«Туған жердің киесі мен қасиетіне не жетсін!»

18

Ауыл – қазақтың түп-тамыры, алтын бесігі. Әдет-ғұрпымыздың, салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған қарашаңырағы. Сан толқын ұрпақтың кіндік қаны тамған, маңдай тері төгілген, тамыр тартқан киелі мекені. Сондықтан әр перзент үшін кіндігін кескен, қаз-қаз басып өскен, тұнық өзенін кешкен, мөлдір бұлағының суын ішкен ауылдың орны бөлек. Қай қиырда жүрсек те кіндігіміз байланған алтын бесік ауылдан алыстап кете алмаймыз. Яғни ел аузында жүрген ән жолдарында айтылғандай, «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді».
Осы орайда танымал тұлғалардың, сан салада еңбек етіп жүргендердің туған жері жайлы толғанысын, естелігін жариялап отыруды жөн деп білдік. Ендеше, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтің туған жері – Жайылма жайлы жүрек тербеген жып-жылы естелігін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Әркім де өз туған жерін мақтан етеді. Шаң-тозаңы ұшып, соры көтеріліп, тұзы шығып жатса да мен үшін одан өткен қасиетті мекен жоқ. Қазақстанның қай түкпірі де өз Отаның ғой, бірақ кіндік кесіп, кір жуған жердің орны бөлек екен. Қай қиырда жүрсең де топырақ берген мінезбен, қасиетпен тыныстап, өміріңе содан нәр аласың.
Жалпы, менiң ататегiм елдiң батыс бетiнен. Атырау жақтан. Сырым бастаған көтерiлiс басып-жаншылғаннан кейiн соған белсене қатысқан бабаларымыз аумалы-төкпелi заманда мына Арқа жағына келген екен. Әкемнiң әкесi Жаңаарқа жақта туған. Отызыншы жылдардың басындағы ашаршылық кезiнде Өзбекстан жаққа өтiп кетiптi бiздiң ауыл. Ағайындарымызды Ораз Жандосов бастап, осы қазiргi Сарысу жаққа алып келiп, аудан құрыпты. Олар сұрап жүрiп аудан атын Сарысу қойғызыпты. Арқа жақта Сарысу деген өзен бар ғой. Жаңағы хабарды, яғни ел жиналып, орналасып жатыр екен дегендi естiгеннен кейiн бiздiң ауыл үдерiле көшiп, Сарысу жақты бетке алып шыққан. Қазақтың көшi деген, әсiресе алысқа баратын көш тоқтамай жүре бермейдi ғой. Қоналқаны былай қойғанда, әр жер-әр жерде шаруаның жайымен апталап тұрып қалуы да мүмкiн. Мен сол көш Келестiң тұсына келiп, аз уақыт аялдаған күндерде дүниеге келiппiн. Шешемнің айтуынша, қар ерiп жатқан кез екен. Қар деген көктемде де, күзде де ери бередi ғой. Құжат аларда күзден көктемi дұрыс шығар деп қиыстырып толтыра салғанмын. 8 мамыр деп. 9 мамыр деуге батпаған болармын.
Қазақта тегіне, топырағына тартып туған деген сөз бар. Бұл сөздің мәнін табиғаттың сырына терең бойлаған жан ұғына алса керек. Сарысу – шөлейтті аймақ. Қысы қытымыр, балағыңнан кірген қара суық бастан бір-ақ шығады. Қар түссе, қызыл шұнақ аяз бүрсең қақтырады. Ал алты ай жазы аспан айналып жерге түскендей, аптап ыстық, аңызақ желі еседі де тұрады.
Бұл фәниде мың жасағанды көргенім жоқ. Қанша жасасаң да еліңе, кіндік қаның тамған туған жеріңе адал еңбек етсең, ізденіп, тірлік жасасаң, бұл жалғаннан көңілің тоқ, ұялмай аттанасың ғой. Әрине, туған жерді тым-тым жақсы көру – бұл да эгоизмнің бір түрі, бірақ барша азаматқа қажетті жақсы түрі. Әрине, оны жершілдікпен шатастыруға болмайды. Туған топырақтың ыстықтығы сондай, бірер жыл елде болмай, сағынып барып оралсаң, оның өзін сағындыра білетін құдіретіне тағы да басыңды иесің. Балалық ізің жатқан ауылыңның төбешігі көрінер-көрінбесте-ақ жүрегің аттай тулап, жаныңды қоярға жер таппайсың. Қозы бағып, пішен шапқан жерлеріңді, оқыған мектебіңді көргенде, әлемдегі Париж, Лондон сияқты көне қалалардың ғасырлардан бері сақталып келе жатқан сұлу ғимаратына айырбастамайсың. Бала кезде зәулім болып көрінер мектебің жай ғана тоқал там, сонша биік көрінер күлтөбе жай ғана төбешік, айдын көл дегенің айналасына тас лақтырым ғана көлшік болып көрінетіні рас. Бірақ осынша шағындығымен, осынша қарапайымдылығымен-ақ ыстық, осысымен-ақ асқақ. Сол бір тұстағы сезімнің тазалығы, қуансаң да ағынан жарыла, ақтарыла қуана алатындығың еске түседі.
Әкем 4 жасқа келгенімде соғысқа аттанып, содан елге қайтып оралмады. Бізді уақыт ерте есейтті. Жетімдік көрдім. Бірақ жетімдігіме ризамын. Бір үзім нанның қадірін білемін. Мектепке алты жасымда бардым. Үшінші сыныпқа барған жылы бір қар жауғанша жалаңаяқ жүрдім. Тоғызға толар-толмас қаршадай баланың күздің маңдайдан ұрған қара суығына, сабалап жауған мұздай жаңбырына шыдап, үш шақырым жердегі мектепке барып-келуі оңайға түспейтін. Оның үйден шыға мектепке дейін, мектептен шыға үйге дейін жын қуғандай екі өкпені қолға алып, Құдайдың құтты күні жалаңаяқ, жалаңбас жүгіріп бара жатқан сәтін көз алдыңа елестетіп көрші.
Елге барып, туған жерімнің әр түкпірін аралаған кезімізде де, ауылдан бала күнгі достардың біреуі іздеп келген шақтарда да қайтадан бала болып кеткендей, қиын да болса қызығы мол балғын кезді айта беремін. Қу соғыстың қазаққа да тізесі батқан шағына менің де балғын шағым дәл келіпті. Әр күні жылға пара-пар, қызығынан қиындығы, тоқтығынан аштығы мол болса да, бәрібір балалығым өкінішпен өтті дей алман. Үшінші, төртінші сыныптардағы кездің өзінде-ақ ойынды қия алмай, ауыр жұмыстан ес жия алмай жүрсек те, оң-солдың, жақсы-жаманның не екенін тез аңғарып, ерте есейдік. Қол диірменмен жүгері, бидай тартқан, қой қосақтап, қозы бағып, қой қайырған, орақ орып, пішен шапқан, ең аяғы қауын ұрлап, қарын тойдырған балалықтың бал дәурен күндері еңбекпен пісіріп, буынымызды ерте қатайтты. Егер өмірімде қолым бірдеңеге жетіпті-ау деген қанағат сезіміне берілсем, сахнада болсын, экранда болсын жасаған образдарым көрерменім – қалың қазағымның көңілінен шығып жатса, туған топырақтың тектілігі, сол ерте есейткен жылдардың бодауы болар деп ойлаймын.
Кейбір торыққан сәттерімде туған жерді, ондағы менің өмірімде естен кетпес жақсылық жасаған жандарды ойыма алсам, түлеп сала беремін. Тірліктегі пендешілік атаулының бәрін ұмытып, көңілімде кір қалмай, тазарып шыға келемін.
Әркімнің туған жерінің өзіндік ерекшелігі бар. Сарысу өңірі де сондай киелі, мерейлі мекен. Мен оны жаныммен сүйемін. Елге барған сайын жүрегім жылып, қан қысымым дұрысталып, жеңіл-желпі аурулардан құтыламын. Жарықтық туған жердің киесі мен қасиетіне не жетсін!

Дайындаған Талғат НҰРХАНОВ