Төл мерекелерімізді ғана тойласақ…

55

1992 жылдың 7 мамырында Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болғандықтан, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні деп жарияланды.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», деген болатын. Менің ойымша, сондай кертартпа тұстың бірінен құтылу үшін өзіміздің Қарулы Күштеріміздің құрылған күнін, яғни «Отан қорғаушылар күнін» кеңінен насихаттау қажет.

Әлі есімде, Кеңес әскері және әскери-теңіз нышандарын ауыл­­дар­дың, қалалардың көшелерінде, жұмыс, оқу орын­дарында плакаттар – үгіт-насихаттық сөздермен бір­ге суреттер жарқырата ілініп тұратын. Сондай-ақ ме­ре­ке қарсаңында погон таққан адамдар мектепке, жоғары оқу орындарына барып, оқушы, студент жас­тармен кездесетін. Өзім де осындай кездесулерге, дөңгелек үстел, викториналарға қатысып, әскердің мән-жайы туралы айтып беретінмін.

Қазір де пандемияға байланысты online режімде Қазақстан Қарулы Күштері жөнінде көптеген шара өткізуге болады. Мәселен, маған берген бір сұхбатында Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов: «41-ші жылдың солдаты, саған сенген болатынбыз, сарбаз, саған да сенеміз» атты конференция неге өткізбеске?! Әрине, Қорғаныс министрлігінің, басқа да министрліктердің басшылары, депутаттар, ғалымдар, ардагерлер, ақпарат өкілдерінің қатысуымен», деген еді. Қазір сту­денттерді, оқушыларды Қазақстан Қарулы Күш­терімен таныс­тырып, олардың қандай түрлері бар екенін түсіндіру мақсатында тәрбие саға­тын неге өткізбеске? Сонымен бірге осы күнге лайықты басқа да шаралар, мысалы әскери-спорт­тық жарыстар, патриоттық ән­дерден байқау ұйым­дастыруға болады ғой.

Қазір Қорғаныс министрлігінің жағдайы жақсы, қарамағында талай оқу орны, соның ішінде Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж, Сағадат Нұр­мағам­бетов атындағы «Жас ұлан» мектебі, әскери-техникалық мектептер бар, ақпарат технологиясы да кеңінен дамыған. Әрбір әскери-техникалық мектептің өз мұражайы жұмыс істейді, олардың тарихы да бай. Жақында Орал қаласының осындай мектебіне барып, танысқанымда, талай ұшқыш, батыр шыққанына куә болдым. Олардың ішінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Леонид Беда, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова, Кеңес Одағының және Ресей Федерациясының Батыры Николай Майданов және басқалар бар. Аталған батырлар кезінде Орал қа­ласының ДОСААФ (Армияға, авиацияға және флот­қа жәрдемдесетін ерікті қоғам) мектебін аяқтаған екен.

Қарағанды қаласында осындай мектепті бітір­гендердің ішінде атақты ұшқыш, Халық Қаһар­маны, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, еліміздің тұңғыш ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, авиация генерал-ма­йоры Тоқтар Әубәкіров бар. Осындай батырлардың ер­лік­тері жастарға үлгі-өнеге болуы керек емес пе?!

Шынын айтсақ, әлі күнге дейін Қазақстан Қару­лы Күштерінің туған күнін білмейтіндер де кез­десіп қалады. Ондайлар әлі күнге дейін кешегі Кеңес Одағының әскерін, соның мерекесін аңсайды. Жақында бір ата сақалы аузына шыққан азаматтармен сөйлесе қалсам, бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «Біздің мереке – 23 ақпан. Өйткені Кеңес армиясында қызмет атқардық, жылда осы күнді тойлаймыз, ал Қазақстан әскеріне қатысымыз жоқ», деп сөйлей жөнелді.

Өкінішке қарай, «баяғы жартас, сол жартас» демекші, бұрынғыша жұрттың үлкені-кішісі болсын аталарын, ағаларын осы күнмен құттықтап жатады. Маған да алыстағы, жақындағы таныстарым құттықтау тілектерін жіберуді ұмытпайды. Мен оларға: «Біздің мерекеміз «Отан қорғаушылар күні – 7 мамыр» десем, «ә, солай ма», деседі. Шіркін, жұртымыз әскерилерді өзіміздің Отан қорғаушылар күнімен құттықтап жатса, қандай ғанибет!

Өмірімізге батпандап енген жат әдеттер мысқалдап шығып жатыр. Өткеннің әуенімен 23 ақпан – Кеңес Армиясы күнін атап өтуді доғармаған бүгінгі қарасақал-ақсақалдар мен қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын 14 ақпан – әулие Валентин күнін тойлайтын жастарымыз әлі аз емес. Егемен еліміздің төл мерекелерін тойлаумен шектелетін күн жетті емес пе?!

Тағы бір айта кететін жайт: әскери киімді сарбаздың ар-намысы мен жинақылығының символы деп қастерлейміз. Сондықтан оның қадірін білуіміз керек. Әр нәрсе уақытымен қызықты дегендей, қазіргі заманда камуфляжды форманы кім де болсын киіп жүр. Күзетшінің, жұмысшының, балықшының, аңшының, тағы да басқалардың үстінен осы әскери киімді көреміз. Кейде кім екенін де түсінбей қаласың: сарбаз ба, әлде жай жүрген азамат па? Себебі әскери киімді қазір кез келген жерден сатып алуға болады, оған еш тыйым жоқ. Ал егер камуфляж киген адам қылмыс жасаса, жұрт оны әскери қызметші деп қа­былдауы мүмкін. Бұндай жағдай Қарулы Күштеріміз бен әскери қызметшілердің беделіне нұқсан келтіреді.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, осындай көкейкесті мәселелерді көп болып кеңесіп, бір жөнге келтірсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Сапарғали Жағыпаров,

әскери журналист

egemen.kz