Жаңа мешіт ел игілігіне берілді

42

Байзақ ауданының Базарбай ауылында кәсіпкер Нәби Агалиевтің демеушілігімен, ауыл тұрғындарының қолдауымен жаңа мешіт пайдалануға берілді.

Құлшылық үйінің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев қатысып, жергілікті жамағатты осынау қуаныштарымен құттықтады. Өз сөзінде бас имам мешіт салудың сауапты іс екендігін алға тартып, қайырлы істі жасауда атақ пен абырой алу үшін емес, Жаратушының разылығын алудың мақсат етілетіндігін баса айтты. Ауыл халқына осындай сый жасаған мәрт азамат пен игілікті істі қолдағандарға ризашылығын білдіріп, мешітке қасиетті Құран кітабын сыйға тартты.
Базарбай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Талант Сәрсенбаев мешіт құрылысына үлес қосқан жомарт азаматқа ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтты. Бұдан соң жаңа мешіттің лентасы қиылды.
Облыстың бас имамы Бейбіт қажы бастаған ел азаматтары имандылық үйіне кіріп құран оқыған соң, көпшілікке арнайы ас берілді.
Құлшылық үйіне «Базарбай» елді мекенінің атауы берілген. Мұнда бір мезетте 200 адам намаз оқи алады. Ғимараттың құрылысына тек қана отандық құрылыс материалдары пайдаланылыпты.
Жиын барысында қайырымдылық шаралар ұйымдастырылып, аз қамтылған 10 отбасыға көмек көрсетілді.

 

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ,
Байзақ ауданы