Журналистер латын қарпін меңгеру деңгейін тексерді

114
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады», — деген болатын. Бағдарламалық мақаласы аясында елімізде латын әліпбиіне көшуге байланысты ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр.
Соның бірі, БАҚ өкілдері арасында жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латын графикасында қазақ әліпбиін іс жүзінде меңгеруге дағдыландыру мақсатында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 6 қарашасында «Latynsha oqyp úireneiik» жаңа қазақ әліпбиінде жылдам әрі сауатты онлайн оқу байқауы өтті. Байқауға облыстық телеарналар мен баспасөз қызметкерлері қатысты.
Байқау 3 кезеңнен, яғни «Кім жылдам», бұл кезеңде қатысушылар берілген мәтінді жылдамдыққа оқыса, «Шапшаң болсаң оқып көр» кезеңінде қатысушылар берілген жаңылтпаштарды жаңылмай жатқа айтып шықты. Және «Караоке» үшінші кезеңде әр қатысушы жасырын ұяшықтың біреуін таңдап, берілген әнді жаңа қазақ әліпбиінде караоке арқылы орындады.
Нәтижесінде үздік деп танылғандар, І орынды «77 TV» телеарнасының журналисі – Фарида Базарбаева иеленсе, ІІ орынды «Jambyl» телеарнасының тілшісі – Қасымхан Бекен, ал ІІІ орынды қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің корректоры – Айдана Нұрман қанжығасына байлады. Сонымен қатар, белсене қатысқаны үшін облыстық «АРАЙ» газетінің тілшісі – Талғат Нұрханов  Алғысхатпен марапатталды.
Жаңа қазақ әліпби бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан да халықтың болашағы үшін пайдалы екені кең көлемде насихатталып келді. Ресми талқылаулар мен бейресми отырыстарда халықтың басым көпшілігінің латын әліпбиіне жаппай көшуді қалайтыны анық байқалды. Қазіргі заманның соңғы технологиялық жетістіктері, барлық ақпараттық-коммуникативтік байланыс құралдарының тілі латын әліпбиіне негізделгенін халық түсініп-біліп отыр.