«Көрінбейтін әкім» кімге керек?
«Көрінбейтін әкім» кімге керек?
Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Байзақ ауданында болды.
Өңір басшысы алдымен аудандағы облыстық мəндегі «Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ» автомобиль жолының Қостөбе учаскесінде атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Жоба бойынша бұл бағыттағы жол құрылысына бюджеттен 2 миллиард 159 миллион теңге бөлініпті. Бүгінде құрылыс жұмыстары 99 пайызға аяқталған. Мердігер «ҚазақЖолҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс жұмыстарын талапқа сай жүргізгені көрініп-ақ тұр. Серіктестік өкілінің айтуынша, құрылыс басында қазір 68 адам жұмыс істеп жатыр. Ауылды кесіп өтіп жатқан күре жолдың екі қапталына қатарласа жаяу жүргіншілер жолы түскен. Қазіргі таңда құрылысшылар жол бойындағы үйілген құмдарды жайып тегістеу үстінде. Сондай-ақ, жол бойындағы аялдамалар мен әлеуметтік нысандарға кіріп-шығатын бөліктеріне де асфальт жабыны төселіп, ретке келтірілген.
Облыс əкімі Бердібек Машбекұлы серіктестік өкіліне жолдың шетіне үйілген құмды жазып, ертерек ретке келтіруді тапсырды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолына жақын орналасқан су лотоктарына назар аударды. Аудан әкімі Нұржан Нұржігітовтің айтуына қарағанда Қостөбе ауылына 4-5 бұлақтан мол су келіп, тұрғындардың бақша суаруына жағдай жасалыпты. Сондай-ақ, өңір басшысы аудан әкіміне жолдың шетін абаттандыру мәселесін қолға алуды міндеттеді.
Бұдан кейін, аймақ басшысы Сарыкемер ауылындағы Кенен Əзірбаев атындағы балалар саз мектебінің күрделі жөндеу жұмысын көрді. Құрылыс жұмыстары жаңа басталған ғимаратты «Жолаушы-СКШ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеуде. Нысанға «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 98 миллион теңге бөлініпті. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ғимарат іргетасының төмендігіне баса назар аударып, оның ұзақ шыдас беретініне күдікпен қарады.
Серіктестік директоры бұл ғимараттың әлі кемі 25 жыл қызмет етуге жарайтынын айтты. Іргетасының мықтылығын ішіне кірген тұста нақты дәлелдер келтіре отырып, баян етті. Саз мектебін серіктестік желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Осы жобамен Қосақ ауылындағы Қосақ негізгі мектебі де күрделі жөндеуден өткізіліпті. Бердібек Сапарбаев мектептің сынып бөлмелерін аралап, оқып жатқан оқушылармен әңгімелесті. Мектеп ауласынан шыға бергенде өңір басшысы мектеп тұсынан өтіп бара жатқан ауыл қариясы Бекен Сапақовты тоқтатып, ауыл тіршілігі туралы әңгімелесті. Ауыл қариясы да осы кездейсоқ кездесуді пайдаланып, ауылда қордаланған біраз мəселе төңірегінде сыр ақтарды.
Келесі кезекте аймақ басшысы Диқан ауылдық округіндегі «Чаушов Камал» шаруа қожалығының 25 гектар алқапқа егілген қант қызылшасын көрді. Қожалық төрағасы бір гектардан 650-700 центнерден өнім жинап, толайым табыс тауып жатыр екен. Алдағы жылы да осында қызылша екпек.
Бұдан кейін, өңір басшысы Мырзатай ауылындағы «Белқожа» каналының, Бурыл ауылындағы Бурыл орта мектебіндегі ағымды жөндеу жұмысымен, «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» облыстық мəндегі автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ Байзақ ауданы