Президент сайлауы неліктен күзге белгіленді – Ерлан Қошановтың жауабы

0 27

Белгілі қазақстандық журналист Нартай Аралбайұлының YouTube-арнасына сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов Президент сайлауының не себепті күзге белгіленгенін айтты, деп хабарлайды Jambylinfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Біз бұл сайлауды саяси реформалардың заңды жалғасы деп есептеуіміз керек. Саяси реформаларды қабылдағаннан кейін, біздің институттар да жаңаруы керек. Оны қоғам да талап етіп отыр. Өзіңіз білетіндей, әлеуметтік желілерде журналистер мен қоғам тарапынан «Мәжіліс сайлауы қашан болады?», «Президент сайлауы бола ма?» деген сұрақтар көбейді. Бұл – заңды сұрақтар. Сондықтан Президент барлық электоралды кестені, алда болатын сайлау науқандарының кестесін алдын-ала жариялады. Яғни, биыл Президент сайлауы, келесі жылдың бірінші жартысында Мәжіліс сайлауы болады, одан кейін Үкімет те жаңарады. Жаңарады немесе қайта жасақталады. Бұл – саяси ашықтықтың, мәдениеттің үлгісі. Президент сайлауының биыл күзде өтуі – сол билік институттарының жаңаруының басы деп айтар едім. Халық қабылдаған саяси реформалардың арқасында, соның ішінде Президенттің, Парламенттің құзыретіне, Үкімет пен саяси партияларға қатысты мәселелердің барлығы қамтылған. Енді барлығы жаңа жағдайда жұмыс істейді. Осылардың барлығы жаңғырып жатқан кезде Президент оны өзінен бастау туралы шешім қабылдады», — деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, сұхбат барысында Парламент Мәжілісінің спикері Президентті 7 жыл мерзімге бір рет сайлау туралы өзгеріске қатысты да пікір білдірді.

«Президент 7 жылдық мерзімге бір мәрте ғана сайланады деген — ол Конституцияның 91-бабына енді. Бұл өзгермейді. Біздің Тәуелсіздігіміз және біздің республикамыздың біртұтастығымен қатар осы норма да енді оған. Ол болашақта өзгермейді», — деп түйіндеді ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.