Тышқан мен сиырдың айтысы

64

Тышқан:
Кішкентай болсам да мен аспандадым,
Жүзеге асты талай жоспарларым.
Мен келген жыл білесіз әл-Фараби,
Абайдың жылы болып басталғанын.

Сиыр:
Білеміз солай болып басталғанын,
Көп жобалар ортаға тасталғанын.
Артынша тырп еткізбей, үйге қамап,
Індеттің де білеміз бас салғанын.

Отырмыз күнде көріп, күнде біліп,
Сенің де кей мінезің жүр көрініп.
Өзге жылда емін-еркін жүрген халық,
Тышқан жылы кетті ғой інге кіріп.

Тышқан:
Бұл енді Жаратқанның ісі батпан,
Осындай бір індетті ұшыратқан.
Ол рас халық біткен үйде отырды,
Індетке қай пенденің тісі батқан.
Тұрғындар тыйылып той, жиындардан,
Сақтадық елді талай ысыраптан.

Сиыр:
Расымен сенің де бар екен құның,
Кемірсең де жоқ сенің бөтендігің.
Індет келіп айқындап берді бізге,
Басты байлық – денсаулық екендігін.

Тышқан:
Рақмет, кей сөзіңе мақтап өткен,
Сыныңа да келістім қақтап өткен.
Ал енді өзің келдің жыл болсыншы,
Бар адамның ауызы аққа жеткен.

Сиыр:
Жыл болсын елдің аузы аққа жеткен,
Індетті түгел жойып, таптап өткен.
Ел аузы аққа жетсін дегеніңіз,
Қабыл болсын тілек боп Хаққа жеткен.

Тышқан:
Көріңіз абыройдың бұйырғанын,
Жағдайдың шеше түсіп қиын жағын.
Қанша жерден сүті көп болса дағы,
Қазақ онша жақтырмаған сиыр малын.

Сиыр:
Сүт беру жағынан да бастымыз ғой,
Кей үйге табылмайтын тапшымыз ғой.
«Сиыр сасық» десе де, қап кемірген,
Тышқанға қарағанда жақсымыз ғой.

Тышқан:
Келмейді айлаңызға түсіп қалғым,
Жаныңызға құрметтеп ұшып бардым.
Рас, біз қап кеміріп, бидай жейміз,
Тамағы тоқ болсын деп мысықтардың.

Әр қазақ жыл бойына күліп жүрсін,
Астығын темір қапқа жиып жүрсін.
Мен кеттім, 12 айым өте шықты,
Ел еңсесі әрқашан биік жүрсін.
Кім болса да шалқыған дәурен шақтың,
Уақытша екенін біліп жүрсін.

Сиыр:
Тышқанды сәтім келді шын мақтаған,
Кетсең қимай қолымды бұлғап қалам.
Жылқының қазысына жетпесек те,
Базар да сиыр еті қымбаттаған.

Тышқансың аластатқан түйені де,
Мен келдім, құт болсыншы жыл еліме.
Биылғы жыл әр үйге құтты болып,
Әр адам жете берсін тілегіне!

 

Айтысты құрастырған Есет ДОСАЛЫ