Жамбылдық жомарт жан балаларға планшеттер сыйлады

0 82

«Nur Otan» партиясы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы отбасы балаларын мектепке дайындауда «Мектеп жол» акциясын ұйымдастыруда үлкен белсенділік танытып келеді.

Бұл жағдай қазіргі короновирус пандемиясының күрделі кезеңінде жалпы білім беретін мектептерге оқудың басым бөлігі қашықтықтан өтетін шақта да өз жалғасын тауып отыр.

Биылғы оқу жылына жас жеткіншектерді дайындау жұмысы «Nur Otan» партиясының Жамбыл аудандық филиалында қызу қолға алынып, аудандағы тұрмысы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелерін қашықтықтан оқытуға аса қажетті компьютер, ноутбук пен планшеттермен қамтамасыз ету жолында мақсатты жұмыстар жүргізіп отыр.

«Мектепке жол» акциясы шеңберіндегі осындай игі істердің қатарында жақын күнде партияның аудандық филиалында «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі, көп жылдардан бері аудан халқына өзінің айрықша атымтай жомарттығымен көрініп жүрген Ғалымжан Таймасұлы Сағынтаевтың он балаға қашықтықтан оқу барысында барынша тиімді ықпал ететін су жаңа планшеттер тапсыруымен ерекшеленді.

Қайырымдылық көмекті қатарында, аз қамтылған, толық емес отбасының мүшесі Құлманбет Санжар, мүмкіндігі шектеулі Сәт Халида, көпбалалы отбасынан Арсен Лукин, ата-анасы жұмыссыз Күмісбек Айсұлу мен бір үйдегі 8 баланың бірі Қанат Еркемай сынды мектеп жасындағы балалар бар.

Короновирус пандемиясы кезінде қауіпсіздік пен сақтану шараларын қатаң сақтауға бар мүмкіндікті жасаған партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов жиналған ата-аналарға облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Сағынтаевтың Жамбыл ауданы халқына жасап келе жатқан қамқорлығы мен қолдауына ризашылығын білдіріп, аудан халқының атынан алғысын білдірді.

Сондай-ақ, қайырымдылық шарасы аяғында он планшетке ие болған қуанышты балалардың ата-аналары атынан сөз алған Аса ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Гүлсім Саурықова өз сөзінде, біздің дана халқымызда «берген жомарт па, әлде алған жомарт па» деген мәні терең, мәртебесі биік сөз бар ғой дей келе, қасиетті жеті төбені айнала қонған Жамбыл ауданы халқына, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға, қажетті қолдауға ие жалғыз басты қарттар мен ардагерлерге, тұрмысы төмен және аз қамтылған отбасыларға Ғ.Сағынтаев жасап келе жатқан жыл сайынғы шын пейілді демеушілік көмегіне ризашылық сезімін тебірене жеткізе отырып, оның осындай атаулы көмектерін естен шығармай жүрген біздер «жомарт» шығармыз деген ойын ашық айтып, деніне саулық, отбасына амандық, қызметіне сәттілік тіледі.

«Nur Otan» партиясының атынан Жамбыл ауданынан облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған Ғ.Т.Сағынтаевтың қайырымдылық көмекке мұқтаж аудан халқына көрсеткен бұл бірінші қолдау шарасы емес. Күні кеше коронавирус індетімен ауырған жергілікті тұрғындарға аса қажетті өкпе желдеткіші аппараттары мен азық-түлік себеттерін де алып берген осы халық қалаулысы болатын.

Жалпы, «Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі С.Қ.Арубаевтың ұсынысы бойынша жалпыхалықтың аса зор сенімі мен қамқорлығына ие болып отырған еліміздің бас партиясының «Бақытты отбасы-бақытты балалық шақ» жобасы аясындағы «Мектепке жол» акциясы шеңберінде бұған дейін 50 тұрмысы төмен және көпбалалы отбасы балаларына жергілікті кәсіпкерлер мен партия белсенділері тарапынан ноутбуктар мен планшеттер тапсырылған болатын.

 

Төленді Көпберген,

«Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалының консультанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.