Жарқын жүзі жадымызда

71

2020 жылдың 29 қазан күні Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры, жазушы-драматург Болат Бекжанов 62 жасында дүние салды.
Болат Үмбетәліұлы 1978 жылдан бері 40 жылдан аса уақыт журналистік, қаламгерлік, мәдениет және өнер жолындағы шығармашылық қызметте еліміз бен жеріміздің, Отанымыздың, туған өңіріміздің, оның ішінде қасиетті Тараз жерінің де өсіп-өркендеп, дамуына зор еңбек сіңірді.
Белгілі қаламгер «Болмайды ғой», «Редактордың қойын дәптері», «Өмір-драма», «Сахнадан сыр айтамын», «Құс жолынан жыр төктім», «Көз көргендер» атты алты томдық жинақтың (2018 ж.), «Шымылдықтың арғы жағы» (1998 ж.), «Бізбіз» (2009 ж.) атты сатиралар жинағының, «Құс қанатындағы сағыныш» (2008 ж.) атты поэтикалық жинақтың авторы.
Б.Бекжановтың қаламынан туған «Айша бибі» махаббат дастаны драмасы, «Үйлену увертюрасы» мюзиклі, «Өмір» атты мелодрамасы, «Жеті лақ», «Түлкі-бүлік» атты балаларға арналған ертегі қойылымдары облыстық қазақ драма театрында, сондай-ақ, еліміздің өзге де театрларында сахналанған. Ол орыс драматургі В.Красногоровтың «Әйел тауқыметі», татар драматургі Т.Минулиннің «Альдермаштағы Альдерман» атты драмаларын қазақшаға аударып, сахнаға шығарды.
Ол өмірінің соңғы айларында «Абай-Ақмай» атты жаңа драмасын және Түлкібас жерінің аталу тарихын ел аузындағы аңыздар бойынша зерттеп, сол негізде «Түлкі батыр» атты поэмасын жазып бітірді.
Болат Бекжанов сазгер ретінде де танымал болды. Оның әндерін бүгінде қазақ эстрадасының жұлдыздары орындап жүр.
Болат Бекжанов еңбек жолын 1978 жылдың 1 қаңтарынан облыстық қазақ драма театрында актер болып бастады. Осы өнер ордасында 1982 жылдың қазан айына дейін еңбек етіп, киелі сахна төрінде сан алуан образдарды сомдау арқылы тамаша актерлік шеберлік мектебінен өтті. 1979 жылы драматург Әлдихан Қалдыбаевтың жасөспірімдерге арналған «Шаншар атай» драмасында басты рөл Саматай образын үлкен шеберлікпен сомдап, сол кездегі КСРО бойынша Бүкілодақтық театр фестивалінің лауреаты атанды.
1982 жылдан облыстық кәсіподақтар комитетіне қарасты мәдениет үйінің директоры және аталған мәдениет үйіндегі драма тобының жетекшісі қызметін атқарды. Осы қызметті атқара жүріп, жұртшылықты халық шығармашылығы жұмыстарына үлкен белсенділікпен тарта отырып, мәдениет үйінің жұмысын үлкен биіктерге көтерді. Осындай белсенді жұмыстары нәтижесінде, 1985 жылы мәдениет үйіндегі драмалық топ «Халық театры» атағын алды. Сол жылдары аталған халық театры бірнеше рет облыстық және республикалық халық театрлары байқауларына қатысып, жеңімпаз атанды. Ал, Б.Бекжановтың өзі аталған театр үйірмесінің «Халық театры» атағын алуына қол жеткізгені үшін «Халық театрының үздік режиссері» атағына ие болды.
Б.Бекжанов 1990 жылы облыстық телерадиокомитетіне режиссерлік қызметке шақырылып, осы ұжымда 1993 жылға дейін редактор, аға редактор қызметтерін атқарды. 1993 жылы облыстық «Aq jol» газетіне әдеби қызметкер болып ауысты. 2001–2005 жылдары Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі қызметтерін атқарды. 2005 жылы жаңадан ашылған облыстық «Araı» жастар газетіне бас редактор болып тағайындалып, осы газет жұмысының қалыптасып, жолға қойылуына көп еңбек сіңірді. 2010–2014 жылдары Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде бас редактор қызметін атқарып, газет материалдарының сапалық деңгейін көтерумен қатар, көптеген ел қызығып оқитын жаңа айдарлар мен арнайы беттер ашты.
Б.Бекжанов 2014 жылдан өмірінің соңына дейін Асқар Тоқпанов облыстық қазақ драма театрының директоры қызметін атқарды.
Ол театр директоры және театрдың көркемдік кеңесінің төрағасы ретінде театрдың зор шығармашылық жетістіктерге қол жеткізуіне көп еңбек сіңірді. Театр репертуарына өз еліміздің, сондай-ақ, шетел классиктерінің де жұртшылыққа кеңінен танымал туындыларын енгізуді жолға қойды. Сонымен қатар, сахнаға бүгінгі күн тақырыбындағы, тарихи тақырыптардағы шығармаларды, әр түрлі оқиғалы комедияларды, балаларға арналған ертегілер мен шағын сюжетті спектакльдерді қоюды ұтымды ұйымдастыра білді. Сол қойылымдардың көпшілігімен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына және өзге де өңірлерге тұрақты түрде гастрольдік сапарлар ұйымдастырып тұрды. Болат Бекжановтың басқаруындағы облыстық қазақ драма театры тек соңғы екі-үш жыл көлемінде бірнеше рет республикалық және халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты атанды. Театр 2017 жылы Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, «Ашық аспан астындағы үздік қойылым» және «Үздік театр» номинацияларын жеңіп алды. 2019 жылы Татарстанның Қазан қаласында өткен халықаралық театр фестивалінде де арнайы жүлдеге ие болды.
Болат Бекжанов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде, осы одақтың игі бастамалы жұмыстарына да белсенді түрде ат салысып, белгілі драматургтермен тұрақты байланыс орнату арқылы театр репертуарын жаңа туындылармен байытып отыруға үлкен мән берді. Ол театртанушы ретінде де, салиқалы ойлар қозғайтын туындылар жазып, қаламгерлік қабілет-қарымын тағы бір қырынан танытқан еді.
Оқырмандары Б.Бекжановты талантты ақын-жазушы, драматург, сазгер, жан-жақты дарынды тұлға ретінде мақтан тұтты. Ол – өзі туып-өскен Талас ауданының және Тараз қаласының Құрметті азаматы.
Ол әдебиет, мәдениет және өнер жолындағы осынау зор еңбектері үшін әр жылдары Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» белгісімен, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағы тағайындаған республикалық «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының «Жыл драматургі» номинациясы жүлдесімен, республикалық көркем әдебиет туындылары байқауының «Үздік балалар драматургі» жүлдесімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медальдерімен марапатталған.
Болат Бекжанов жұбайы Жалғат Айтуева екеуі отбасында 4 ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде ұл-қыздарының бәрі де ел игілігі үшін қызмет етіп жүр.
Марқұм Болат Бекжановтың алды пейіш, арты кеніш, жатқан жері жайлы болсын! Біз Болат Бекжановтың халқымыздың мәдениетіне, әдебиетіне, ғибраты мол театр өнеріне сіңірген еңбегі мен артында қалған мол мұрасы кейінгі ұрпақ санасынан өшпей, жаттала беретініне кәміл сенеміз.

 

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұжымы

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы