«Әжелер мектебі» – өнеге мектебі
«Әжелер мектебі» – өнеге мектебі
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Бүгінгі қоғамда имандылық, рухани құндылықтарымызды нығайтуда әжелердің орны ерекше. Облыстық «Һибатулла Тарази» орталық мешіті жанындағы «Әйел-қыздар» секторының ұйытқы болуымен облыстық «Әжелер мектебі» өткен жылы тұсауын кескен болатын.
Облыстық орталық мешіт жанындағы «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Гүлжан Серікқызының айтуынша, бүгінде пандемияға байланысты әжелер алқасының жұмысы уақытша тоқтап тұрғанымен, алдағы жылы атқаратын жұмыс жоспары әзірленіп, жүйеленіп отырған көрінеді. – Мұндай әжелер алқасын ашу бұрыннан сөз болып келе жатқанымен, әжелердің басын қосу, ұйымдастыру жағы ақсап тұрған еді. Сонымен өткен жылы мешітіміздің сауат ашу курсының оқушысы Жәмила апамыз олқылықтың орнын толтырып, әжелер алқасын құрып, жұмысын жүргізуді қолға алды. Бізде бүгінде сауат ашу курсының 6 тобы құрылған. Онда 120-ға жуық әже бар. Жәмила апа сол әжелердің ішінен белсенді, жұмысына тиянақты, іс-шараларға тартынбай атсалысатын 16 әжені іріктеп алды. Ол кісілер ұлттық нақышта арнайы киім тіктіріп, түрлі шаралардың өтуіне ұйытқы болды. Сырт көзге мешітке келген адамдар тек намаз оқып, Құран бағыштап кетеді деп ойлауы мүмкін. Ал әжелеріміз салт-дәстүрді жаңғыртып, оны халыққа көрсетіп, үйретіп жатыр. Бұл кісілер тек Мәуліт, Құрбан айт секілді діни мерекелерде ғана емес, Наурыз, Тәуелсіздік күні мейрамдарында да бас қосып, жөн-жоралғысын орындап жатады. Бірақ пандемияға байланысты жұмыс уақытша тоқтап тұр, – дейді Гүлжан ұстаз. Мешіт болған соң мұнда түрлі ақыл-кеңеске, мейірімге мұқтаж адамдар көп келеді. Жүректері жаралы, жаныма тыныштықты діннен тапсам деп немесе күйеуімен, ата-енесімен тіл табыса алмай келетін қыз-келіншектер де бар. Соларға бағыт-бағдар, тәрбие беріп, басу айтуға келгенде әжелердің өмірлік тәжірибесінің маңызы зор. Құрылғанына аз ғана уақыт өтсе де, елді мекендерде ұлт ертеңінің тұтқасын тәрбиелеуде басты міндеттерді анықтап қана қоймай, әжелер алқасы бірқатар шараларды ұйымдастыруда. – Медресеге келгеніме 2 жыл болды. Осыдан біраз жыл бұрын Алматыда оқып, алған білімімді қайталап, білмейтінімді оқып жатырмын. Мұндағы Зейнеп, Гүлжан ұстаздар көптен бері әжелер мектебін ашсақ деп армандап жүр екен. Оның үстіне мен мұнда келгелі көрші, құрбы-құрдас, жекжаттардан 15 әже алып келдім. Аллаға шүкір, көп өтпей Құран жаттап, білімін арттырып жатыр. Алқаның өз міндеттері, жұмыс жүйесі бар. Мәселен менің бағдарламам «Тал бесіктен – жер бесікке дейін» деп аталады. Мұнда біз бала дүниеге келгеннен бесікке салу, тұсау кесуден бастап, үйлену тойда жасалатын ғұрыптар, адам қайтқанда жасалатын жоралғыларды үйретеміз. Мысалы адам қайтқанда мейрамсуын бере алмай әлекке түсіп, болмаса шын киімін тігу үшін тапсырыс беріп жатады. Бірақ әрбір мұсылман баласы әсіресе үйінде қариясы бар отбасында мұны білгені абзал. Мен арнайы адамның макетін алып келіп, матаны пішіп, қалай тігуді үйретуді қолға алдым. Одан бөлек былтыр құрылған уақытта Түркістан қаласына барып, қаладағы тарихи орындарды зиярат еттік. Өзіміздің Тараз қаласындағы туристік орындарды араладық. Енді алдағы уақытта көршілес Өзбекстанның Самарқан қаласына баруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге өткен жылы осы тобымызбен кіші қажылыққа барып қайттық. Карантин аяқталған соң тағы да қажылық парызымызды өтеп, арамыздағы жағдайы төмен әженің бірін қасиетті сапарға тегін апаруға ниеттеніп отырмыз, – дейді облыстық орталық мешіт жанындағы әжелер алқасының төрайымы Жәмила Жұмабаева. Әжелер алқасының құрамында қырғыз, өзбек, түрік, дүнген ұлтының әжелері де бар. Әжелердің ең үлкені 80-ге жақындаса, ең жасы 55 жаста. Олардың әрқайсысы осал емес, бірі тігін тігіп, кесте құраса, бірі түрлі моншақтармен әшекейлер жасайды. Осыған байланысты облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев алдағы уақытта әжелер үшін арнайы бөлме ашып, қолөнер туындылары мен тұрмыстық бұйымдарын қоятын көрме ұйымдастырмақшы. «Әжелер мектебі» бүгінде таптырмас тәрбие құралына айналған. Жуырда ғана облысымызға іссапармен келген бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Әжелер мектебінің» өкілдерімен кездесу барысында облыс басшысы аталмыш әжелер алқасын облыстың басқа аудандарынан ашуды тапсырған болатын. Осыған орай аудандардың арасынан алғашқы болып, Жамбыл аудандық орталық мешітінің жанынан 12 әжеден құралған әжелер мектебі жұмысын бастады. Бұдан бөлек Тараз қалалық әжелер алқасы да жақында тұсауын кеспек.
Айжан Өзбекова