Сараптама

Үкімет Таразда мембағдарлама аясында салынатын үйлердегі шаршы метрдің бағасын өсірді

Биыл Жамбылда 21 жекеменшік компания тұрғын үй  салып жатыр жатыр. Ал, өңірде небары екі компанияның үлескерлердің ақшасын тарта отырып үй салуға лицензиясы бар

Биыл Жамбыл облысында  мемлекеттік бағдарлама бойынша 2 909 пәтерлі 56 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Әуел баста Таразда мемлекеттік бағдарлама арқылы салынатын үйлердің бір шаршы метріне 160 мың теңге бөлінсе, 2022 жылы пәтердің шаршы метрінің құны 180 мың теңге болған. Ал, биыл мемлекет қаржысынан салынатын үйлердің шаршы метрі 234 мың теңгеге жеткен, деп хабарлайды jambylinfo.kz 

Сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Ерік Әбдурахмановтың айтуынша, облыс бойынша 21 компания жеке қаражат есебінен тұрғын үй құрылысын жүргізіп отыр. Бұл нысандардың барлығы Тараз қаласында орналасқан. Сонымен қатар, биыл 10 жеке компания дайын пәтерлерін сатылымға шығарады. Айта кетерлігі, аталған 21 компанияның екеуі ғана үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алған.

Осы орайда jambylinfo.kz  тілшісі қаладағы бірқатар жеке компаниялар салып жатқан үйлердің бағасын біліп көрді. Айталық, қаланың қақ ортасында салынып жатқан 9 қабатты тұрғын үйдегі пәтердің шаршы метрі 380 мың теңге екен. Сәйкесінше, 2 бөлмелі баспана 32 миллион теңге тұрса, 3 бөлмелі пәтердің құны 42 миллион теңгені құрайды. 9 қабатты жерасты паркингі бар тұрғын үй кешенінде 306 пәтер бар. Көппәтерлі үйдің құрылысы биыл аяқталады.

Сонымен қатар, қаладағы қолжетімді құрылыс компаниясы болып саналатын «Бином» ЖШС-нің соққан үйлерінің бағасын сұрадық. Атқарушы директордың айтуынша,  өткен жылы қалада 105 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған.

Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалым Исақовтың сөзінше, өткен жылы облыста «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында құны 16,4 млрд теңгеге 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Мемлекет бюджетінен салынған үйлердің соңғы 3 жылдағы бағасында да өсім бар. Мәселен, 2022 жылы пәтердің шаршы метрінің құны 180 мың теңге болса, өткен жылы 226 мың теңге болған. Ал, биыл мемлекет қаржысынан салынған үйдің шаршы метрі 234 мың болып отыр.

Ал, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаевтың сөзіне сүйенсек, Жамбыл облысы еліміздегі құрылысы сапасыз облыстардың қатарына жатады.

Президент әкімшілігінде мұндай пікірдің қалыптасуына «Ұлы дала» шағын ауданында салынған үйлердің сапасы себеп болған. Қайрат Бисембаев ондағы үйлердің сапасы өзге облыстардағы үй сапасымен салыстырғанда төмен екенін жасырмайды. Өйткені, бағасына сапасы сай. Оған дәлел 15 шағын ауданында салынған үйлерге кезінде шаршы метріне мемлекеттен 160 мың теңге бөлінсе, дәл сол кезде Түркістан облысындағы үйлерге 220 мың теңге бөлінген.

Бірақ, бұл үйлерді сейсмикаға төзімсіз деп айтуға келмейді дейді Қайрат Бисембаев. Сонымен қатар, биыл «Ұлы даладағы» үйлер өзге облыстарда салынып жатқан тұрғын үйлермен бірдей бағада салынатынын айтты.