Сайлау-2021

Ардагер журналист Баттал Жаңабайұлы өз таңдауын жасады

Ардагер журналист Баттал Жаңабайұлы өз таңдауын жасады

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісі мен түрлі деңгейлердегі мәслихаттарының сайлауы өтіп жатыр. Осыған орай Тараз қаласында үйден дауыс беруге өтініш берген азаматтардың дауысын қабылдау жұмыстары қызу жүруде. Еліміз үшін маңызы зор саяси науқанға атсалысуға тілек білдіргендер қатарында ардагер журналист Баттал Жаңабайұлы да бар. Жамбыл журналистикасының қаранарының үйіне арнайы келген Тараз қалалық № 55 сайлау учаскесінің өкілдері Б. Жаңабайұлының дауысын қабылдап, ақ батасын алып қайтты. – Еліміздің азаматы ретінде саяси науқаннан шет қалуды жөн көрмедім. Өйткені, біз депутаттарға дауыс беру арқылы мемлекетіміздің болашағын қалыптастыруға үлес қосамыз. Ендеше, додаға түсіп жатқан барлық үміткерлерге сәттілік тілей отырып, халықтың сеніміне ие болған шын мықтылардың жеңімпаз атануына тілектеспін, – деді ақсақал өз сөзінде. № 55 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі Алмас Есчанов таңғы сағат 6:00-дан басталған сайлауға қатысушылардың белсенділігі жоғары екенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, түскі сағат 15:00-ге дейін шамамен сайлаушылардың жартысына жуығы өз таңдауын жасап үлгерген. – Бүгінгі сайлауға ауа райы да қарайласып, жаймашуақ күндердің бірі болып тұр. Тараз қалалық № 55 сайлау учаскесіне алғашқы дауыс берушілер 7:00-ден бастап келуде. Аталған учаске аумағында тұратын 8 азаматтан үйден дауыс беру туралы өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта сол тұрғындардың үйіне барып, дауыстарын алып жатырмыз. Жалпы, учаскеде 1 614 адам тіркелген. Сайлау комиссиясының мүшесі есебінде саяси науқанның жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтқым келеді, – дейді А. Есчанов.