Науқан аясында Жамбыл облысы бойынша  3651 түп ағаш егілді, соның ішінде 1070 түбі жеміс талы, қалғаны туя, қара ағаш, терек, т.б.

Игі шара алғашқы болып Тараз шаһарынан бастау алып, облыстың рухани жүрегі болған Алла үйінің ауласына, қала мешіттерінде ағаштар егілді.

Жалғасын тауып келе жатқан шара бүгін Меркі және Жамбыл аудандарында орын алды. Жамбыл ауданы бойынша Бектөбе, Айша бибі, Бәйдібек мешітерінде жалпы 60 түп егілсе, Меркі ауданы бойынша 30 дарақ  бойын тіктеді.

Меркі ауданында өткен атаулы жиынға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев қатысып, өзі бастап ағаш екті. Сонымен қатар «30 жылдыққа 30 мың тал отырғызу» науқаны жайында телеарнаға сұқбат беріп, ел амандығы үшін дұға жасап, бата берді.

Айта кетейік, бұл маңызды шараны мешіт қызметкерлері, имамдар, мешіт жамағаты бірлесе атқарды.

Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Кімде-кім бір тал ексе, Алла Тағала міндетті түрде бұл тал жеміс бергенше оған сауап жазады» деген. Ал осындай игі амалды қолға алған ҚМДБ жұмысы жемісін бере берсін.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі

asyldin.kz