Бірқатар нысандарды аралады

0 101

Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров Төле би ауылы мен Шу қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ең әуелі аудан орталығындағы аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінде болып, ғимараттың қазіргі жағдайын көзбен көрді. Көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы Дархан Заурбековтың айтуынша, ғимарат ескірген. Оның үстіне бірінші қабаттағы мұрағат бөлмесі 2017 жылы өртеніп, әлі күнге дейін толық жөндеу жүргізілмепті.

Бұдан кейін аудан басшысы қалалық Мәдениет үйі мен бұрынғы механикалық жөндеу зауытының ғимаратын аралап көрді. Қаланың орталық көшесінде орналасқан механикалық жөндеу зауытының ғимараты ширек ғасырға жуық уақыт бойы қаңырап бос тұр. 2007-2008 жылдары нысанның екінші қабатында балабақша ашылғанымен, қазіргі кезде оның жұмысы да тоқтатылған. Орталық су жүйесіне қосылған ғимарат бүгінде кәсіпкер Никон Кимнің иелігінде екенін де айта кету керек. Өз кезегінде аудан әкімі Н.Сәбитұлы қаланың қақ ортасынан орын алған ғимаратты кәдеге жарату керектігін жеткізіп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың қолға алынатындығын айтты. Сонымен бірге аудандық полиция бөлімінің ғимараты да ескірген. Аудан басшысы мұндағы жұмыстарды да бақылауға алып, полиция бөлімін тұтастай жаңа ғимаратқа көшіру мәселесін де қолға алу керектігін тілге тиек етті.

Аудан әкімінің қаладағы жұмыс сапары Шу локомотив пайдалану депосында жалғасын тапты. Қазіргі кезде мұндағы қызметкерлер ұзындығы 1231 шақырым болатын шойын жолға қызмет көрсетеді. Шу локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Қуат Молдабаевтың айтуынша, аталмыш мекеме үлкендігі жөнінен республика бойынша екінші орында тұрған көрінеді. 1183 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған нысанның жұмысы тап-тұйнақтай деуге болады. Деподағы жөндеу жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Ал «Қамқор локомотив» ЖШС «Шу локомотив жөндеу зауытында» бұрнағы жылдардағыдай қарқын жоқ көрінеді. 2015 жылға дейін зауытта екі жарым мың адамға дейін еңбек етсе, осыдан бес жыл бұрын 800 адам жұмыстан қысқартылыпты. Бүгінгі таңда мұнда бар-жоғы 300-ден аса жұмысшы еңбек етуде. Аталмыш мекеменің еңбек қарқыны едәуір жоғары кезде айына 7-8 тепловозды күрделі жөндеуден өткізуге қауқарлы болса, бүгінде ай сайын 40 электровоз бен бір тепловозды ғана шағын жөндеуден өткізеді екен. Сонымен қатар, болат жолдың бойына қан жүгіртіп отырған №35-ші Шу белгі беру және байланыс дистанциясының да жұмысы  ширақ. 275 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекемедегі құрылғылар ескі болғанымен, жарамдылығы әлі де ұзақ жылдарға жететінін айта кету керек.

Теміржолдың бойындағы бірқатар мекемелерді аралап шыққан Нұржан Сәбитұлы қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына атбасын бұрды. Қала әкімі Садан Жаңғарашев қазіргі кезде көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына ойын алаңшаларын соғу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Аудан басшысы ойын алаңшалары мен екі қабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңартуға бағытталған жұмыстар ағым-дағы айдың аяғына дейін аяқталу керектігін ескертті. Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап «Үздік аула» байқауы бастау алмақ. Аудан әкімі дәл осы байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырып, қала тазалығы мен көпқабатты үйлердің келбетін келісті етуге тұрғындарды да мүдделі ету керектігін айтты. Байқау шарты бойынша үстіміздегі жылы үздік шыққан тұрғын үйдің ауласына соңғы үлгідегі ойын алаңшаларын салып беру қажет екенін ескертті.

Ерғали АСХАТҰЛЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.