Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстан Президенті мен Иордания Королі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Иорданияны саяси және экономикалық тұрғыдағы ортақ мүдде ғана емес, дін, толеранттылық дәстүрі және өзара құрмет секілді ғасырлар бойғы құндылықтар біріктіреді. Екі ел әлемге сан алуан мәдениет пен конфессиядағы халықтардың тату-тәтті өмір сүріп, адамзат дамуына үлес қоса алатынын көрсетті.
Өз кезегінде Король II Абдалла Қазақстанмен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Аммандағы кездесу барысында тараптар тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқанын еске салды. Қазақстан Иордания нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын.
Президент «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компаниясының (JUMCO) атом өнеркәсібін дамыту саласындағы ынтымақтастығына қолдау білдірді.
Президент Иордания делегациясына еліміздің халықаралық көлік-логистика желісін кеңейту бастамалары туралы мәлімет беріп, Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында интермодальді жүк тасымалын бірлесе өркендету мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор.
Өз кезегінде Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге ниетті.
Сонымен қатар Royal Jordanian әуе компаниясы келесі жылы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қадам екі елдің азаматтары мен іскерлік ортасының байланыстарын жандандырады.
Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізіп, университеттер арасында серіктестік орнатуға қызығушылық танытты.