Кестелі орамал

9

Сұрапыл соғыстың мұң бояуы басым ең ұлы картинасы арудың көз жасы тамған хаттар мен жауынгердің әні секілді көрінеді кейде. Кейде дейміз-ау, ажалдың ауылына аттанған солдаттың сүйгенімен қоштасарда артына үздіге қарағаны қимастықтың отына өртенгені емес пе? Сонда жанына дауа болатын бойжеткеннің естелікке берген кестелі орамалы ғана. Жан қалтасында жұпар шашып, көңіліне нұр төгіп, өмірге құштарлығын арттырады. Кейін бәрі аяқталған соң сол орамал әнге ұласып, бораған оққа бөгет болған махаббаттың символына айналып кете баратыны қызық!

«Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір, ал қалғаны жай күндер». Солай-ау. Халық жазушысы Мұх­тар Шахановтың осы бір мөрлі де мөл­дір өлеңінде үлкен азаптың бұ­ғынып жатқанын сезсейші. Осы тақы­­рып сөз болғанда қилы-қилы кезең­де өмір сүріп, сүйген жанға, ға­шық жарға асыққан көңілдің, ала­бұртқан сезімнің тап барып тамырын басқандай болатыны несі екен?

«Помню, как в памятный вечер

Падал платочек твой с плеч,

Как провожала и обещала

Синий платочек сберечь».

Бұл сонау заманда махаббаттың әнұранына айналған «Көк орамал» әнінің алғашқы шумағы. Әкелеріміз аузына тастамай айтып жүретін би кештерінің ыстық ырғағы десек те болады. Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдары Мәскеу бағындағы әлдебір кеште поляк композитор Ежи Петербургский фортепианода әдемі лирикалық әуен орындайды. Мұңлы музыканы естіген ақын Яков Галицкий ерекше әсерленіп, сол сәтте әнге арнап «Көк орамал» атты өлең жазады. Туған жері мен сүй­генін сағынған қаламгердің жүрек сөзі сазгерге бірден ұнап, көп ұзамай туынды жарыққа шы­ғады. Осылайша «Көк орамал» кеңес­тік вальс әні деген статусқа ие болып, әлемді шарлайды.

Бәлки бір бүйрегіңізде бүлк-бүлк етіп жатқан сағыныштан, бәлки нәп-нәзік және сондай жеп-жеңіл тәтті мұңнан ба, әйтеуір көк орамал десе, көңіліңізде бір сезім көктемгі көк тұмадай дүр-дүр ете қалатындай. Бұл көк орамал біздің аталарымызға әжелеріміз өз қолымен тігіп, тарту еткен кес­телі орамал ғой. Неге өйтпесін: күні кеше ғана сенің бабаң, тіпті асы­лық емес-ау, сенің әкең я анаң осы бір асыл сезімді бастан кешті емес пе? Осы екі-ақ ауыз сөз аталғанда кеуде тұсында бір ғажайып махаббат дариясы арнасынан асып-тасып, шалқып-шаттанбаған жан аз болса керек. Ал бүгін ше?

Бүгін бәрі басқа. Ештеңе бол­ма­ғандай… Белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Кестелі орамал» атты кесек шығармасы бар. Оқымай-ақ тақырыбынан біраз сырдың ба­сы ашылып тұра­тындай. Мұндай сүйекті сөздің, өзекті тақырыптың ішінде нешеме дүние жатқанын пайымдап, парықтап білу тағы сіздің есе­біңіздегі дүние болса лазым. Әмсе, біздің мақсатта Сәрсекеевтің аты атал­ған шығармасын ежіктеп тал­­дап беру емес-ті. Керісінше, жа­­зу­шы шығармасын есепке ала оты­рып, осы ретте туынды тақы­рыбының жарты шығарма жүгін көте­ретінін ескерте келіп, бір дә­уір­дің, бір қоғамның жазбауға, көтер­меуге болмай қалған кестелі орамал тақырыбына қайта айналып соққымыз келгенінен еді.

Ойша шолып көріңізші, балбалы бүрлеп, баяны дүрлеген бағзы күннен таяқ тастам жердегі XX ғасырға дейін екшеңіз: ғашық жар, ынтық көңілдің сұлу галереясы көз алдыңызға келетіндей. Сыр­лы сезім де, сол сезімнен өрт­ке айналған, өзек қарып, жан шыдатпаған ыстық махаббат та сонда. Бәдізшіден қалған жырдай қиссауи ғасырдан жеткен ғашықтық жырларға елітесің де, көңіл­дің тоқсан толғақты күйін шертесің де отырасың. Құдды бір ішіңе өрт түсіп кеткендей.

Мұндайда, арыға бармағанның өзінде ғажайып ақын Жұмекен Нәжімеденовтің басынан өткен жай да ешкімді бейжай қалдырмаса керек-ті. Көңілі қалаған, жүрегі сүйген Нәсіп қыздан кестелі орамал алып, мәңгілікке қосақ еткен Сабырұлы сол сертінен айнымапты. Ұлы Жұмекенге айналып, халқының шексіз махаббатында жүрсе де, ыстық-ыстық сезімнің шарпысында ғұмыр кешсе де, ақынның алып жүрегі баба өсиетнамасына бойсұнғандай әуелгі адал қалпынан бір сәт ауытқымапты. Даңқ атаулының қақ төбесінде тұрған сәтінде де қыз Нәсіптің сезімін орап ұсынған кестелі орамалы көз алдында тұрыпты. Ғажап емес пе?! Әсілі, мұндай асыл сезім кіршіксіз адал, қиянат атаулыдан ада ақтұма сезімнен туындаса керек. Ал оған себепкер де «тілсіз тілмен» кес­теленген кестелі орамалдың қасиеті деуге болады.

Енді осы ғашықсый туралы аз-кем тоқталсақ. Жастар некелерін қиғанға дейін жиі кездеспей, жең­гелерінің көмегімен, кестелі орамал арқылы жұмбақтап сырласатын болған. Сөйтіп, кестелі орамал тілмен айтып жеткізгісіз сүйіс­пеншілік пен сенімнің символы бо­­лып ғасырдан-ғасырға жеткені ақи­қат.

Мұны айтпағанның өзінде, сонау сұрапыл соғыс жылдары талай жауынгердің жігерін жанып, жеңісті күндерге үкілі үмітпен жетеледі. Бәрі де сұлу жардың үздіге, үзіле ұсын­ған кестелі орамалын кеудесіне басып, отбасына деген сағынышын, одан артып ел мен жерге деген махаб­батын бәсеңсітті. Сөйтті де, сұ­ра­пыл оттың ішінде жасындай жар­қылдап жүрді. Әрі көбі бір үмітті – кестелі орамал сыйлап, қиыла қалған қаракөз қыздың бейнесін құша жүріп аман қайтты да…

Тағы да ойға қаласың. Жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Арзу» атты әңгімесін парақтап шығыңызшы. Мұнда да шығарма кейіпкері Шәм­сияның кестелі орамалы. Мұнда да екі жастың сол ғашықсыйдан тұ­танған махаббаты. Содан емес пе, Ақ­қозының (бас кейіпкер) қабір басына барып түнеуге дейін шешім қабылдап, сүйген жарын аласұра іздейтіні. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.

Көрдіңіз бе, бүгінгі жаһандану дүбіріне елегізіп, еліріп кеткен ен­жар қоғамда, сөз арасында айтқа­нымыздай, махаббаттың ғажап үл­­гісі бар ма? Бар болса, қанеки? Алау-далау өмірдің қызылды-жа­сыл­ды тірлігімен болып, өз бойын­дағы асыл сезімді мұндай асқан жауапкершілікпен, кіршіксіз көңіл­мен жеткізетін жастың бүгінде некен-саяқ екені де рас. Мұны ойла­ғанда, әттең, шіркін, сол күнге ұлт бо­лып оралуға асығасың!

Шыны керек, «Көк орамал» әнін тыңдап отырып, әр нәрсені ой­лайсың. Түптеп, түстеп қайтеміз, көңілге келген ойдың бір ұшы осы еді. Оқыған жанның бәрі ғибрат алса, өнеге етсе дедік. Атақты композитор Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал» атты тамаша әнін білесіз бе? Бәлки, есіңізде болса, бір сәт сол әнді әуелетіп көріңізші.

«Кестелі ақ жібек орамал,

Алыстан жолдаған сүйген жар.

Жауынгер жарым, сен есіңе ал, –

Деп жазған оюлап хаты бар».

egemen.kz
© egemen.kz