Ұл ма, қыз ба?

немесе қазақылыққа жат «патилердің» қажеті қанша?

37

Ұлттық дәстүрге, салт-жоралғыға бай қазақ халқы қан тазалығына, ұрпағының текті болуына ықылым заманнан назар аударған. Болашақ балаларының анасын таңдауда сүйегі таза, иманы жоғары, тәрбиесінің тереңдігіне ерекше мән берген.
Сүйек жаңғырту, қыз айттыру, құда түсу, келін түсіру, құрсақ шашу, шілдехана тойлары тұнып тұрған ұлттық дәстүрдің көрінісі еді. Алайда қазіргі таңда аталған маңызы жоғары шараларды өткізудің жөн-жоралғылары осыдан он жылдай бұрынғы кезбен салыстыруға келмейді. Барлығының сипаты мен жасалу жолдары, мағынасы да өзгеріп кеткендей. Кезінде аяғы ауыр екенін ауылдастары, көрші-қолаң, ата-ене, тіпті жарынан жасырып, ұялған қазақ келіндері бүгінде тумаған балаларының жынысын жарияға жар салып, әйгілейтін жағдайға жеткеніміз жасырын емес.

Мұның бәрі немен келді, ол «салт» қайдан пайда болды? Әрине ғаламтордың, әлеуметтік желілердің жемісі. Томпайған қарындарына түрлі суреттер салып, оны әлеуметтік желіге қойған, қампайған қарнын ашып қойып, бейнебаяндарға түсіп жүрген жас аналарды көріп көзіміз үйренгені сол еді, енді іштегі баланың жынысын жариялаймын деп дайындықпен шауып жүрген қыз-келіншектерді көргенде бас шайқайсың.
Сонымен, соңғы уақытта «Instagram» желісінде трендке айналған Gender Reveal Party шарасын атап өтуді америкалықтар соңғы жылдары ғана бастапты. Мақсаты сол, аяғы ауыр әйел туған-туыс, ағайындарының алдында жарына болашақта дүниеге келетін сәбидің жынысын айтып, қуанту. Мұны бір жағынан отбасылық кішігірім отырыс деп те айтуға саяды. Қуанышты сәттің куәсі болуға келгендер болашақ ата-анаға сыйлық жасайды, үлкендері сәбидің аман-есен дүниеге келіп, ата-анасын қуанта берсін дегендей тілектерін жаудырады. Ал мерекенің ең шарықтау шегі, маңызды тұсы – сәбидің жынысын әкесіне айту сәті. Оған арнайы шар үрлеп, ішін баланың жынысына байланысты қызыл немесе көк түсті конфеттиге толтырады. Егер әкесі шарды жарғанда ішінен көк түсті конфеттилер түссе, ол ер бала деген сөз, ал керісінше қызыл түстісі шашу болып шашылса, қыз бала дүниеге келеді дейді. Сондай-ақ тәтті торт дайындап, оның ішін де қызыл немесе көк түсті креммен бояп дегендей түрлі қиялмен әрлеуге болады.
Көп уақыт өтпей-ақ осы шара да мұрты бұзылмай қазақ қоғамының есігін айқара ашыпты. Осыдан бірер күн бұрын танымал блогердің инстапарақшасындағы осындай мерекенің куәсі болдық. Үшінші баласына аяғы ауыр блогер баланың жынысын әкесіне айтты, әкесіне ғана емес, өзіне жазылған 200 мыңдай оқырманға паш етті. Арнайы бұрыш әзірлеп, күйеуі шарын жарып, ұл бала болатынына куә болып біз де отырмыз. Одан қалса әлгі блогердің анасы мен енесі бата беріп, туған-туыстары қошемет көрсетіп, бір дастархан басында атап өтті. Оқырмандары да екіұдай пікір жазыпты, бірі құттықтап, аман-есен қол-аяғын бауырына алуды тілесе, бірі еріккеннің ермегі екенін, мұндай ырымның қазақылыққа жат екенін жазып, кейіп жатты.
Біреуді сөккеннен аулақпыз, әрине, кім не істесе де өз еркі. Бірақ аяғы ауыр әйелге көз тиеді деп жатады. Әлі дүниеге келмеген нәрестені әлеуметтік желіге салып, пікір таластырған екі тараптың ортасына тастау қаншалықты дұрыс? Қазақылыққа келмейтін «патилердің» бізге қаншалықты қажеті бар, біз бұл ойды көзіқарақты оқырманның еншісіне қалдырайық…

Айжан Өзбекова