Аида Балаева және бірқатар зиялы қауым өкілі Президент Жолдауын талқылады

0 130

«Egemen Qazaqstan» газеті редакциясында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және  бірқатар зиялы қауым өкілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын талқылады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева 11 бағыттан тұратын Жолдаудағы ең басты бағыт елдің әл-ауқатын жақсарту екенін,  сондай-ақ кезекті Жолдау ел дамуына жаңа серпін беретінін айтып өтті.

«Жолдау аясында ұйымдастырылатын шаралардың барлығы да қарапайым халықтың ертеңі үшін. Індет басталғалы еліміздің салт-дәстүрінде түрлі өзгерістер болып жатты. Оның жақсы тұстары да, жаман тұстары да бар. Ең жақсы тұстары біз осынау қиын-қыстау заманда бір ұлт болып қалыптасқанымызды көрсеттік. Қайрымдылық, бір-бірімізге деген бауырмалдылық, жомарттық деген үлкен қасиеттерімізді көрсете білдік. Десе де індет кезінде ақпарат құралдарында қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатса да кей кезде тәртіпке бағынбайтын тұстарымыз да болды. Бұл ретте Президент өз Жолдауында Абай атамыздың кезінде айтып кеткен даналық сөздерін бүгінгі заманмен байланыстырып өтті. Яғни, адамдардың бойындағы теріс әдеттер туралы. Оның ішінде ысырапшылдық, дарақылық, жауапсыздық, салмағы жоқ салт пен дәстүр. Бұл теріс қылықтардың барлығынан біз толықтай арыла қойған жоқпыз», — дей келе Аида Балаева ендігі мақсат халықтың сана сезімін жаңғыртып, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру екенін атап өтті.

Бұдан соң, министр Президент айтып өткен жаңа қасиеттердің барлығын әрбір қазақстандық өз бойына сіңірген жағдайда мемлекетіміз жаңа деңгейге шығатынын сөз етті.

«Жолдауды іске асыруда көптеген міндет күтіп тұр. Осы мақсатта бүгін зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, жұмысты қалай ұйымдастырамыз, қандай іс-шаралар қолданамыз және ақпарат жұмыстарының мазмұнын қалай өзгертеміз деген сұрақтарға жауап іздеп, талқыға салуды жөн көрдік», — деді А.Балаева.

Өз кезегінде сөз алған Мәжіліс депутаты Дархан Қамзабекұлы әр Жолдау реформаларды жүзеге асыру үшін жасалатынын айтты.

«Президенттің кезекті Жолдауында сабақтастық бар. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 5 жыл бұрын Елбасы көтерген мәселелердің көпшілігін әрі қарай жүзеге асырудың жолдарын ұсынды. Президент Жолдауда «кеш қабылданған шешімнің өзі жай ғана зиян емес, ол ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді» деді. Біздің бүгінгі жиын да өте дер кезінде жасалып отыр. Әр депутаттың тиімділігі болуы керек. Сонда ғана жақсы сапалы заңдар болады. Біздің атқарушы билік те заңға  жай қарай салмай, бүкіл болашақ стратегиялық мақсатын орындауын көздеуге барынша атсалыссын деп айтып отыр. Меніңше ол өте дұрыс мәселе», — деді Дархан Қамзабекұлы.

Дөңгелек үстелге жазушылар, зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, ақындар және баспасөз өкілдері қатысты.

Жиын соңында Аида Балаева «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшілерімен кездесіп, атқарып жатқан жұмыстары үшін алғыс білдірді.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.