Ұлтаралық татулық – біздің басты байлығымыз

38

Кеше еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі өтті. Әлемдік пандемияға байланысты жиын онлайн форматта ұйымдастырылғанымен басқосуға әр өңірден делегаттар қатысты.

– Қиын жағдайға байланысты кеңес отырысын бейнебайланыс түрінде өткізіп отырмыз. Бұл жиынымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына арналады. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Мерейтойлық меже өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмысты қорытындылауға себеп болып отыр. Ассамблеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленісті, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында құрылды. Сондықтан ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керек, – деді кеңес отырысын ашқан Елбасы Н.Назарбаев.

Тұңғыш Президент 1992 жылдың 14 желтоқсанында өткен Қазақстан халықаралық форумында жұртымыздың келісімі мен бірлігіне негізделген Ассамблея құру жөнінде бастама көтерілгенін де еске салды. Ал 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойылды.
Кеңес отырысы барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы баяндама жасады.

– Бүгінде Жамбыл облысында 87 этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қоғамдық-саяси жағдай тұрақты.
Қордай оқиғасынан кейін бейбітшілік пен келісімді сақтау барлығымыздың ортақ міндетіміз екенін айттыңыз. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қордай ауданына арнайы келіп, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Алдымызға аймақтың дамуын тежейтін кедергілерді жойып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығындарды қалпына келтіру туралы міндет қойылды. Осы тапсырмаға сәйкес, Қордай ауданында зардап шеккен барлығы 157 нысан демеушілер есебінен толық қалпына келтірілді. 40 миллион теңгеге зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек беріліп, 600 адам 315 миллион теңге қайтарымсыз грант алды. 3600 азаматқа 5 миллиард теңгеге несие рәсімдеді. Нәтижесінде аудан кәсіпкерлерінің саны 102-ге өсті.
Сонымен қатар ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өңірде «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы жанданып, Қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Мемлекеттік тілді құрметтеу бағытында Қордай ауданынан қосымша 980 қазақ сыныбы ашылды, – деді Бердібек Машбекұлы.

Ал Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры Динара Нұралиева ұлттар достығына қатысты жүрекжарды сөзін жеткізді.

– Өзім Жамбыл облысындағы Жалпақтөбе ауылының көпұлтты отбасында тәрбиелендім. Әкем – дүнген, анам – ұйғыр. Арғы аталарым – орыс, өзбек, татар және басқа да бірнеше ұлттан тарайды. Сондықтан менің бойымда бүкіл Ассамблеяның қаны бар деп айтуға болады.
Біз әрқашан татулық пен бірлікте өмір сүріп келеміз. Ешқандай ұлтқа бөлінбей, ортақ жерімізде бір үзім нанды бөліп жеп отырған жайымыз бар.
Басты байлық – тұрақтылық екенін естен шығармауымыз қажет!
Біз әрдайым бірге болсақ, әлі талай асуларды бағындырамыз!
Қазір облыстағы аралас мектептерде мемлекеттік тілде білім беретін бірінші сыныптар көбейе бастады. Егер республикамыздың әр өңірінде аралас мектептер кезең-кезеңімен мемлекеттік тілде білім беруге көшсе, ұтарымыз көп болары анық. Бұл шешім барлық қазақстандық балаларды кішкентай күнінен ешқандай бөлінуге жол бермей, қазақ тілін жетік меңгеруге нақты қадам болар еді!
Бізде бір ғана ортақ мемлекеттік тіліміз, бір ғана ұлтымыз, бір ғана Отанымыз болуы тиіс! – деді мектеп директоры.

Айта кетейік, бұл күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңа орынбасарлары да тағайындалды. Мемлекет басшысының өкімімен Майя Бекбаева және Закиржан Кузиев осы лауазымды қызметтерді атқаратын болды.

 

Саян ТІЛЕУЖАН