Елбасы мақаласының берері мол

19

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы Байзақ ауданында да жүйелі іске асуда, – деп хабарлайды Jambylinfo.

Осы бағдарламаның жүзеге асуына жауаптының бірі, арнайы құрылған кеңес төрағасының орынбасары Дәуір Дәулетов өңірде «Рухани жаңғырудың» негізгі бағыттары бойынша мақсатты және жоспарлы шаралар қолға алынғанын айтады. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты міндеттерін іске асыру бойынша бірқатар іс-шаралар мен жобалар жүзеге асқанын сөз етті.

Аудандық Әл-фараби атындағы мәдениет үйінің директоры Аманкелді Тлеповтің де бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар жөнінде айтары бар. Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатова бұдан үш жарым жыл бұрын қабылданған бағдарлама мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында облыста тындырылған тірліктер Байзақ ауданының да қосып отырған үлесі зор екенін жеткізді.

Мәселен Байзақ ауданында ақпараттық көрнекіліктер жақсы жолға қойылған, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша осы ауданнан бастау алған «Асарлатып үй салу» жобасы да қарқынды жүзеге асырылып жатыр екен. Елімізде кеңінен қолдау тапқан жоба аясында облыс бойынша 123 тұрғын үй салынып жатса, соның оннан астамы осы ауданға тиесілі көрінеді.

Сонымен қатар пандемия кезіндегі қиындықта елдің бірлігін, татулығын алға тарта отырып, елбасының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясына да байзақтықтар үлкен үлес қосқан. Қазір демеушілер мен меценаттардың есебінен іске асқан жобалар мен қайырымдылық шараларын есепке алу, онлайн форматта ұйымдастырылған шаралардың сапасына мән беру, ел игілігіне қызмет ететін жаңа жобалардың маңыздылығы қолға алыныпты.

Аталған бағдарламалар аясында жаңадан қабылданған «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық мәдениет», «Үнем — қоғам қуаты», «Еңбек — елдің мұраты» арнайы жобалардың мақсаты өз алдына бір тақырып. Бұл бағыттарда да түрлі шаралар бастау алыпты. Маңызды құжаттың басым бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар мен жобалар бүгінде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттауда.