«Түрік, қырғызбен құдаласып, бір туғанға айналдық»

31

«Қазақ осы – қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін» деп Қадір Мырза Әли ағамыз айтқандай, бауырмал халқымыз өзгені де «өзім» деп санап, бүгінде бірлігімен көпке танылды. Бөтен демей басқа ұлт өкілдерімен құдаласып, туғанына айналдырған отбасылар байтақ елімізде көптеп табылады. Сондай отбасылардың бірі Қордай ауданындағы Қызылсай ауылында тұратын Сүймановтар.

Шаңырағына түрік пен қырғыздың қызын келін етіп түсірген Сүймановтар ынтымақпен бақыт тапқан отбасылардың бірі. Сүйінбай қария мен Баян әжейдің қара шаңырағында 4 келін 15 жылдай бірге тұрыпты. Әулеттері кеңейе келе әр баласының еншісін беріп, бөлек шығарған. Қазір 4 ұлынан тараған 15 немере, 7 шөберелерімен үлкен бір ауылға айналды. Бұл үй бүгінде түрікті де, қырғызды да «өз туысым» деп төріне шығарып, «Құда» деп құдайындай сыйлайды.

 Қалқағар мен Қасқасу тауларының етегінен орын тепкен Қызылсай ауылының табиғаты көрген жанға жұртының меймандос пейілін байқататындай. Сүйінбай қария 14 жасында осы ауылдың есепшісі болыпты. Ауылдық кеңесте түрлі қызметтерді атқарып, зейнетке шыққасын ақсақалдар алқасын басқарады. Ауылдастары оны ақылшы ретінде таныды. Үлкен ұлы Әбләхат қырғыз елінің Тоқмақты қаласында жұмыс істеп жүріп, айыр қалпақты ағайынның қызын алып келгенде, бүкіл ауыл болып қуанған.

–Тоқмақтыда Әбләхатпен танысқанымда қазақ халқының қырғызбен бір туғандай ұқсас екеніне көзім жетті. Тек тілімізде ғана сәл өзгешелік бар демесе, тұрмыстық салттарымыз, ұлттық киіміміз де өте ұқсас. Мен келін болып түскенде, бүкіл ауыл жиналып, ақ тілектерін ақтарып жатты. Бұл ауылдың тұрғындарының бір үйдің балаларындай татулығына тәнті болдым. Жақсы жерге келгеніме қуандым. Қайын енем қолөнерге шебер кісі еді. Келіндеріне көп нәрсені үйретіп, бізді шаруаға баулыды. Көрпе құрап, сырмақ сырып, киіз басатын. Ою ойып, орамалдарды сәндеп кестелейтін. Апамның қасында жүріп, өзімнің қолөнерге қалай бейімделіп кеткенімді байқамай да қалдым. Сосын бау-бақша күткенді жаны сүйетін. Үйіміздің маңайында түрлі жеміс ағаштары өседі. Солардың күтімін жасап, көктемде көкөністер егіп, өскеніне сүйсіне қарап жүретін. Бір тыным таппайтын нағыз еңбекқор кісі еді менің енем. Дүниеден өтерінде өзінің тігін машинасын қыздарына бермей, «келіндерім қолдансын» деп бізге қалдырып кетті. Ол кісіні келіндеріне үлкен мектеп болды десем, артық емес, -дейді Анар Түнғатарқызы.

Абысынының сөзін жалғаған кенже келін Әсел Қанапиқызы:

–Енеміздің мықтылығы, ақылдылығы ғой, 4 келін бір шаңырақта 15 жылға жуық бірге тұрдық. Кейін әрқайсымыз 3-4 баланы дүниеге әкелгесін, бөлек шығарды, -деп өткенді сағынышпен еске алды.

–Негізі менің есімім түрікше Асият еді. Қазақ ауылға келін болып келгесін бәрі қазақшалап Әсел атап кетті. Күйеуім Қуатпен екеуімізді таныстырған құрбым Оралкүл бұл үйге жиеншар келін болып келеді екен. Сірә, бірліктерінің бекемдігі болар, бұл әулет алысқа тараған туыстарымен де бір туғанындай араласады. Қазақтың осындай бірлікшілдігі мені қатты қызықтырды. Бір үйде әлдебір іс шықса, бүкіл ауыл жиналады. Қандайда бір түйінді мәселе шыға қалса ауыл ақсақалдары ортаға салып, шешеді. «Менікі, сенікі» деген жоқ. Атамыздың ауылға еңбегі сіңгендіктен де ол кісіні танымайтын адам жоқ. Осы ауылға келген мейман біздің қара шаңыраққа кірмей кетпейді. Күн-түн демей, біздің үйден кісі арылмайды. Қазақ халқының қонақжайлылығын осы әулеттен көрдім. Қайын енеміздің ісмерлігін ауыл әйелдері тамсана айтады. Бақшасының алма, шабдалыларын ауыл балалары сөз етіп, «дәмі таңдайымызда қалыпты» дегендерін де естимін. Осыған қарап, жатты жатырқамайтын, көңілі дархан қазаққа келін болғаныма қуана, шүкірлік айтамын, -деген Әсел Урусова жалпы қазақ жұртына деген алғысын жеткізуімізді өтінді.

Қазақтың қанына біткен дархандығын бұған дейін шетелдік ғалымдар да айтып кеткенін білеміз. Бүгінде ынтымаққа ұйысқан елімізді әлем таныды. «Бірлік түбі – береке» деп білген бабалар жолы болашаққа да жалғаса бермек.