Тарихқа құрмет - ұрпаққа міндет
Тарихқа құрмет - ұрпаққа міндет
Жуалы өңіріндегі Бақалы елді мекеніндегі ежелгі өркениетпен ұштасқан тарихи қалашық отандық тарих ғылымы үшін айтулы жаңалық болғаны мәлім. Сырын ішіне бүккен, топырақ астындағы Жылқышытөбеден аршылып алынған әр тарихи кезең өлке тарихына жаңаша көзқараспен қарауға шақырды. Өз кезегінде өткен мен болашақтың арасындағы алтын көпір саналатын игі істің басы-қасынан жамбылдық ерікті жастардың жүруі көңілге айрықша қуаныш сыйлайды. Президент пәрменімен жарияланған Волонтер жылында еріктілер қозғалысының ерекше түріне леп әкелген әулиеаталық жастардың бастамасын қай тұрғыдан да үлгі етуге болады. Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша «Үздіктер таңдауы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Bizbirgemiz: Асыл-Мұра» волонтерлік бағытымен Жуалы ауданы, Бақалы елдімекенінің Жылқышытөбе маңындағы археологиялық-қазба жұмыстарына қатысқан ерікті жас Ақмарал Рахымбай бұл экспедиция тарих ғылымына деген қызығушылығын арттыра түскенін жасырмайды. –«Bizbirgemiz: Асыл-Мұра» жобасы арқылы волонтер ретінде тарихи-танымдық экспедицияға қатысқаныма қуаныштымын. Тарихи аймақтың тасын түртіп, топырағын қазу арқылы Қазақстан тарихын өзіме беймәлім қырынан жақсырақ танып жатырмын. Және де көптеген тың деректермен таныстым. Жылқышытөбе орнындағы қалашықтың І-ІІ ғасырда салынғанын хабардар болып, ондағы тарихи кезеңдер жайындағы білімімді нақты әрі заттай деректер арқылы нақтылай түстім, – дейді ол. Талғат НҰРХАНОВ