Қоғам

Жастарға жалындаған жарасады

Жастарға жалындаған жарасады

Жуалы ауданында өзінің тындырымды ісімен көпке үлгі болып жүрген жас мамандар аз емес. Әсіресе, мұндай білікті мамандардың шалғай ауылдарда жұмыс істеуі олар көбіне көп қоғам назарынан тыс қалып жатады. Солардың қатарында ауданның ең шалғайында орын тепкен Қошқарата ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, мемлекеттік қызметші Руслан Назарбеков те бар.

Руслан Жүрсінбекұлы Қошқарата ауылының түлегі. 1992 жылы осындағы шаруа отбасында дүниеге келген ол аталған ауылдағы №9 Абай атындағы орта мектепті қатар-құрбыларымен бірге жақсы үлгеріммен аяқтаған. Мектептен соң Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік мемлекеттік университетін «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтаған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығын қоса алды.

Алғашқы еңбек жолын туған ауылынан бастауды жөн санаған жас маман Руслан Назарбеков 2017 жылы Қошқарата ауылдық округі әкімінің аппаратында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа қабылданып, бір жылдан кейін-ақ аталған мекемеде «келісім-шарт» негізінде жұмыс жасауға ауыстырылды. Үнемі жаңалықтар мен жаңа идеялардың ортасында жүретін жалынды жас осы екі жылдың көлемінде маман болып қалыптасуға, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйренуге талпыныс жасады. Содан елгезектігімен және тындырымдылығымен көзге түскен ол 2019 жылы Қошқарата ауылдық округі әкімі аппаратына бас маман – қаржы агенті болып жұмысқа қабылданды. Осы жылдары «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар Қанатына мүшелікке қабылданған.

Қошқарата ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары округ әкімі Жәнібек Мырзалиевтың басшылығымен ағымдағы жылдың 10 айында жемісті жұмыс жасады. Соның нәтижесінде, бірқатар көрсеткіштер өз уақтысында әрі сапалы орындалу үстінде. Бұл істе ауылдық әкімдіктің бас маманы Руслан Назарбековтың де қосқан үлесі зор.

«Жас келсе, іске!» деген сөз туған ауылына жанашыр азамат, жас маман Руслан Назарбековке қаратып айтылғандай. Себебі, ауылдық округтің әкімшілігінде, округ көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығында жас маман Русланның қолтаңбасы бар.

Ауыл өміріне белсене араласып жүрген жалынды жас Руслан Назарбеков қоғамдық іс-шараларға белсене араласқаны үшін былтыр Жастар жылы аясында аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталған. Басқа да марапаттары бар. Жас маман сұхбат соңында алдағы уақытта да Қошқарата ауылдық округін түлетуге атсалысып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жаңа Жолдауын қолдай отырып, жемісті жұмыс жасай беретінін жеткізді.