Бекзада жүректің бестомдық қазынасы

29

Қадірлі, қасиетті, қастерлі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, хас сұлу өлеңнің өрнегі бөлек ханшайымы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ардақты һәм аяулы ақын Күләш Ахметованың көптомдық шығармалар жинағы он мың данамен қалың оқырманға жол тартты.

Қазыналы қазақ әдебиеті тағы бір інжу-маржанмен толығып отыр. Ол – саф сезім мен зор парасаттылықтың иесі, бар табиғи болмысымен «әдебиет ардың ісі» деген ұстанымды назиралы нәркес өлең құдіретіне сыйдыра білген ел ақыны, Алла жазса, биылғы сәуірде 75 жасқа аяқ басқалы отырған Күләш Ахметованың көптомдығы.
«Дәуір» баспасынан жарық көрген бестомдықта дәуірлердің үні жаңғырып тұрғандай. Күллі әлемдік күрделі мәселелер мен ұлы жаратылыстың таңғажайып көркі, қоршаған орта, туған табиғат, ұлт мүддесі, ұрпақ тағдыры, ізгілік пен имандылық, адамгершілік пен мейірбандылық, адал достық пен мөп-мөлдір махаббатты жырлаған мақтанышымыздың бірінші томына өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері жазылған лирикалық өлеңдері, поэмалары, сонымен қатар бұрын жарық көрмеген туындылары топтастырылыпты.
«Ақын деген – бақытты халық. Тәңірдің өзімен жарысып, әлемді қайта жаратады. Тәңірден де асырып, жамандықты білмейтін, тек жақсылықтан ғана тұратын жарастықты әлем жаратуға тырысады. Өлеңінде тірілген сондай игілік әлеміне өзі ғана егіліп қоймай, өзгелерді де еліктіреді. Өлеңіндегі өмірдегідей әділетті, пәктікті, адалдықты, рақымдылық пен мейірбандылықты аңсатады. Оны аңсайтын адам өзі зұлым, нәмәрт, пасық бола алмайды. Сөйтіп, табиғат жаратқан, әлеумет жаратқан әлемге шын ақын, шын өлең мысқалдап болса да жақсылық дарытып, жайдарыландыра түседі. Күләш – сондай ақын. Күләштің қаламынан тек сондай ғана өлең туады. Оның өзінің де өңінде ылғи күлкі, көзінде нұр тұратыны сияқты өлеңі де ылғи шуақты, мейірбан, биязы… Ол ананың пейіліндей дарқан, ғашықтың жүрегіндей отты, сәбидің еңбегіндей нәзік, қарындастың көз жасындай мөлдір», деп тебіренеді бірінші томның алғы сөзінде алаштың айбозы Әбіш Кекілбаев.
Ақынның осындай парасатты болмысы аталмыш көптомдықтың біріншісі мен екіншісінен-ақ анық аңғарылары ақиқат. Сол екінші томында қазақтың Қадыр Мырза-Әлісі: «Күләш Ахметова – көп ақынның бірі емес. Өз алдына бөлектеу тұрған сегіз қырлы, бір сырлы тұңғиық ақын. Жан-жағына келіп қарауға уақытым болмай, бір қырынан ғана келдім. Бір қыр, бір ғана қыры! Бірақ соның өзін жеткізіп айта алдым ба?! Айта алмадым ба?! Білмедім! Анық көзім жеткен бір-ақ нәрсе – ол Күләштің нағыз ақын екендігі», деп тебіренеді. Ал үшінші томында белгілі сазгерлер ән шығарған ақынның өлеңдері еніпті. Мұнда Әбділда Тәжібаевтың жарты ғасырға жуық уақыт бұрын «Күләш жырлары мені қатты қуантты. Таза сағыныштардан, жарық армандардан туған мұңды, мөлдір жырлар әуендеріне үн қосқандай сезіндім, жыр құдіретімен жаңғырғандай, жаңа дүниеге кіргендей жадырадым», деген пікірі сөз бастапты.
Төртінші томға көрнекті тарихи тұлғалардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, әдебиет майталмандарының, өнер саңлақтарының ақын шығармаларын талдай отырып берген дәйекті бағасы мен ізгі лебізді ой-толғаулары, зерттеу мақалалары және арнау өлеңдері топтастырылған. Бесінші томынан өмірі мен өнері біте қайнасқан қаламгердің отбасы, Отан, заман, тіл тағдыры туралы өзекті ойларын, ұлттық идея мен жаһандық даму үрдісі, қазіргі қоғамның жай-жапсарын қозғаған мақалалары мен сұхбаттарын оқуға болады.
«Түнек заманда туып, тауқыметті тірлік кешіп, ерте ағып түскен қазақ өлеңінің жарық жұлдызы Ұлбике апасының аруағы Күләшқа әрқашан риза. Риза болатын себебі – Ұлбикелер «Өлеңіне сыйғыза алмай кеткен өмірді» Күләш өлеңіне сыйғызып, ұлт рухының үзілген алтын жіптерін өзінің нәзік сезімге толы жырларымен әрі қарай жалғады. Жалғай береді де. Күләш жырларының көкжиегі кең. Ол нені жырласа да, қай тақырыпты қозғаса да жеріне жеткізе, айтар ойының астарын барынша жарқырата аша біледі», депті бұл кезекті томдықта Несіпбек Айтұлы.
Расымен де, қаламына мөлдір өлеңнің киесі қонған, өмірге деген терең құштарлықты шығармашылығының өзегіне айналдырған, отаншылдықтың асқан үлгісін жүрегінен жарып шыққан отты жырларымен көрсете білген қаламгердің осы күнге дейін жиған қазынасы салмақты. Тазалық пен даналықты, әйел жанының нәзік қырларын өлеңге арқау етуден жалықпаған қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің бұл жинағы көзіқарақты оқырман үшін баға жетпес құнды дүние болары анық.
«Өзінің заманына еш уақытта ақындардың көңілі толған емес. Бірақ мен осы заманды жақсы көремін. Азаттығымды, егемендігімді сүйемін. Заман деген тек сенің мемлекетіңнің басындағы күй емес, ол бүкіл әлемдегі жағдай. Қазіргі заманның қауіп ететін, үрей туғызатын, уайымға батыратын жақтары көп. Ақпарат алғашқы орынға шықты. Әлем жаһанданып, тұтасып барады. Ұрпақтың рухы әлсіреп жатыр. Ол тіл, діл, дәстүр, тарих тәрізді ең қасиетті құндылықтарымызға қол сұғуда… Мен ұлтымның қасіретін уайымдаймын. Сол туралы жазамын», деп ақынның өзі айтқандай, халқының мұңын мұңдаған Күләш ақынның толғамды томдығы талайға тағылым болары анық. Сондықтан қазақ әдебиетін тағы бір қазынасымен, оқырмандарды рухани олжасымен шын ниетпен құттықтаймыз!

Нұржан Қадірәлі