Ғаламтор және дін

22

Бүгінде ғаламтор желісі дінді зерделеудің негізгі құралы болып отыр. Сол секілді, Ислам дінін бұрмалайтын және теріс бағытқа бағдарлайтын да осы ғаламтор. Көңіл қойып, талдасақ Исламды насихаттаушы сайттардың мұсылман жолын ұстанған тұлғалар үшін жағымсыз жағынан ықпал жасап отырғандығына көз жеткіземіз.

Жалпы әлемдік желіні пайдаланушылар арасында Ислам дінінің қарсыластары құрған тұзаққа ілініп, теріс бағытқа бет бұрған азаматтарымыз жыл санап көбейіп келеді. Соның салдарынан көпшілік Ислам дінін қоғамға, бүкіл әлемге төнген қауіп-қатер ретінде қабылдайтын жағдай қалыптасты.

Елбасымыздың Жолдауында көзделген бес негізгі басымдықтардың ішіндегі ел қауіпсіздігін күшейтуге арналған үшінші басымдығында терроризммен күрес жүргізу мәселесі айтылған. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады» деген. Сонымен қатар, Жолдауда ғаламтор мен әлеуметтік желіні экстремистік әрекеттерге тарту мен дәстүрлі дінге жат идеологияны насихаттау құралы ретінде пайдаланатын лаңкестердің жолын алдын ала кесіп, нақты тойтарыс беру жұмыстары айқындалған.

Әрине, бүгінгі таңдағы өмірді ғаламторсыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, оның адамзатқа пайдасы өте көп. Ол арқылы алыстан жылдам хабар алып, қажетті мәліметтерді тез тауып жүрміз. Діни басқарма және облыстардағы орталық мешіттердің жанынан ашылған заманға сай сайттар да адамдарға пайдалы діни ілім таратуда. Діни басқарма тарапынан шыққан және мақұлданған діни кітаптардың электронды нұсқаларын оқып қана қоймай, көшіріп алуға да болады. Ғаламтор арқылы тәрбиелік маңызы бар діни бейне уағыздар және ислами кино көруге болады. Мұның бәрі ғаламтордың пайдасы екені сөзсіз.

Сонымен қатар, мұсылман жолын ұстанған жастарымыз ғаламтор арқылы адам санасына, іс-әрекетіне зиян тудыратын материалдармен ақпараттанып жүр. Алайда, бұл кеңістікті дінді жеке мақсаттарына пайдаланатын Ислам атынан фанатизм мен жат радикалдық идеяларға насихаттайтын түрлі сайттар басып алғанын да естен шығармаған жөн. Ғаламторда көрген, оқыған және естіген нәрсенің барлығын саналы түрде сараптаған дұрыс. Сонда ғана тура жолдан адаспаймыз.

Нұрым Қуанышев,

облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің инспекторы