«Шалғай Қарасудағы» мектеп құрылысы неге сылбыр жүруде?

0 192

Тараз қаласын аралау барысында  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев спорт нысаны, мектеп және айналма жол құрылысының құрылысымен танысты.

Жақында ғана облыс орталығының бір бөлігіне айналған «Құмшағал» тұрғын алқабында осы уақытқа дейін бір ғана спорттық нысан – жасанды жабыны бар шағын футбол алаңы жұмыс істеген еді. Енді осы ауылдың түлектері, кәсіпкерлер Мақсат Сүлейменов пен Бақтияр Тоғайбаевтың арқасында алқапта жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен аула клубы ашылмақ. Кешен құрылтайшысы «БАК Industry» компаниясы жобаға 183,5 миллион теңге бөліп отыр.

Спорт кешені бокспен және күреспен айналысуға арналған залдармен қамтылмақ. Қазіргі уақытта нысанның іргетасы құйылып, қабырғалары қаланып жатыр. Іргелес аумақты абаттандыру, аллея салу жұмыстары жоспарланған. Кестеге сәйкес нысан келесі жылдың Наурыз мейрамы қарсаңында толық дайын болуы тиіс.

Сонымен қатар  меценаттардың жоспарында үлкен футбол алаңы мен 260 орындық трибуна салу бар. Кешеннің футбол алаңына «Ұлан» стадионы өзінің ескі жасанды жабындысын беруге уәде етіпті.

Нысанмен танысқан өңір басшысы жергілікті билік мұндай бастамаларды әрдайым қолдайтынын атап өтті. Бұл Елбасының бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» жобасын жүзеге асырудың жарқын мысалы саналады.

Өз ауылының патриоттары Мақсат пен Бақтияр жеке қаражаттарынан бес көшені жарықтандыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар атпал азаматтар су мұнарасын да өз күшімен жөндеуге ниетті. Бердібек Сапарбаев олардың бұл бастамасын оң бағалап, жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді.

Ал «Шалғай Қарасу» алқабының бүлдіршіндері келесі жылы 600 орындық заманауи мектепке білім алмақ. Әйтсе де ағымдағы жылдың маусым айының ортасында басталған жұмыс өте сылбыр жүріп жатыр.

Құрылысты екі ай бұрын қолға алған мердігердің іргетас құю жұмыстарын аяқтауы өңір басшысына ұнай қоймады. Бұл орайда Бердібек Машбекұлы «Темір-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшыларының назарын мерзімі бекітілген кестені сақтау, құрылысқа қосымша жұмысшыларды тарту мәселесіне аударды.

Сондай-ақ облыс әкімі Қырғыз Республикасының шекарасына қарай оңтүстік айналма жолдың 16 шақырымдық учаскесінің құрылысымен де танысты. Келесі аптаның соңына дейін 6,2 шақырым жол төсемі мен жаяу жүргіншілерге арналған жолды асфальттау жұмыстары аяқталады.

Жоба аясында  аялдамалық павильон, Талас-Аса каналының үстінен көпір салынып, газ және су өткізу құбырлары қайта жаңғыртылып жатыр.

Құрылысшылар бекітілген жоспардан едәуір алда келеді. Ауа-райы кедергі келтірмесе құрылысты мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік бар.

  Негізгі автомагистральдар арқылы транзиттік қозғалысты азайтып, жолдың қызмет ету мерзімін арттыратын жобаның өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін маңызы зор.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.