Біз инопланетяндарды неге дәл осылай елестетеміз?
Адамзат ежелден аспан әлеміне көз тігіп, «Жерден тыс өмір бар ма?» деген сұраққа жауап іздеп келеді. Көпшіліктің санасында инопланетяндар – басы үлкен, көзі шарадай, терісі күміс түстес, ал қозғалыс құралы – «ұшатын табақша». Бірақ бұл бейне қалай қалыптасты?
Инопланетяндар туралы түсініктің тамыры ХХ ғасырдың ортасынан бастау алады. 1947 жылы америкалық ұшқыш Кеннет Арнольд таудың үстінен тоғыз жарқыраған нысанды көргенін айтып, олардың «су бетінде секірген тәрелкелерге ұқсап» ұшқанын мәлімдеген. Осы сипаттаманы баспасөз «flying saucer» – «ұшатын табақша» деп атап, бұл тіркес сол уақыттан бастап халықтың санасына мықтап орнықты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz DW.com-ға сілтеме жасап.
Сол кезден бастап бөтен ғаламшарлықтар мен олардың көліктері туралы аңыздар БАҚ пен киноиндустрияның тұрақты тақырыбына айналды.
Кино мен мәдениеттің ықпалы
Бремен қаласындағы Халықаралық әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің жетекшісі, социолог Кристиан Петерстің айтуынша, адамдардың инопланетяндар туралы елестетуіне ең алдымен куәгерлердің әңгімелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының әсері зор.
1950-жылдары суық соғыс кезеңінде жарық көрген «Дене ұрлаушылардың шабуылы» сияқты фильмдерде бөтендер – жауыз, басқыншы кейіпінде көрсетілді. Ал 1979 жылы жарық көрген Ридли Скоттың атақты «Бөгде» («Alien») фильмі адамзатты өз ашкөздігі мен қорқынышының құрбаны ретінде бейнеледі.
1982 жылы Стивен Спилбергтің «Инопланетянин» фильмі бұл түсінікті төңкеріп, ғарыштық қонақты адамға жақын, мейірімді бейнеде көрсетті. Бұл туынды адам мен бөтен арасындағы достықты насихаттап, көрермен жүрегінен орын алды.
1990-жылдардағы «Құпия материалдар» телесериалы конспирологиялық идеяларды қозғап, инопланетяндар туралы сенімге жаңа тыныс берді. «Шындық жақын маңда» деген ұран сол дәуірдің символына айналды.
Ал 2000-жылдардан кейінгі фильмдерде — мысалы, «Война миров» (2005) мен «Прибытие» (2016) — бөтендер тек жау емес, адамзатпен байланыс орната алатын ақыл иелері ретінде суреттеле бастады.
Ғылым не дейді?
2023 жылдан бері NASA «НЛО» атауының орнына «анықталмаған аномальды құбылыстар» (НАЯ) деген терминді қолданады. Бұл – ауада не суда байқалған, бірақ әзірге нақты түсіндірілмеген нысандарды сипаттайтын ғылыми ұғым. Агенттік мұндай құбылыстардың ғарыштық шығу тегі дәлелденбегенін үнемі ескертіп келеді.
Қазан айында Италияда өткен алғашқы Еуропалық симпозиумда ғалымдар мен саясаткерлер «бөгде өмірдің ықтимал шындығы мен оның адамзатқа әсерін» талқылады.
Қазіргі заманның айнасы
Кинода инопланетяндар қоғамның өзекті мәселелерін бейнелейтін символға айналды. Мәселен, 2009 жылғы «9-аймақ» фильмінде олар — Жерге мәжбүрлі түрде келген босқындар, ал үнді режиссерлерінің «Сен жалғыз емессің» (2003) туындысында бөтенмен достық ерекше қабілеті бар жас жігітке өзіне сенім ұялатады.
Неліктен біз оларға ұқсатамыз?
Инопланетяндардың бейнесі көбіне адамға ұқсайды: тік жүреді, көзі мен қол-аяғы бар, эмоциясын білдіреді. Мұны ғалымдар адамның өз түсінігімен әлемді өлшейтінімен түсіндіреді.
Мысалы, швейцар суретшісі Ханс Рудольф Гигердің «Некроном IV» картинасы негізінде жасалған «Чужой» бейнесі адам табиғатының қорқынышты, жыртқыш қырын көрсетеді.
«Бөгде» ұғымының астары
«Alien» сөзі бастапқыда латынның alienus — «бөгде», «басқаға тиесілі» деген мағынаны білдірген. Бүгінде бұл ұғым тек ғарыштан келген тіршілік иелеріне ғана емес, өзге ұлт өкілдеріне немесе мигранттарға да қолданылады.
2021 жылы АҚШ-та бұл сөзді «non-citizen» («азамат емес адам») деп ауыстыру талпынысы жасалғанымен, кейіннен бастапқы нұсқа қайта енгізілді. Социолог Петерстің пікірінше, бұл құбылыс отаршылдық пен мәдени үстемдік дәуірінің жалғасы — қоғам өз «үлгісін» қорғап, өзгеше болмысты жатсынады.
Қорытынды
Мүмкін, біз «бөгделерден» қорқамыз, себебі олар шынымен қауіп төндіретіндіктен емес, олар туралы білмейтініміз көп болғандықтан шығар.
Ал адамзат үшін ең үлкен жұмбақ — бөтен әлем емес, өз бойындағы белгісіздік.