«Ұлы Гэтсбидің» құпиясы ашыла ма?

9

АҚШ-та америкалық жазушы Майкл Фаррис Смиттің «Ұлы Гэтсби» (авторы Фрэнсис Скотт Фицджеральд) шығармасына кіріспе (приквел) ретінде жазған «Ник» романы жарияланды. Кітап 25 ақпаннан бастап Ұлыбританияда сатылымға шықпақ.

Смит бұл шығармасын біраз уақыт бұрын жазса да 1 қаңтарды күткен екен. Өйткені дәл осы күні Фицджеральд кітабының авторлық құқығы шегіне жетіп, шығарма қоғамдық игілікке айналды.

Кіріспе роман сюжетінде әңгімеші түпнұсқадағы Ник Каррауэйдің Гэтс­би­мен кездескенге дейінгі оқиға­сын баян­дайды. Аталған кітап әдеби сын­шылардың қарама-қайшы пікірлерін тудырды.

Town & Country баспасы бұл ең­бектің Фицджеральдқа деген ерекше құрмет екенін және Ник Каррауэйдің бұлыңғыр өткенін ашып көрсеткенін атап өтті. Ал Los Angeles Times сыншысы, керісінше роман өте асығыс жазылған шикі туынды екенін айтты.

Айта кетейік, «Ұлы Гэтсби» – аме­ри­калық жазушы Фрэнсис Скотт Фицджеральдтің үздік туындысы. 2013 жылы роман желісі бойынша голливудтық фильм түсірілген еді. Сол жылы фильм фурор (күшті әсер) туғызып,  оның  әнші Ферги орындауындағы A little party never killed nobody саундтрегі хит әнге айналды.

Алайда кітапты оқығандардың өзі романның алғашқы атауы басқаша болғанын біле бермейді. Джаз дәуі­рінің ұлы туындысына атау қою барысында автор көп ойланған. Оның «Гэтсби – Алтын  қалпақ», «Ессіз ға­шық» және т.б. нұсқалары болып­ты. Баспадан шығаруға бір апта қал­ғанда «Трималхион тойы» деп бе­кітілген. Кейін ол да өзгеріп, АҚШ туы­ның түстеріне сай «Қызыл, көк, ақ­тың астында» деп аталған. Бірақ ең соңында әлемге таныс «Ұлы Гэтсби» атауы таңдалды.

Жалпы, роман 1925 жылы 10 сә­уір­де жарық көрген. Америка әде­бие­тіндегі Джаз дәуірінің өкілі сана­латын Фицджеральд шығармасын Нью-Йоркте бастап, Еуропадағы саяхаты кезінде Парижде аяқтаған. Алғаш сол жерде жарияланған болатын. Оқиға Нью-Йорктен алшақтау орналасқан Лонг-Айленд  «алтын жа­ғалауында» өтеді.  1998 жылы роман Modern Library баспасы ұсынған тізім бойынша XX ғасырдың ең үздік 100 кітабының рейтингінде 2-орын иеленді.

egemen.kz