылмыс орын алса, айыппұл салып, балауса ғұмырға балта шабу оңай. Сондықтан мұндай жағдайда өзекті мәселенің түп тамырын тап басу қиын, дегенмен қажет-ақ. Ата-аналар тарапынан да жасөспірімдерге бақылау болуы керек.

– Халқымызда «Бұтаққа су, ұрпаққа рух бермесең өспейді» деген сөз бар. Ал біз сол рухты қайдан аламыз. Ата-бабаларымыздан қалған сара жол, тағылымның дара жолы ол – ұлттық тәрбие. Ұлттық тәрбие қарапайым ғана кісіге сәлем беру, саулық тілеу, хал-жағдайын сұрау деген секілді дүниелерден басталады. Кісіге жақсылық тілеп тұратын адамның арғы жағында жамандық болуы мүмкін емес. Сондықтан осындай қарапайым дүниелерден бастап балаларға ұлттық тәрбие беру жағын күшейтуіміз керек. Жалпы өңірде бұл тұрғыда атқарылып жатқан жобалар да жетерлік. Бірақ сонда да жасөспірімдер арасында қылмыс тоқтамай отыр. Өйткені біз рухани тәрбиені дұрыс жолға қойып, соған басымдық беруіміз қажет. Дана халқымыз «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» дейді. Осы бір сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Ол өзінің ең жақындарының арасында болып, ұлттық тәрбиені көріп, сусындап өсуі қажет. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тамыз кеңесінде ұлттық тәрбиемен жұмысты күшейтуді тапсырды. Мәселен Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде ұлттық тәрбиеге арналған арнайы сабақтар бар деп естиміз. Орыстарда орыс халқының психологиясы деген пән бар екен. Неге біз осыны оқу үрдісіне енгізбеске. Бабалардан келе жатқан ерлік шежірелі жыр дастандарға мән беріп, санаға құюымыз керек. Мектептерде Бауыржан Момышұлы бабамыздың тәрбие тәсілдерін ұлдар арасында сіңіріп, үйірмелер ұйымдастыруымыз қажет. Осы бағытта қыздар арасында «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігі «Инабат клубы» жобасын жүзеге асырып келеді. Оны өңірдегі мектептерде жүргізуіміз қажет. Одан бөлек бірлестік жанынан «Әкелер мектебі» ұйымын ашсақ деген ұсыныс айтып жүрмін. Оны да қолға алуымыз қажет. Өткенде облыстық ата-аналар кеңесіне төрағалық ету міндеті маған жүктелді. Енді осы тәрбие мәселесін мықтап қолға алып, облыс әкімдігі білім басқармасы тарапынан қолдау болады деп ойлаймын. Ең бастысы сан ғасырлық сүзбеден өткен ұлттық тәрбиемізді жаңғыртуымыз керек. Біз өзге елдердің игілігін, жақсы жақтарын алуымыз керек шығар. Бірақ қанымызға сіңген өзіміздің тәрбие үрдістерімізді дамытуымыз қажет. Осыны күшейтсек ұрпақтың болашағы да жарқын болмақ, жастар арасындағы теріс тірліктерге де тосқауыл болады, – дейді облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев.

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп бекер айтпаса керек. Осынау ортақ мәселе төңірегіне ата-ана, мұғалім, мектеп психологы мен ювеналды полиция инспекторы топтасып, олқылықтың алдын алуды қажет етіп отырғаны да жасырын емес. Бұл ретте біз білім саласы мамандарының да ойын білдік.

– Жасыратыны жоқ қазіргі таңда жастардың тәрбие бағытындағы идеология ақсап тұр. Бүгінгі жастардың мақсаты не? Мәселенің өзегі де соның жауабы. Бірақ адал еңбек етіп, Отанға қызмет етемін, өзімді жақсы жағынан көрсеткім келеді деген балалармен жұмыс істеген кезде «әттеген-ай, неге осы балаларды мектептен кейінгі өмірдің тура бағытында алып кетпеске» деген ой туады. Олар мектепте жалындап, жанып, мұғалімнің айтқанын мұқият орындауға тырысады да, қоғамға, былайғы өмір арнасына түскенде босаңсып кетеді. Шынтуайтында келер жылды аймақта жасөспірімдердің тәрбие жылы деп басымдық беруді қолдаймын. Дегенмен бізде бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстар, бағдарламалар аз емес. Балаға түрлі қасиеттерді сіңіру барысында мектептерде тұрақты түрде іс-шаралар өтеді. Мұғалімдерге тек іс шараларды өткізумен ғана шектелмей, бала бойында қандай қасиет қалыптастырды, соған қандай ықпал еттік деген сауал қоямыз. Біздің қоғамда тек қана сапалы білім емес, саналы ұрпақ және сапалы білімді қатар айтсақ ұтарымыз мол болар еді. Себебі барлық жерде білімді ұрпақ деген сөз бірінші жүреді. Саналы ұрпақ тәрбиелеген кезде ғана сапалы білім болатыны белгілі. Яғни ел сенімін, ұлт үмітін ақтайтын ұрпақ стандарттарды пән арқылы меңгерген ғана емес, адамгершілік құндылықтарды өз бойына сіңірген және оны қоршаған ортада көрсете алғанда болады. Сондай құндылықтар қоғамнан көрініс берсе ғана саналы тәрбиелі азаматты өсіріп келе жатырмыз деп айта аламыз. Себебі көп жағдайда айтылған статистика, сөз бен іс алшақ кетіп жатады. Бұйырса келесі жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Тәуелсіздік алған кезде туған бала қазір отыз жаста. Оны біз көзқарасы қалыптасқан азамат деп айта аламыз. Ол өз бойында қандай құндылықтарды сіңіріп өсті? Осы орайда кейінгі ізбасарларына үлгі бола алатындай сан саладағы адамгершілік құндылықтары мол жастарды кейінгі буынға үлгі етсек, сол жерде біздің идеология көрінетін еді. Әйтпесе жастар арасында идеология ақсап тұр. Жастарды дұрыс бағыттасақ қана мақсатымыз орындалады деп ойлаймын. Ол міндет мұғалімдер қауымына ғана емес, отбасында, ата-аналарға да ортақ болуы қажет, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы тәрбие жұмысы және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп ұшқан құстың қанаты талатын ұлан ғайыр Ұлы даланы мекен еткен ұлтымыздың бүгінгі ұрпағына да құндылықтардың уызы жетіспей тұрған сияқты. Шындығында баласы кешқұрым үйіне келмесе, уақытылы іздемейтін ата-аналар да баршылық. Олай болмаса жоғарыдағы көрсеткіштер көктен түсіп отырған жоқ қой. Сондықтан жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі – ортақ жауапкершілік.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ