Сараптама

Таразда сәуір айынан қазанға дейін жылу құбырларын ауыстыруға байланысты көлік қозғалысы қиындайды

Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл биыл Тараздағы М-1 жылу желісі жаңғыратынын айтты. Осылайша, қаладағы тозған жылу желірінің үлесі 67 пайыздан 59 пайызға дейін түседі, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Қайрат Исмайылдың сөзінше, жылына 5-6 рет жарылатын жылу құбырлары қыста жұртты жылусыз қалдырып, құбырды жөндеу үшін әр жерден қазылған жол көлік жүргізушілерінің жүйкесін тоздырған.

Әкімдік өкілінің айтуынша, биыл жаңғырту жұмыстары жүргізілетін М-1 жылу желісінің 6 шақырымнан аса құбырын ауыстыруға 10 млрд 800 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі аралықтағы жылу желісі кеңейді. Бұл жылу айналымын жақсартады дейді Қайрат Исмайыл. Аталған жұмыстарды атқару үшін «Сарыағаш-Аман» ЖШС  компаниясымен 9 млрд теңгеге келісім жасалған.

Қала әкімі орынбасарының сөзіне сүйенсек, жылу құбырлары жылу беру маусымы аяқталғанда 15 сәуір күннен бастап жөнделеді. Сметалық норматив бойынша мердігер 9 жарым ай уақыт ішінде жұмысты аяқтау керек болса, әкімдік бұл уақытты 5 айға қысқартқан. 

Жаңартылатын құбырлар Ресейде жасалған деді Қайрат Исмайыл. Сонымен қатар, ол Астана, Павлодар, Қарағанды жерінде пенополиуретанмен қапталады екен. Осылайша қалада өткен ғасырда салынған құбырлардың кепіл беретін уақыты 25 жыл болса, бұл жылу жүйесі 40 жыл шыдауы керек, дейді шенеунік. Ал, «Таразтрансэнерго» мекемесі директорының міндетін атқарушы Арман Бектібаевтың айтуынша, қаланы жылумен қамтитын кәсіпорын 208 шақырым жылу желілерін, оның ішінде 49 шақырым магистральдық және 159 шақырым ішкі кварталдық жылу желілерін пайдаланады. Оның сөзінше, 2024-2029 жылдарға арналған жоспар жасалған. Сол жоспардың арқасында 39 шақырым жылу құбыры жөнделіп, жалпы жылу желісінің тозу көрсеткіші 50 пайызға түседі. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл өзге қалалармен салыстырғанда үздік көрсеткіш.

«Таразтрансэнерго» мекемесі директорының міндетін атқарушы берген ақпаратқа сүйенсек, келер жылы қаладағы м-3 магистралі жаңғыртылады. Бұған қаралатын қаржы 2 млрд теңгеден асады. Жалпы кәсіпорынның бүгінгі күні жылу құбырларын жаңарту бойынша 11 жобасы әзір. Ендігі қаржыландыру мәселесі жыл сайын шешіліп тұрса, алдағы 5 жыл ішінде құбырларды жаңалау жұмыстары жанданады. Әйтпегенде жыл сайын жылу жүйелері бойынша апаттар да жиілеген.

Анықтама үшін: Жалпы құбыр ауыстыру жұмысы Сыпатай батыр көшесіндегі жылу электр орталығынан басталып, жол жиегіндегі тротуарлар арқылы Гранд базарға дейін жалғасады. Мұнан кейін Төле би көшесінде «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніне дейін жаяу жүргіншілер жолы арқылы жүріп, бірқатар тұрғын үйлер алдынан өтеді. Бұдан соң «Достық» үйінің алдынан «Март» сауда орталығы арқылы Төле би көшесіндегі жолдың оң жақ бетінде Айтиев көшесіне дейін жалғасқан құбыр ауыстыру жұмыстары жолдың сол жақ бетінде жалғасады. Мұнан соң қазу жұмыстары Жамбыл даңғылына дейін жолдың келесі бетінде жүргізіледі. Содан кейін Қ. Тұрысов көшесіне дейін тротуарлар арқылы қазу жұмыстары жалғасады. Бұдан соң Жансүгіров көшесінде жол үсті қазылады. Жалпы қазу жұмыстары кезінде Төле би көшесінің белгілі бір бөліктері уақытша жабылады. «Таразтрансэнерго» мекемесі директорының міндетін атқарушы Арман Бектібаевтың айтуынша, қазір қала әкімдігі полиция департаментімен бірлесе балама жолдар арқылы жол қозғалысын оңтайландыруды қолға алып жатыр.