Сараптама

2100 жылға қарай 136 млн ғимарат су астында қалуы ықтимал — ғалымдар

McGill университеті ғалымдарының жаңа зерттеуі жаһандық климаттың ұзақ мерзімді салдарын ашып берді

Канаданың McGill университеті жүргізген жаңа зерттеу теңіз деңгейінің көтерілуі ғасыр соңына қарай әлем бойынша жүздеген миллион ғимаратқа қауіп төндіретінін көрсетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ғалымдар жүргізген талдау нәтижесінде, парниктік газдардың үздіксіз шығарылуы мен мұздықтардың еруі салдарынан теңіз деңгейі алдағы жүзжылдықтарда бірнеше метрге көтерілуі мүмкін екені анықталды.

Зерттеу npj Urban Sustainability журналында 2025 жылдың 29 тамызында жарияланды. Онда ғалымдар Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық және Оңтүстік Америкадағы жағалау аумақтарын жерсеріктік деректер мен жасанды интеллект технологиялары арқылы талдаған.

840 миллион ғимараттың болашағы — климатқа тәуелді

Зерттеу нәтижесі бойынша қарастырылған аймақтарда барлығы 840 миллион ғимарат бар.

Есептеу кезінде теңіз деңгейінің көтерілу сценарийлері әртүрлі шамада бағаланған:

Егер теңіз деңгейі 0,5 метрге көтерілсе — шамамен 3 миллион ғимарат,

5 метрге көтерілсе — 45 миллион ғимарат,

Ал 20 метрге көтерілген жағдайда — 136 миллион ғимарат су астында қалуы мүмкін.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай апаттық сценарий әсіресе Африка жағалауларында, Оңтүстік-Шығыс Азияда және Оңтүстік Америкадағы өзен сағаларында айқын байқалады.

НІл, Амазонка және Гамбия өзендерінің атырауларында тіпті теңіз деңгейінің аз ғана көтерілуі үлкен аумақтардың су астында қалуына жеткілікті.

Қауіп тек жағалаудағы нысандарға ғана төніп тұрған жоқ 

Зерттеу жетекшісі, профессор Эрик Гэлбрейттің айтуынша, климаттың өзгеруі мен теңіз деңгейінің көтерілуі тек теңіз жағасында тұратындарға емес, бүкіл әлемге әсер етеді.

Ғимараттар бейімделе алмайды

Зерттеу көрсеткендей, адамдар климат өзгерісіне бейімделе алғанымен, инфрақұрылым мен ғимараттар ондай икемге ие емес.

Көптеген жағалаудағы нысандар — порттар, өнеркәсіп орындары мен тарихи ғимараттар — ғасырлар бойы салынып, ұзақ мерзімге жоспарланған.

Бірақ теңіз деңгейінің көтерілуі олардың біртіндеп жарамсыз болып қалуына алып келеді.

Мұндай жағдайда тек жаңа құрылыс салу емес, қала жоспарлау мен сәулет стратегиясын түбегейлі өзгерту қажет болмақ.

Зерттеу қалай жүргізілді

Ғалымдар ғимараттардың орналасуын, биіктігін және теңіз деңгейінен қашықтығын Google Earth Engine платформасы арқылы анықтаған.

Әр ғимараттың теңіз деңгейіне қатысты биіктігі есептеліп, түрлі сценарийлер бойынша оның су астында қалу ықтималдығы бағаланған.

Бұл тәсіл нақты уақыттық болжам бермейді, бірақ теңіз деңгейінің көтерілуінен келетін инфрақұрылымдық тәуекелді бағалауға мүмкіндік береді.

Зерттеуде адам әрекеттері — мысалы, бөгет тұрғызу немесе жағалауды бекіту шаралары — есепке алынбаған, себебі оларды жаһандық деңгейде бірізді бағалау мүмкін емес.

Болашақтың бейнесі

Мақала авторларының айтуынша, егер көмірқышқыл газының шығарындылары азаймаса, онда алдағы бірнеше ғасыр ішінде теңіз деңгейі 20 метрге дейін көтерілуі мүмкін.

Бұл жағдайда көптеген тарихи қалалар мен мәдени мұра нысандары жойылады, ал миллиондаған адам климаттық көші-қонға мәжбүр болады.

Зерттеу сәулетшілерге, қала жоспарлаушылары мен саясаткерлерге климаттық тәуекелдерді азайтуға арналған негізгі деректер мен карталарды ұсынады.

McGill университетінің ғалымдары жүргізген бұл жұмыс теңіз деңгейінің көтерілуі — алыс болашақтың емес, қазір басталып жатқан үдеріс екенін ескертеді.

Табиғи ортаны сақтау мен парниктік газдар шығарындыларын азайту шаралары кешіктірілсе, қалалардың тұтас бөліктері су астында қалуы мүмкін.