Жылыту маусымына жан-жақты дайындық керек

55

Жаз мезгілі аяқталып, күз келісімен-ақ елдің «Биылғы қыс қатты болады екен», деген сөзін жиі естиміз. Кейде қыркүйектің бірде жылы, бірде салқын құбылмалы ауа райы да қыр астында тұрған қыстың мінезін ептеп сездіретіндей. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, күн жылы, жер қара кезде қысқа дайындық жұмыстарын жүйелеп алған жөн. Бұл орайда Жамбыл облысында қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары көктемде басталып кеткен. Қазіргі кезде жүргізіліп жатқан жұмыс жақсы, алайда бірқатар мәселе де бар.

Хамит ЕСАМАН

Облыс бойынша жылу беретін 437 қазандық бар болса, оның 427-сі бүгінде дайын тұр екен. Оған қосымша, жылумен жабдықтау желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сол сияқты, 3 346 шақырым болатын сумен жабдықтау же­лі­­лерінің 22 шақырымын жөн­деу жоспарланып, бүгінде бұл жұмыстар да аяқталған. Бірақ бүгінде Тараз қаласының тұрғындары үшін ыстық су өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жыл сайын әкімдік та­рапынан ыстық судың жыл­дың төрт мезгілінде де тұ­рақ­ты беріліп тұратындығы ай­тыл­ғанымен, іс жүзінде олай болмай тұр. Мәселен, «Қант зауыты» аумағында, «Қарасу» шағын ауданында әзірге ыстық су жоқ. Жаз бойы беріліп, енді тоқ­тап қалған ыстық судың жайы көпті толғандырады. Ал керісінше, қаладағы көптеген аудан жаздың кемінде бір-екі айында ыстық сусыз күнелтті. Дей тұрғанмен, осы уақытқа дейін 735 көпқабатты үйге ыстық су берілсе, қалған 30 үйді ыстық сумен қамту кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Алайда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің айтуынша, ыстық судан бөлек те жылыту мау­сы­мына қатысты бірқатар мәселе бар болып шықты. Өңір тұрғындарын көмірмен қам­тамасыз ету – басты мә­се­­ленің бірі. Әсіресе әлі газ тартылмаған шалғай ауыл­дар­да­ғы тұрғындарға негізінен көмір керек. Сонымен қатар бюджеттік нысандарға қажетті 67 мың тонна көмірдің 62 500 тоннасы тиісті қазандықтарға жеткізілген. «Енді 250 мың тоннаға тарта көмір қажет. Да­йындық барысы өте төмен. Тұр­ғындардан сұрайтыным, күн жылы, баға тұрақты кезде көмірді алу керек. Ертеңгі күні суық басталады. Көмір бағасы да көтеріліп кетеді», дейді Ұ.Жазылбек. Расында да мезгілі жеткен уақытта кез келген нәрсенің қымбаттайтын әдеті бар. Қазір жергілікті жұрт­шылық тұтынатын «Шұбар­көл» және «Қаражыра» көмір­ле­рінің тоннасы 14-15 мың теңге аралығында сатылуда. Ал енді қар түсіп, суық басталғанда мұның бағасы да аспандап кетуі мүмкін. Жыл сайын газдың тартылуынан үміт күтетін бірқатар ауыл тұрғындары биыл тағы да көмір жағуға мәжбүр. Мәселен, облыста 371 елді мекен бар. 1 млн 130 мың халық бар. Бірақ бүгінде 192 ауыл газбен қам­тылған. Қалған ауылдарға 2027 жылға дейін газ тарту жос­пар­ланғ­ан.

Жылыту маусымына байланысты тағы бір мәселе, ол заңды тұлғалардың да, бюд­жеттік мекемелердің де бере­шегі тура­лы болып отыр. Мәсе­лен, аймақта жылу энергетикасы бойынша қарыз көлемі 280 млн теңгені құрайды. Әкім орынбасарының айтуынша, оның басым бөлігі, яғни 125 млн теңгесі Тараз қаласының тұрғындарына тиесілі. Сол сияқты, тұтынушылар газға 90 млн теңге көлемінде берешек. Бұл да тиісті нысандардың жұмыс істеуіне, қажетті нүк­те­ле­рін ауыстыруға кедергі келтіруде. Сол сияқты облыс тұрғындары үшін пәтер иелері кооперативтерінің жүйесіз жұ­мы­сы да негізгі мәселеге айналған. Облыс бойынша 1 720 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 1 365 үй Тараз қаласында болса, қалған тұрғын үйлер Жаңатас, Шу және Қаратау қалаларында орналасқан.

«Бұл бойынша дайындық жұ­мыс­тары қана­ғат­тан­дыр­май­ды. Пәтер иелері коопе­ра­тивтерінің жұмысы өте нашар. Аталған мәселе бойынша шағымданушылар көп. Бірақ оларды халық басқару органы ретінде өздері таңдаған. Біз тұрғындардан пәтер иелері кооперативтерімен жұмыс істеуді талап етеміз», дейді облыс әкімінің орынбасары.

Бұл ретте аталған кооператив әрбір тұрғын үй­­дің жылу маусымына да­йын­дығын, тағы да басқа техни­ка­лық қауіпсіздігін тексеруі керек. Әйт­песе жоғары қысыммен жылу келгенде тұрғындарға қауіп төнуі мүмкін.

Бүгінде Тараз қаласындағы көптеген тұрғын үйлердің то­зы­ғы жеткен. Кейбір пәтер­лер­дің төбесінен жаңбырлы күндері су ақса, енді бірі жылу ұстамайды. Кейбір көпқабатты үйлердің де кіреберісінің терезелері аңғал-саңғал. Сынған, бүлінген. Десе де, 2020 жылы ел Үкіметі тарапынан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы бо­йынша 3 млрд 300 млн теңге бөлінген. Ол қаражатқа Тараз қаласындағы 80 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, олардың шатырлары мен инженерлік желілері және кіреберіс терезелері ауыстырылуда. Аталған тұрғын үйлер қысқы жылыту маусымына дайын. Қалғандарына да қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, қысқы жылыту маусымына дайындықтың өзі үлкен жауапкершілікті қажет ететін науқан. Дайындық кезінде әрине мәселе де қатар жүреді. Жалпы, өңірді қысқы жылыту маусымымен қамтамасыз ететін бірқатар ірі кәсіпорындар бар. Мәселен, «Жамбыл жылу» мекемесінің директоры Мүслім Қа­сымовтың айтуынша, дайын­дық жұмыстары жақсы. Жылу беруге дайындық барысында «Қарасу» шағын ауданы мен «Қант зауыты» аймағындағы екі қазандықтың жұмысы уа­қыт­ша тоқтатылып, сынақ жұ­мыс­тары жүргізіліпті. Нәти­же­­сінде, жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ өткен жылы бумен істейтін екі қазандық ауыстырылған. «Жылу беру уақыты ауа райына байланыс­ты жүзеге асады. Біздегі мекеме бойынша 76 қазандық бар. Оның 43-і Тараз қаласында бол­са, қалғаны Байзақ, Жамбыл аудан­­­дарында орналасқан. Бүгін­де бізде 390 тонна тиісті отын, яғни резервтік мазут бар», дейді ол.

Еліміздің Солтүстік, Шығыс өңірлерімен салыстырғанда, Жамбыл облысында күн жылы. Өткен жылы қазан айының соңын ала қар түскенімен, іле күн қайтадан жылып сала бер­ген. Бірақ биылғы қыстың қандай болатынын болжау қи­ын. Әйтеуір, ел арасында «Биылғы қыс қатты болады екен», деген әңгіме көп…

 

Жамбыл облысы

egemen.kz