Тұрғындарға жаңа форматтағы қызмет түрі көрсетіледі

35

Жуырда Жамбыл ауданына Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің басшысы Ғанижан Асанұлы, аталмыш агенттіктің жанынан құрылған ақпараттық үгіт-насихат тобының штаб төрайымы, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзадақызы мен агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Равиль Төлебаев Аса ауылындағы «OPEN SPACE» кеңсесінің жұмысымен танысты.

Жаңа форматта қызмет көрсететін кеңсе «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асқан. Тұрғындарға жер қатынастары, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы мәселелеріне қатысты мемлекеттік қызметтің көптеген түрі ұсынылмақ. Кеңсе «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Яғни келушілер қажетті қызмет түрін бір жерден ала алады. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметшілерге сенімін арттырып, жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады. Кеңсе жұмысына зер салған басшылар халық қажетін өтеу үшін қолға алынған жобаның берері мол екенін, алдағы уақытта жұмыс принциптері зерделеленетінін айтып, ұсыныс-пікірлерін алға тарттты.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Бізді қуантатыны, Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сай елімізде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «OPEN SPACE» кеңсесі осы сөзіміздің айғағы.

Заман дертіне айналған бармақ басты, көз қысты әрекеттердің тамырына балта шабатын кез келді әріптестер. Тұжырымдаманы іске асыру, мейлінше ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында баршаңызды қалтаның қамын емес, жұрттың ертеңін ойлап жұмыс жасауға, еліміздің әлеуметтік-экономикасын көтеруге, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзбеушілікті қалыптастыруға шақырамын, – деді Ғанижан Асанұлы.

Сондай-ақ салмақты сөз сабақтаған Ырза Тұрсынзадақызы көпшілікті қызметіне адал болуға, халқына қалтқыссыз қызмет ету мемлекеттік қызметкерлердің басты – міндеті екенін айтып, кеңсе жұмысы ғасыр індетін құрықтайтынына сенімін білдірді.