Жемісті еңбекке – жоғары марапат

45

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тәуелсіздік күні мерекесіне орай облыстағы бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Бердібек Машбекұлы ел дамуына елеулі үлес қосып, жемісті еңбегі үшін жоғары марапатқа ие болған азаматтарға алғыс білдірді.

– Біз тәуелсіздік жылдарында қарқынды дамып қана қоймай, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі, ЮНЕСКО, Еуразиялық Экономикалық Одақ секілді әлемдегі беделді ұйымдар Қазақстанды өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет деген баға беріп, бірлігі жарасым тапқан бейбітсүйгіш ел ретінде таныды. Бұл әрине, тәуелсіздігіміздің, дамушы елдер қатарынан көрінуге ұмтылған халқымыздың еңбегінің жемісі. Оның ішінде мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбек cіңіріп, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан облыстағы әр азаматтың еңбегі елеулі. Сондықтан облыс басшысы ретінде барлықтарыңызға алғыс айтамын. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! – деді Бердібек Машбекұлы.

Аталған салтанатты жиында аймақ басшысы Тараз қаласындағы «Жамбылтану» орталығының меңгерушісі Қалыбек Атжанды, «Темір — Байлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жансерік Әбдікерімовті, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұловты, еңбек ардагері Опабек Досаевты, Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мейірбек Жүнісовті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің кафедра доценті Пернайым Сағымбекованы, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзовті, осы аудандағы «КА — Строй ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс өндірушісі Бақыт Бектұрғановты, «Нұр Ал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дүйсехан Оңгелдиевті, Жамбыл ауданынан «Пионер» өндірістік кооперативінің бас агрономы Әлиомар Есенамановты, Байзақ ауданынан «Алди и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жамалбек Есенқұловты, Сарысу ауданынан «Алтын — Орда 2006» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дәулеталды Жанбаевты, «Айтуған» шаруа қожалығының төрағасы Айтуған Рыспановты, «Nur Otan» партиясы Меркі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратбек Көкрекбаевты, еңбек ардагері Жәбден Омаралиевті Т.Рысқұлов ауданынан «Қайқы» шаруа қожалығының басшысы Сәтжан Мамырбаевты, Мойынқұм ауданынан еңбек ардагері Байұзақ Саурықовты «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Марапаттау рәсімінде Б.Сапарбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Айтуған Рыспановқа ерекше назар аударып: «Мен Айтуған ағаны үй маңындағы бау-бақшасын жайнатып отырғанына куә болдым. Жасы 85-ке келсе де өте еңбекқор жан. Шаруа қожалық ісін де дөңгелетіп отыр. Еңбек адамы осындай болуы керек. Бұл кісінің еңбегін әр адам құрмет тұтып, үлгі алуы тиіс», – деді.
Бұдан кейін Шу аданы №18 М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі болған марқұм Асхат Өксікбайдың атына берілген жалғыз «Ерлігі үшін» медаль әкесі Берікбай Мисибаевқа табыс етілді. Осыдан 8 жыл бұрын Асхат Берікбайұлы аталған орта мектеп өртке оранғанда батылдық танытып, мектеп мұғалімдері мен оқушыларды тілсіз жаудан аман сақтап қалған екен.
Келесі кезекте Жамбыл ауданы Юрий Гагарин атындағы мектеп — лицейінің мұғалімі Светлана Абдрахманова, «Төле би» атындағы орта мектебінің мұғалімі Ғани Садықов, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының бөлімше меңгерушісі Жанна Абдуалиева, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Диятлова, «Мерей» халықтық-вокалдық ансамблінің көркемдік жетекшісі Әріпбай Мұсапанов, «Өркен-ниет» қоғамдық қорының президенті Ақжол Базаров, Сарысу аудандық орталық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Зина Аймағанбетова, облыстық көпбейінді ауруханасының бөлімше меңгерушісі Виктор Ким, Тұрар Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Шындос Мырзалиев, Жуалы ауданынан «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алмас Оразбаев «Шапағат» медаліне ие болды. Жиында сондай-ақ елдің экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасы құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасы Президентінің құрмет грамотасы табыс етілді. Тағы бір топ азамат «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.

 

Нұрым Сырғабаев