«Ел болашағы үшін дауыс бердім!»

21

Бүгін елімізде ҚР Парламент пен жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы өтуде. Өңірдегі сайлау часкелерінде өз таңдауларын жасап жатқан халықтың қарасы қалың. Оның ішінде жастардың белсенділіктері ерекше. Биыл алғаш рет дауыс беріп, өз таңдауын жасаған жас сайлаушылардың бірі – Данагүл Сауытбек.
Бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз аймақтың университеті «USTAZ» инстиутының екінші курсында оқитын 18 жастағы студент қыз облыс орталығындағы №43 сайлау учаскесіне барып өз таңдауын жасады. Болашақта педагог болуды мақсат тұтқан аймақтың жас сайлаушысы ҚР Парламент пен жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауына қатысуды болашағына сенген әр азаматтың негізгі міндеті деп санайды.
– Мен биыл алғаш алғаш рет дауыс бердім. Өз таңдауымды жасамастан бұрын халқымыздың егемендік алғаннан кейінгі жолына, жеткен жетістіктеріне көз жүгірттім. Тәуелсіздік жылдарындағы толайым табыстарымызды саралап, ҚР азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым. Осылайша саяси науқанға алғаш қатыса отырып, өз даусымды таңдаған партияма бердім. Сайлау құқына ие болғанымды мақтан етемін. Осы мезеттен бастап өзімді елімнің алға қарай дамуына үлес қосатын еркін елдің ертеңі, Отанымның патриоты ретінде сезініп жүрмін. Еліміздің одан әрі кемелдене беретініне, ол үшін жасалып жатқан жұмыстардың барлығы өз нәтижесін беріп, Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарынан көретінімізге кәміл сенемін, – дейді Д.Сауытбек.
Қоғамның басты қозғаушы күші – жастар деп жатамыз. Сол секілді студент бола тұра бос уақытын құр жібермейтін Данагүл Сауытбек те сабақтан тыс уақытта қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылады. Қазіргі таңда «Жалын» еріктілер қозғалысының еріктісі. Волонтер бола жүріп ол саяси науқанның бел ортасынан табылып, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына айтарлықта өз үлесін қосыпты.
– Жасыратыны жоқ, біз секілді жастарға еліміз көп үміт артып отыр. Өз кезегінде, біз сол үміт үдесінен шыға білуіміз қажет. Сондықтан біліммен қатар қоғамдық жұмыстарға атсалысып, ел дамуына қазірден үлес қосуды парызымыз деп санаймын. Расында, бүгінгі күні елімізде барлық салаға айрықша көңіл бөлініп, дамудың даңғыл жолында келе жатырмыз. Бүгінгі ҚР Парламент пен жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы да соның айқын дәлелі. Мұндай саяси науқаннан халық қалыс қалмауы тиіс. Себебі, болашақ бүгіннен басталады, – дейді алғаш рет дауыс берген Данагүл Сауытбек.