Ауыл әкімін халық сайласа…

74

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсарту үшін халықтың өзін осы іске белсенді түрде тарту қажеттігін баса айтып өтті. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне қатыстыруға бағытталуы керектігін нақты атап көрсетті.

Президент аталған Жолдауында «Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды.
Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын.
Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», деді.
Демек келер жылдан бастап өкілеттік мерзімі аяқталған ауылдық округ әкімдерін сол ауыл тұрғындарының өзі сайлауы мүмкін. Өйткені елде жүргізіліп жатқан саяси реформаның бір бағыты жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамытуға арналып отырғанын көрсетеді.
Мәселен осыдан 2 жыл бұрын халық саны 2 мыңнан асатын елді мекендерде дербес бюджет енгізілгені есте. Нақты айтқанда мұндай ауылдар салықтың бірнеше түрінен түсетін бюджет түсімін өздері пайдалану құқығына ие болды. Яғни толғандырған кейбір әлеуметтік мәселені ауданға жалтақтамай, өздері-ақ шешу мүмкіндігіне қол жеткізді. Ол елді мекендердің өз қазанына өзі ие болу арқылы қаржылық мүмкіндіктерінің кеңейтілуі жемісті нәтиже бергендіктен, биылдан бастап осы жүйемен жұмыс істеуге барлық ауыл көшті. Нәтижесінде жергілікті тұрғындардың да өз ауылының экономикалық әлеуетін арттыру, ауыл көшелерін жөндеу секілді басқа да өзекті мәселелерді шешуде белсенділік таныта бастағаны аңғарылды. Осы арқылы билік пен халықтың арасы жақындай түсті.
Ал ауыл әкімдерін сайлауға қатысты Жолдау жүктеген міндет халықтың саяси белсенділігін арттырып, ел дамуына соны серпін беретіні анық. Бүгінде ауыл әкімдерін сайлау мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп, сан түрлі пікірлер айтылуда. Мәселен жұртшылықты «Келер жылдан бастап ауыл әкімін халық өзі сайлайтын болса, ол қалай жүзеге асырылады?», «Үміткерді кім ұсынады?» деген сауалдар толғандырып жүргені анық. Себебі бұған дейін ауыл әкімін аудан әкімі ұсынатын, оның кандидатурасын аудандық мәслихаттың депутаттары мақұлдайтын. Осы орайда біз облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловке хабарласып, ауыл әкімдерін сайлау жүйесі қалай жүзеге асырылатынын, олар қанша жылға сайлануы мүмкін екенін сұрап көрдік. Алайда Серғали Өмірзақұлы бұл келер жылдың еншісіндегі мәселе болғандықтан дәл қазір ашып ештеңе айта алмайтынын, аталған сұрақтардың жауабы Үкімет тиісті құжаттарды қайта қарап, ережесін бекітіп бергеннен кейін белгілі болатынын сөз етті. Осы сұрақты біз әр жылдары Талас, Байзақ, Жуалы аудандарына әкім болған, бүгінде Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеевке де қойып көрдік.

– Елімізде «Әкімдерді халықтың өзі сайлауы керек» деген мәселе тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ көтерілген еді. Ғасырлар тоғысының басында, яғни 2000 жылы бұл тек тәжірибе ретінде кейбір аудандармен ауыл әкімдерін сайлау бойынша ғана өтті. Біздің облыста Талас, Жамбыл, Қордай аудандарының әкімін сол кезде жергілікті халық сайлады. Ол уақытта мен Талас ауданының әкімі болып жүргенмін. Халықтың қалауымен аудан басқару ісін қайта жалғастырдым. Ал қалған үш ауданның сол кездегі әкімдерінің екеуі тиісті дауысты жинай алмай, орнын босатқаны есімде. Сондай-ақ Байзақ, Жуалы секілді кейбір аудандарда бір немесе екі ауылдық округ әкімдерін де халық сайлаған еді. Негізінен сайланбалы жүйе біздің елімізде қолданылып келеді. Мәселен оның екі тетігі бар болса, соның бірі – әкімді халықтың өзі сайлауы, екіншісі халықтың өкілі ретінде әкімді депутаттардың сайлауы. Осының ішінде қазір біздің еліміз екінші механизмді қолданып отыр. Әкімді депутаттардың сайлауы дұрыс еместігіне көз жеткізген соң, біздің осы жолды таңдауымызға тура келіп тұр. Өйткені аудан әкімі ұсынған кандидаттың кім екенін сол ауылдан шыққан, сол ауылдан сайланған депутат қана білуі мүмкін, ал мәслихаттың қалған депутаттары ауыл әкімі қызметіне ұсынылған адамның да, ол ауылдың жағдайынан да толық хабары болмайды. Мұндайда депутат ауыл әкімі қызметіне аудан әкімі ұсынған адамның кандидатурасын мақұлдаумен ғана тынады. Ал әкімді халық сайласа, біріншіден олар ауылға жаны ашитын іскер адамды таңдайды, екіншіден ол адамнан өз міндетін жауапкершілікпен атқаруды талап ете алады.
Негізінен дамыған елдердің көбісі осы сайланбалы жүйенің халықтың тікелей қатысы бар тетігін ғана қолданады. Бір кездері Францияда болғанмын. Ол елде де басқарушы адамды халық өзі сайлап алады. Жалпы демократиялық елдерде әкім, министрлердің өзі таңдау жүйесімен, партияішілік іріктеу арқылы қызметке келеді. Біздің халқымыз да ауыл ғана емес, аудан, облыс әкімдерін өзі сайлайтын кезеңді бастан өткеретін күнге жақындап келеді, – деді Батырбек Әбдірасілұлы.

Біздің қазіргі ауыл басқарып отырған әкімдердің барлығы да аудан әкімдерінің ұсынуы арқылы жергілікті мәслихаттың сайлауымен қызметке келген азаматтар. Десе де біз бір кездері халық қалауымен ауыл әкімі болған Жуалы ауданының тұрғыны, зейнеткер Төрежан Шахановқа хабарласып, ол кісінің де пікірін тыңдап көрдік. Ол сол кезде Шақпақата ауылдық округінен ауыл әкімі атануға өзінен бөлек 4 үміткер қатысқанын айтады.

– Жасым 75-те. Еңбек жолымды сауда саласынан бастадым. Сан түрлі қызметтер атқарып, ауыл әкімі болғанға дейін аудандық нан зауытында директор болдым. 46 жылғы еңбек өтілімнің 10 жылында ауыл әкімі қызметін атқардым. Шатаспасам ол сайлау 2002 жылы өтті. Ауылдық округте 5 елді мекен бар болса, соның әр көшесіндегі 20 үй сайын бір өкіл тағайындалып, сайлауға түскен азаматтарға тұрғындар атынан тек солар ғана дауыс берді. Мен ол кезде ауыл әкімі қызметін атқарып жүрдім, қалған үміткерлер өзін-өзі ұсынды. Үміткерлердің көбісі тұрғындарды өз бағдарламасымен таныстырғанда «мен өйтемін, мен бүйтемін» деп орындалмайтын уәделерді беріп жатты. Өйткені ол кезде ауыл үшін бюджеттен мандытып қаржы бөлінбейтін. Ел күнін әзер көріп отырған өтпелі кезең еді. Мен жұртшылыққа бұл күн де бастан өтетінін, алда бізді әлі жақсы да жарқын күндер тосып тұрғанын тілге тиек ете отырып, майда-шүйде болса да тек қолдан келеді-ау деген тірліктерді орындауға уәде бердім. Халықтың өкілі ретінде таңдалған 18 адамның 10-ы маған дауыс беріп, қалғаны өзге кандидаттарды қолдады.
Шынын айтқанда маған дауыс бергендердің басым бөлігі өзге рудан болды. Осыдан кейін әкімді тұрғындар сайласа, әркім өз руының сойылын соғады деп күдіктенуге еш негіз жоқ секілді. Оның үстіне қазір елдің көзі ашық, іс басына шын маманның келгені пайдалырақ болатынын барлығы да біледі. Сондықтан әкімді халық өзі сайлағаны дұрыс, дәл қазір біздің халқымыз бұған дайын отыр деп есептеймін, – дейді Төрежан Шаханұлы.

Жалпы еліміз мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыруға тырысып-ақ жатыр. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға мемлекетіміздің баса ден қоюы соның көрінісі. Тұрғындардың өз ауылына әкімді өздері сайлап, өздеріне тиесілі бюджетті өздері жұмсауға қол жеткізуі – еліміздің демократиялық дамуға ден қоюының шынайы белгісі.

 

Нұрым Сырғабаев