Зейнетақы қаржысын пайдалану қалай жүзеге асырылады?

31

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану туралы тапсырмасы іске асырыла бастады. Енді жаңа жылдан бастап 760 мың жұмыс істейтін азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан баспана алуға, емделуге жинағының бір бөлігін пайдалана алады.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен арнайы баспасөз жиынында 2021 жылдан бастап зейнетақы қаражатының бір бөлігін мақсатты пайдалану туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Алдымен Еңбек және халықты әлеу­мет­­тік қорғау бірінші вице-минис­трі Ақмәди Сарбасов сөз алып, Президенттің тапсырмасын орындаудың жай-жап­са­ры Заңмен нақтыланғанын атап өтті. Аталған мақсатта «Қазақстан Рес­публи­ка­сының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне экономикалық өсуді қалпына кел­тіру мәселелері бойын­ша өз­герістер мен толық­тырулар ен­гізу туралы» заң аясын­да қажетті заң­­намалық түзетулер пысықталып, 23 желтоқсанда Парламент құжатты қа­былдады. Заңға сәйкес 2021 жылдан бас­тап қазақстандықтарға зей­­нетақы жи­нақ­тарының бір бөлігін тұр­­ғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емделуге ақы төлеуге немесе жеке бас­қарушы компанияларға қаражатын басқаруға беру үшін пайдалану құ­қығы беріледі.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлі­гін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығын бұдан бұрын бірнеше рет хабарланғандай жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары жеткілікті шегінен асатын азаматтар пайдалана алады. Сондай-ақ сақтандыру компания­ларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасаған адамдар, зейнеткерлікке шыққан азаматтар аталған мүмкіндікке ие болады. Жеткіліктік шек әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі.

«Сондай-ақ Заңда жоғарыда атал­ған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақ­тарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары үшін тұрғын үй жағ­дайларын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана ала­ды деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қара­жатын біріктіруге болады», деді А.Сарбасов.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың айтуынша, 2020 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 761 мыңнан аса адам зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады, олардың шоттарында 2,4 трлн теңгеден аса қаражат бар.

«Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жи­нағын тек­серіп, жеткілікті шегінен асатын қа­жетті соманың бар екеніне көз жет­кізуі тиіс. БЖЗҚ өз сайты немесе ұялы қо­сымшасы арқылы үзінді-көшірме алу­дың қолжетімді және жедел тәсілдерін ұсынады. Зейнетақы шотының жай-күйін egov.kz порталы арқылы да тексеруге болады. Зейнетақы жинақтарын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәсе­лелері жөніндегі уәкілетті оператор – Отбасы банкіне жүгіне алады. Уәкілетті опе­ратордан хабарлама алғаннан ке­йін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті оператордың арнайы шоттарына салу үшін аударуды жүзеге асырады. Сондай-ақ салымшы зейнетақы жинағын мақсатты қажеттіліктерге алған кезде жеке табыс салығын төлеу тәсілін таңдау құқығына ие болады (жарналар аударылған кезде ЖТС алынбағанын ескертеміз). Яғни азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыруды таңдаса болады немесе тұрғын үй жағдайын жақ­сарту және емделуге ақы төлеуге арналған жинақтарын алған кезінде ЖТС-ты толық көлемде өтей алады», деді Ж.Құрманов.

Жаңа жылдың басынан бастап Отбасы банк зейнетақы жинағын пайдалануға арналған онлайн платформаны іске қосады. Бұл жөнінде «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова кеңінен айтып берді.

Оның айтуынша, зейнетақы қара­жатын пайдалану үшін онлайн платформада өтініш беруге болады. Жоба ережелеріне сәйкес клиент өтініш тапсырған кезде арнайы порталға кіріп, электронды-цифрлы қолтаңба арқылы авторизациядан өтіп, жеке кабинетке кіреді. Клиент авторизация барысында үшінші тұлғаларға зейнетақы жарналары бойынша құпия мәліметтерді ашуға, жеке деректерін жинап, өңдеуге, жылжымайтын мүлікті жақын туыстарынан сатып алмау туралы міндеттемені және бірыңғай зейнетақы төлемдерін тек жақын туыстарынан қабылдау және тағайындау туралы міндеттемені орындауға келісім береді. Жеке кабинетте ол қаражатты қандай мақсатта қолданатынын таңдайды және сканерден өткізілген көшірмелер түрінде алдын ала дайындалуы тиіс құжаттар тізімімен танысады. Әр мақсаттың жеке құжаттар тізімі бар.

Әрі қарай пайдалануға қажетті соманы көрсету қажет. Клиент мақсаты мен оған жұмсалатын соманы анықтағаннан кейін «Өтінім жасау» батырмасын басады. ЭЦҚ арқылы БЖЗҚ-дан қаражат сұратуға қажетті үш келісімге қол қою керек. Клиенттің келісімін алғаннан кейін банк оның арнайы шоты бар-жоғын тексереді. Егер арнайы шот табылмаса, банк бұл туралы клиентке «қалқымалы» терезе арқылы хабарлайды. Бұл – клиент­ке арнайы шот ашу керек деген сөз. Арнайы шот ашқаннан кейін клиент жеке кабинетке қайта оралып, тоқтаған жерінен қайта жалғастыра алады. Ал арнайы шот болған жағдайда «БЖЗҚ-ға өтінім жолдау» батырмасын басу қажет. Клиент талап етіп отырған қаражаттың қажетті мөлшері сұралып, ізінше бұл сома арнайы шотқа аударылғаны туралы хабарлама келеді.

Клиент емделу мақсатын таңдаған жағ­дай­да, қаражат арнайы шотқа ауда­рыл­­ғаннан кейін медициналық қыз­мет­­ке ­қа­жеттілікті растау үшін дә­р­ігер­­­лік-кеңес беру комиссиясына (ДКК) жүгінеді. Растау туралы анық­та­ма алып, содан кейін емделу үшін меди­ци­налық ұйымға жүгінеді, ұйымда қан­дай қызмет ұсынылатыны, қанша тұ­ратыны және медициналық ұйым­ның мәліметтері көрсетілген келісім құ­ра­ды. Егер бұл шетелдік клиника болса, онда келісімшарттың нотариалды куә­ландырылған аудармасы да болуы керек. Арнайы шотқа ақша түскеннен кейін 45 жұмыс күні ішінде салымшы жоғарыда атал­ған құжаттарды алып, жеке кабинетке жүктеуі керек. Содан кейін уәкілетті орган оны тексереді, егер құжаттар дұрыс болса, ақша келісімшартта көрсетілген деректемелер бойынша аударылады.

Қажетті соманың бар екенін растайтын хабарлама келгеннен кейін, клиентке құжаттарды жүктеуге арналған терезе ашады. Клиент белгіленген форматтағы (JPG немесе PNG) құжаттардың ска­нер­лік көшірмелерін жүктеп, ақша аударылатын деректемелерді қолымен теруге тиіс. Деректемелер сканерленген құжаттарда көрсетілген деректемелерге сәйкес келуі керек. Құжаттарды жүктеп, деректемелерді жазғаннан кейін, клиент «Өтініш жіберу» батырмасын басады. Құжаттар арнайы шотқа қаражат түскеннен кейін 45 жұмыс күні ішінде жүктелуі керек. Әйтпесе, олар БЖЗҚ-ға кері қайтарылады.

egemen.kz