Шілдеде тұрғын үйге деген сұраныс күрт артқан: себебі сізді таңқалдыруы мүмкін
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі мәлімдеді
2025 жылғы шілдеде еліміздің тұрғын үй нарығында белсенділік айтарлықтай өсті. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, бір ай ішінде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 742 мәміле рәсімделген. Бұл маусым айымен салыстырғанда 19,4%-ға артық, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қай өңірлер көш бастады?
Мәміле саны бойынша Астана – 8 636 (21,7%), Алматы – 8 432 (21,2%) және Қарағанды облысы – 2 756 (6,9%) алғашқы үштікте тұр. Ең аз сауда-саттық Ұлытау облысында тіркелді – бар-жоғы 247 мәміле (0,6%).
Аймақтық өсім тұрғысынан Қызылорда облысы шілдеде нағыз серпіліс көрсетті – бір айда мәміле көлемі 70,6%-ға артқан. Сондай-ақ, Астанада – 42,2%, Алматыда – 27,2% өсім байқалды. Ал керісінше, Ұлытау (-12,4%), Атырау (-10,9%) және Алматы (-5%) облыстарында төмендеу орын алды.
Көппәтерлі үйлердің үлесі басым
Барлық мәмілелердің 78,7%-ы көппәтерлі үйлерге тиесілі. Шілде айында пәтерлер бойынша 31 277 мәміле жасалып, бұл маусыммен салыстырғанда 23%-ға көп. Көппәтерлі үйлер нарығында Астана (27,2%), Алматы (24,8%) және Қарағанды облысы (7,4%) алда келеді.
Бөлмелер саны бойынша сұраныс ең алдымен бір бөлмелі пәтерлерге түскен – 12 489 мәміле.
Жеке үйлер нарығы
Жеке тұрғын үйлер сегментінде шілдеде 8 465 мәміле тіркеліп, бір айда 7,9% өсім болған. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында (+27,7%), Қызылорда (+26,9%) және Маңғыстау (+18,1%) облыстарында байқалды. Жамбыл облысында ғана (-2,8%) төмендеу тіркелді.
Бағалар динамикасы
Жылдық салыстыруда (2025 жылғы шілде 2024 жылғы шілдеге) жаңа тұрғын үйлердің орташа бағасы 9,6%-ға, қолданыстағы пәтерлердің бағасы 7,3%-ға өсті. Абаттандырылған пәтерді жалға алу ақысы 8,2%-ға қымбаттады.
Өңірлер бөлінісінде жаңа тұрғын үй бағасы ең көп Павлодар қаласында (+25,8%), сондай-ақ Қызылорда және Алматы қалаларында (+15,3%) көтерілген. Қолданыстағы пәтерлердің бағасы Ақтөбе қаласында (+19%), Павлодарда (+15,8%) және Алматыда (+14,4%) едәуір өскен.
Жалға алу нарығында ең жоғары қымбаттау Ақтөбе (+32,6%), Семей (+23,2%) және Көкшетау (+21,6%) қалаларында тіркелді.
Айлық өзгерістер
Маусымнан шілдеге дейін жаңа тұрғын үй бағасы 0,2%-ға, қайта сатылатын пәтерлер бағасы 0,9%-ға, жалға алу ақысы 0,8%-ға көтерілді.
Мониторинг қалай жүргізіледі?
Ұлттық статистика бюросы ай сайынғы мониторинг барысында облыс орталықтары мен ірі қалалардағы жаңа тұрғын үй, қайта сату және жалға алу бағаларын қадағалайды. Жаңа үйлер бойынша деректер тікелей құрылыс компанияларынан жиналса, қолданыстағы пәтерлер мен жалға алу ақпараты интернеттегі және БАҚ-тағы хабарландырулар негізінде қалыптастырылады.