Қоғам

Жануарларға да жанашырлық керек

Жануарларға да жанашырлық керек

Ақпараттық технология дамып, ғаламтордағы әлеуметтік желінің рөлі артқан сайын адам қолымен істеліп жатқан небір сұмдық пен сорақылықты көріп жүрміз. Әсіресе бейкүнә жан-жануарларды аяусыз қорлап, оларды қатыгездікпен өлтіріп тастаған сәтін бейнежазбаға түсіріп, ғаламторға жүктейтіндері нағыз надандықтың, қараңғылық пен қатыгездіктің нақ өзі. Тіпті қорқыныштысы сол, мұндай әрекеттерге заңмен айтарлықтай тыйым, ауыр жаза болмағандықтан уақыт өткен сайын ондай контенттерді көруге, оқуға етіміз де үйреніп келе жатқан сияқты.

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, жануарларға қатыгездікпен қарау адамдарға қатысты қатыгездік қылмыстардан 5 есе, мүліктік қылмыстардан 4 есе көп екен. Мұндай жағдайда қолданыстағы заңнамада жануарларға арналған баспана ұғымы және оларды салу стандарттары, үй жануарларын серуендету және күтіп ұстау ережелері туралы айтудың өзі артық. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелері бола тұра осыған жауапты мамандар ойына келгенін істеп жүр. Жалпы жануарларға деген аяусыздық әрекеттер соңғы жылдары елімізде тым көбейіп кетті. Айта берсек мысал жетерлік. Ит пен мысықты балалардың көзінше ағашқа асып қою, иттің басын тоңазытқыштың есігіне қысып өлтіру, судағы итбалықты сабап, қақаған қыста жол бойына келіп, адамдардан жәрдем сұраған түлкіні темірмен соғып алу, мысықты көпқабатты үйдің биігінен төменге тастай салу сынды жағдайлар еш ақтауға келмейді. Әрине бұл келтірген деректер құлақ естіп, көзіміз көргендері ғана. Ал тіркелмегені, ел естімей, еленбей қалғаны қаншама?! Ақпарат таратудың жолдары, түрлі тәсілі көбейген сайын мұндай жағдайлар да көбейіп жатқандай. Әлде расымен де ХХІ ғасыр адамдары тым қатыгез болып кеттік пе? Жалпы психологтар мұндай қатыгездікті әдетте әлсізге көрсетілген әлімжеттікке балап жатады. Яғни кішкентайынан үйдегі ұрыс-керістен жасып қалған, ортадағы әлділерден үнемі көретін қысымнан әбден мезі болған балалар өзінің осал еместігін осындай әрекеттер арқылы дәлелдеуге тырысатын көрінеді. Қалай болғанда да адам себепсіз агрессияға бармайды. Алты жасқа дейінгі балалар өзінің кейбір әрекеттерінен жан-жануарға, құрт-құмырсқаға зәбір көрсетіп жатқанын, оларға зияны тиетінін білмеуі мүмкін. Ал осы жастан кейінгі баланың мұндай қылықтарының бәрін қатыгездікке санауға болады. Сондықтан «Баланы жастан...» деген қазақы қағиданы естен шығармай, ата-ананың балаға беретін тәрбиесі о бастан дұрыс болғаны жөн. Жануарлар туралы кітаптар оқып беріп, фильмдерді бірге тамашалап, мүмкіндік болса зообаққа да жиі барып тұрған абзал. Бұл психологтардың кеңесі. Баланың жануарларға деген аяушылық сезімін оятып, қатыгездіктен бойын аулақ ұстауға тәрбиелеу бұл мәселенің бір ұшы. Ал біз, жануарларды қалай қорғап жүргеніміз, жалпы олардың құқығын қорғау – мәселенің екінші жағы. Жануарлар құқығы дегенде алдымен ет, тері өндірісі еске түседі. Бірден айта кетейік, әзірге мал сойып етін алуға, жануарлар терісінен киім тігіп, етік киюге ешқандай ел ресми түрде тыйым салған жоқ. Бірақ жануарларға деген көзқарастары, ұстанымдары әр түрлі. Бұл ретте қытайлықтар әлемге жануарларға қатысты қатызгездігімен танымал. Бұл ел билігі 2006, 2009 жылдары заңдарын күшейткенімен нақты прогресс жоқ. Баяғы жартас сол жартас. Яғни олар көбіне күнделікті дәстүрлі ас-ауқат мақсатында түрлі жануарларды айуандықпен өлтіріп жатады. Қысқасы әлем бойынша үй және жабайы жануарлар құқығын қорғау мәдениеті қалыптасып келеді. Ал біздің елде әлі көптеген заңдарды қайта қарау керектігі сияқты жан-жануарлар құқығын қорғау нормалары да көңіл көншітпейді. Бізде жануарлар Қылмыстық Кодекстің және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің бірнеше бабымен ғана қорғалып жүр. Алайда өркениетті елдердегідей арнайы заң жоқ. Заңның осындай солқылдақтығынан неше түрлі сорақылықты көріп жүрміз. Жақында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын әзірледі. Осы ретте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де қарап жатпай, аталған заң жобасын талқылау кезінде ескеру мақсатында ZOOM платформасы арқылы онлайн жүздесу ұйымдастырып, қазақстандықтардың ұсынысын тыңдады. Онда министр Мағзұм Мырзағалиев «Қазақстанда жан-жануарлардың өліміне әкеп соқтырған әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет», деп мәлімдеді. Бұл пікірмен толық келіскен отандастарымыз да көптеген ұсыныс жолдады. Бұл қоғамдық пікір Парламент қабырғасындағы заң жобасын талқылау жиынында ескерілмек. Осы ретте Жамбылдан шыққан жас ветеринар, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі, PhD профессоры Қуантар Әлихановтың пікірін сұрап-білген едік. – Жануарларға қатысты соңғы оқиғалар маған да ауыр тиді. Мемлекеттің араласуынсыз ветеринария мен мал шаруашылығы мәселелерін реттеу, жануарды аяусыз қорлауға тоқтам қою, оларға қорған болу мүмкін емес. ҚР Азаматтық кодексіне көз жүгіртер болсақ жануарлар «меншік зат» ретінде қарастырылған. Ал жабайы аңдар табиғи ресурстар ретінде қоршаған ортаны қорғау негізінде мемлекеттің меншігінде болып есептеледі. Демек елімізде кез келген адам қалаған кезінде ит-мысық асырап алып, қызық болмай қалғанда оны сатып жібере салуына, яғни қалаған жолымен одан құтыла салуына болады. ҚР Қылмыстық Кодексінде «Жануарларға қатыгездік жасау» бабы бойынша жануарлардың өлуіне немесе мертігуіне әкеліп соққан қатыгездік жасау, бұзақылық жас балалардың көз алдында жасалынса, 120 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл төлеуге немесе 30 тәулікке қамауға алу бойынша жаза қолданады. Екінші тармағында егер топтық, арнайы, алдын ала келісілген түрде немесе бірнеше мәрте қайталанып жасалған жағдайда 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынып немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұл 316-баптың әлсіздігі, Қылмыстық Кодекстің тар ауқымда екенін көрсетеді. Ал ҚР «Ветеринария туралы» заңының ең негізгі міндеті – жануарларды аурудан қорғау, емдеу, жануарлар мен адамдарды ортақ аурулардан қорғау. Бұл жерде жануарлардың әр түріне қатысты заңдар жазылған. Бірақ бұл талаптар көп жағдайда сақталмайды. Қалай болған күнде де бізге өркениетті елдер көшінен қалмай жануарларды қорғауға қатысты заң қабылдау қажет, – дейді жас ветеринар ғалым. Үнді халқының ұлы көсемі Махатма Гандидің «Әрбір ұлттың моралдық дамуын жануарларға қалай қарайтындығы арқылы білуге болады» дегені бар еді. Экономикамызды қанша жерден ұшпаққа шығарып, кеуде соққанымызбен егер жануарларға деген қарапайым ғана мейірім мен жауапкершілікті, адалдық пен қамқорлық сынды құндылықтарды қадірлеп, адамгершілік танытпасақ сырт көзге бәрібір артта қалған ел болып көрінеміз. Десе де заңға қарап қалған ешнәрсе жоқ. Бәрі адамдардың сана-сезіміне, тәрбиесіне, мейірімділігінің деңгейіне байланысты.

Жасұлан Сейілханов