Бердібек Сапарбаев «Антикор.Live» эфирі арқылы жамбылдықтардың сұрақтарына жауап берді

0 58

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңесте сөйлеген сөзінде мемлекет пен азаматтардың осы әлеуметтік зұлымдыққа қарсы күресте күш біріктірудің маңыздылығын атап өткен болатын. Қоғамдық бақылаудың жаңа түрлері және басқарушылық шешімдердің мейлінше ашықтығы қажеттігі, барлық бағыттар бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттерге жаңа серпін беру керектігі айтылған.

Ағымдағы жылдың басында Тараз қаласында құрылған облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Аntikor» сервистік орталығы өзіне жүктелген міндеттерге толық жауап береді десек артық айтпаймыз. Онда салалық ведомство мен қоғам арасында өзекті мәселелер бойынша сенімді диалог форматы жолға қойылған.

Жұма, 28 тамыз күні Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аталмыш сервистік орталыққа ат басын бұрып,  «Antikor.Live» жобасының тікелей эфиріне қатысып,  «Жамбыл-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің желісі бойынша келіп түскен сұрақтарға жауап берді.  Сұрақтар мазмұны бойынша дәрі-дәрмектің бағасы, аймақ экономикасына инвестициялар тарту, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және өзге де өзекті тақырыптар аясын қамтыды.

Мемлекет басшысының Республикалық кеңесте жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі міндеттерге тоқталған Бердібек Сапарбаев бірінші кезекте қоғамда сыбайлас жемқорлық сипатындағы кез келген көріністерге төзбеушілік ахуалын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, бұл орайдағы тағы бір маңызды бағыт ретінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын айтарлықтай жақсарту болып табылатындығын тілге тиек етті. Олар қол жетімді әрі мүмкіндігінше оңтайландырылуы керек.

Өңірде бүгінде бұл бағыттар бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, 2019 жылы бес сервистік әкімдік, мемлекеттік органдарда 16 фронт-офис ашылған. Сондай-ақ, 50 мемлекеттік мекеме «ореп space» форматында жұмыс істеуге көшті. Қазіргі таңда облыстың барлық аудандарында сервистік әкімдіктер құрылған.

Дәріханалардағы вирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі туралы сұраққа Бердібек Сапарбаев қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл жағдайлардың тұрақталғандығын айтып сендірді. Мобильді топтар бірқатар дәріханалардың жұмысы бойынша 80-нен астам заң бұзушылық фактілерін анықтап, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3,8 млн. Теңгеге айналған. Қазіргі уақытта облыстағы 200 дәріханаға қызмет көрсететін «Медсервис» ЖШС қоймаларына түрлі дәрі-дәрмектердің ауқымды көлемі жеткізілуде. Ал дәріханаларда вирусқа қарсы препараттардың 40 күндік қоры қалыптасқан.

Эфир барысында тараздық Құралай Самиева облыс әкіміне Барысхан массивіне электр энергиясын жеткізуге қатысты мәселемен жүгінді. Оның айтуынша, аталған тұрғын алабындағы үйлерге электр энергиясы уақытпен беріледі десек, ал көшелер жарықпен мүлде қамтылмаған. Бердібек Сапарбаев бұл мәселені тексеруге уәде беріп, ол бойынша Тараз қаласының әкіміне нақты тапсырма жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.