Ерекшелігі мол экспедиция
Ерекшелігі мол экспедиция
Жастардың болашағы жарқын болуы үшін өткенінен тәлім алу құптарлық қадам. Өз кезегінде елдің ертеңі саналатын өрендердің сол қадамды еріктіліктің ерекше түрі арқылы нықтап басуы қуантады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған Волонтерлер жылында еріктілер қозғалысының сан түрлі бағытына жол ашылғаны мәлім. Сәйкесінше бұған дейін еріктілікті қарттардың үй шаруасына көмектесу, үлкенді-кішілі шараларда флешмобқа қатысу деп қабылдайтын қоғамдық көзқарас та түбегейлі өзгерді. Мәселен жамбылдық ерікті жастардың бір тобы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша «Үздіктер таңдауы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Bizbirgemiz: Асыл-Мұра» волонтерлік бағытымен Жуалы ауданы, Бақалы елдімекені, Жылқышытөбе маңындағы археологиялық-қазба жұмыстарына қатысты. Тарихи-танымдық экспедицияға қатысқан алғыр жастың бірі Ерхан Мелдебек бұл сапардан үлкен әсер алғанын айтады. –Экспедиция барысында біз кәсіби археологтардың көмегімен көптеген қыш-құмыралардың сынықтарын, ерте кезде қолданған тұрмыстық заттарды және адам сүйектерін таптық. Осылайша топырақ көмілген талай тарихи мұраның топырақтан аршылуына атсалыстық. Қазақстан тарихы бойынша мектепте, оқу орнында алған теориялық білімімізді практикамен ұштастыра алдық. Алдағы уақытта осындай экспедициялардың санының артқанын қалаймын, – дейді ерікті. Талғат НҰРХАНОВ